https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Шүкіршілік шындығы

03 Apr 2019 0 comment Оқылды: 1112 рет

Шүкіршілік дегеніміз – Өзін жоқтан бар еткен Жаратушысына қандай жағдайда да разылығын білдіре отырып, жүрегімен, тілімен және денесімен құлшылық жасауы. Алла Тағаланың адам баласына бұйырған құлшылықтың бірі – шүкіршілік. Ол жайлы Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресі 152 аятында: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»,-дейді.
Бүгінде кейбір пенделер шүкіршілікті ұмытып, өздеріне Жаратушы ешнәрсе бермегендей күн кешіп жүр. Алайда, Алла Тағала шүкірсіздікті сүймейді. Құранның Нахл сүресі 78 аятында Алла Тағала шүкір етуді әмір етіп былай дейді: «Алла (Т.) сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер». Ендеше, шүкір ету – әрбір момынның білуі, атқаруы тиіс болған ғибадаттың бірі. Бұл адам баласына тегін берілген мүшелердің қадырін, ауырған адам ғана түсінетіндігі анық.
Шайтанның бүтін күш-қуаты, адамдарды Аллаға шүкір етуден және Алланы мадақтаудан тосуға бағытталған. Шайтанның ондағы мақсаты да адамды тура жолдан, Алла сүйетін құлшылықтарды толық жасаудан тыйюға үндеу, өзімен бірге тозаққа тоғыту еді. Сондықтан кейбір адамдар Шайтанның азғырып, ертең орны толмас қайғы қасыретке ұрындырғалы тұрғанын ойлағысы да келмейді. Ол жайлы Құранда Ағраф сүресі 16-17 аятында: «(Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді»,-делінеді..
Жаратушы Алла пенделерін сынау үшін жаратты. Адам баласы дүние тіршілігінде денсаулық пен байлық жағынан бірдей болмайтыны анық. Біреу ауру, біреу сау, біреу кедей, біреу бай, біреу бақытты, біреу бақытсыз. Бірақ, шүкір ету үшін адам баласы қандай жағдайда да өзінен төмен адамдарға қарап, ең соңғысы дүниеден өткен адамға қарап шүкр мен тірімін деп, өзіне берілген нығметтерге қанағат тұтуы керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бір хадисінде: «Дүние істерінде өзінен төменге қарау, дінде (діни үкімдерді орындауда) өзінен жоғарыларға қараған адамды Алла Тағала әрі сабырлылардың, әрі шүкір етушілердің қатарында қылады. Ал, дүние тіршілігінде өзінен жоғарыларға қарап, дінде өзінен төмен болғандарды місе тұтқан адамды Алла Тағала сабырсыздар мен шүкірсіздердің қатарында қылады»,-дейді.
Бірде Хазіреті Омар (р.а) бір адамның «Иә, Алла! Мені сол аздардың қатарында қылғын!» деп дұға жасағанын естиді де;
– Бұл қандай дұға?-деп сұрайды. Дұға жасаушы болса:
– Алла Тағала; «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» демеді ме? Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді,-деп жауап береді. Сонда Хазіреті Омар:
– Омардан басқаның бәрі хабардар (білгір),-дейді.
Алланың берген нығметтерін еске алып, шүкіршілік етіп отыратын болсақ, бұл ісіміз нығметтің баяндылығы мен одан ары көбеюіне себеп болады екен. Ал, шүкірсіздік жасайтын болсақ, ол Алланың азабына ұшырауымызға себеп болатындығы аятта баяндалған. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатал»,-делінеді.
Айшадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын):
«Алла Тағала қайсы бір құлына нығметін жеткізгенде әлгі құл ол нығметті Алладан екенін білсе, сол нығмет үшін шүкірлік айтпай тұрып-ақ (Алла алдында) шүкірлік еткен болып жазылады. Кімде-кім күнә жасап, істегені үшін өкінер болса, кешірім сұрамай тұрып-ақ Алла оған кешірім жазып қояды. Кімде-кім бір, я да жарты динарға киім алып, ол үшін шүкірлік етсе, ол киімінің етегі тізесіне жетпестен Алла оған кешірім жасайды» дейді (Хаким).
Ақиқатында, Раббымыз құл-дарының шүкірлігіне мұқтаж емес. Бұл Құран Кәрімде: «Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік қылса, расында Раббым Бай һәм Жомарт» («Нәміл» сүресі, 40-аят), – деп анық айтылған.
Тіршіліктің түрлі кезеңдерінде бастағы бақтың қадірін біліп, шүкір ету нағыз иманды пенденің белгісі. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының (р.а.) алдына шы-ғып: «Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?», – деп сұрапты. Сонда сахабалар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!», – деп жауап беріпті. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Имандарыңның белгісі қандай?», – деп сұрапты. Сахабалар (р.а.): «Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз», – депті. Сонда Расулалла (с.ғ.с.): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген.
Алланың пендеге берген нығметі шексіз. Құранда: «...Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар...» (Ибраһим, 34 аяты)
Үлкен кісілер бардың қадырін білу үшін жоғалту керек деп айтатын. Алла берген нығметтердің қадырін жоғалтпай тұрып білетін, жүрегімен, тілімен және денесімен шүкіршілік, құлшылық ететін ізгі құлдарынан болуды нәсіп етсін!


Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз