https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Су ішудің әдебі

09 Mar 2019 0 comment Оқылды: 4680 рет

 

Қасиетті дініміз Ислам – әдепке толы дін. Әр нәрсенің өз алдына әдебі бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне су ішудің де әдебін үйреткен. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ешбір адам сусынды түрегеліп тұрған қалпында ішуші болмасын. Ал кім ұмытып кетсе, құсып тастасын» деді». (Муслим). Су ішпес бұрын ыдысқа үңіліп қараған жөн және ыдысты оң қолға ұстау керек. Сондай-ақ, суды сіміріп ішуге болмайды, сүннетте арасында үзіліс жасау бұйырылады. Тағаммен бірге су ішу сүннетте де, медицина да құпталмайды. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ыдыстың ішінде тыныстауға тыйым салған. Терлеп тұрғанда суық су ішу және ұйқы арасында су ішу бұлар денсаулыққа зиян. Хадис шәрифте: «Суды түрегеп тұрып ішпеңдер, денсаулыққа зиян. Тек дәреттен артылған су және зәмзәм шәриф түрегеп тұрып ішіледі» делінеді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл хадистерінен алар хикмет – суды асықпай ұрттап ішкен адам оның дәмін сезеді. Дәрігерлік практикада қатты шөлдеген науқастардың жылдам, бір деммен ішкеннің кесірінен жүректері тоқтап қалған кездері болған, сол себепті аз мөлшерде ұрттап ішкен абзал.

Әбу Сағид әл Худриден жеткен хабар бойынша Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жарық ыдыстан сусын ішуге және ыдысқа үрлеуге тыйым салған. Сырт көзге ештеңе болмайын сияқты көрінетін бұл әрекетте денсаулыққа зиянды болып табылады. Ал сынық, жарылған ыдыстан тамақ ішпеудің даналығы, сол жарыққа зиянды заттар жиналуы және ішуші адамды жиіркендіруі мүмкін, сол сияқты адамды жаралауы ықтимал.

Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз: (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Түйе секілді бір демде ішпеңдер. Екі, үш демде ішіңдер. Бір нәрсе ішетін кездеріңде «бисмиллә» деп, ішіп болған соң «әлхамдулиллә» деңдер», – деген.

Бұл хадистерден білгеніміздей, мұсылман суды бірнеше бөліп, демалып барып ішуі тиіс. Мүслимнің риуаятында суды үш бөліп ішудің пайдасы жайлы баяндалған. Онда: Үш демде су ішкен адамның шөлі жақсы қанады.

Суды үш бөліп ішу денсаулыққа да тиімді, асқазанға да пайдалы, – делінген.

Әбу Сағид әл-Һудриден риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асты не суды үрлеп ішуге болмайтындығын айтқан. Осы кезде бір адам Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Ішетін нәрсеме қоқыс түсіп кетсе не істеймін? – дейді.

– Түскен нәрсені төгіп таста, – дейді Алла Елшісі. Әлгі адам тағы да:

– Бір деммен су ішсем, шөлім қанбайды, – дейді.

– Олай болса, аузыңды ыдыстан ал, – деп жауап береді.

Міне, бұл хадистен де бір деммен су ішкен адамның шөлі қанбайтыны айтылған. Сол үшін Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ыдыстан аузыңды тартып, деміңді алып алуды өсиет еткен. Жоғарыдағы хадистен Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сусынды не асты үрлеп ішуден тыяды су ішкенде ыдыстың тазалығын қамтамасыз етуі үшін де Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған мұқияттылық танытуды ескерткен. Демек, мұсылман сусын ішкенде:

  1. Ыдысты оң қолына алып, «бисмиллә» деп ішу. Сіміріп емес, асықпай отырып ішу. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Суды іше отырып, жәй ішіңдер, сіміріп салмаңдар, себебі өкпе ауруы сіміріп ішкеннен пайда болады» -деген.
  2. Тік тұрып та, жатып та ішпеу. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұрып ішуге тыйым салған. Пайғамбарымыздың тұрып су ішкендігі риуаят етілсе де, бұл белгілі-бір үзірге байланысты болуы мүмкін.

3.Ыдыстан үстіне су тамбауына көңіл бөлу.

4.Су ішерден бұрын ыдыстың ішіне қарау.

5.Ыдысқа кекірмеу және дем үрлемеу.

  1. Ыдысты қолына алып «әлхамдулиллә» деп, «бисмилләмен» қайта ішеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) су ішкеннен кейін: «Өзінің рақымымен бұл суды тұщы және тұнық қылған, қүнәларымыз себепті тұзды әрі ащы етпеген Аллаға шүкірлер болсын» – дейтін.
  2. Ыдыс және басқа да көпшілікке ұсынылатын нәрселер оң жақтан бастап беріледі. Бірде Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ыдыстағы сүттен ішеді. Сол жағында Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын), ал оң жағында бір бәдәуи араб отырады. Омар (р.а.) шетте отырған болатын. Ол:

- Әбу Бәкір берсеңізші, – дейді. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Оң жақ, сосын оң жақ, – дейді.

  1. Суды үш бөліп ішу. Су ішпестен бұрын. «бисмиллә» айту және соңында Аллаға шүкір айту. Бірінші ішкеннен кейін «әлхамдулиллә» дейді. Екінші ішкеннен кейін «әлхамдулилләһи Раббил аламин» дейді. Үшіншісінде «әлхамдулилләһи Раббил аламин, аррахманир-рахим» дейді.

Хадис шәрифте: «Күнәсі көп адам көп су таратсын!» делінген. Көп адамға су беретін кезде алдымен ғалымдарға, сосын үлкен кісілерге, ең соңынан кішкентай балаларға беріледі. Ішкенде, жегенде, жүргенде, отырғанда да осы рет сақталады. Өзі соңынан ішу керек. Қасында отырғандарға бір нәрсе берерде өзінің оң жағында отырған адамнан бастайды. Ол да оң жағындағысына беру арқылы жалғасады. Оң жақтағы адамның рұқсатымен бірінші сол жақтағы адамға берілсе де болады. 

Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) былай жеткізген: Сағд бин Әби Уаққас (Алла одан разы болсын) дәрет алып жатқанда Расулулла (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны көріп қалды.

- Ей, Сағд! Суды неге ысырап қылып жатырсың? – деп сұрады.

- Дәрет алғанда да ысырып болады ма? – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Үлкен өзеннің жағасында болса да, дәретте қажетінен артық су қолдану ысырап болады, - деп ескерткен.

Жоғарыдағы суға қатысты әдептің барлығы Алла Елшісі мен сахабалардан риуаят арқылы жеткен сондықтан сүннетке сай амал етсек шөлімізді де басып, сауап та табамыз.

 

Көксу аудандық Балпық би мешітінің

бас имамы Е.ЕРІМБЕТ

 

 

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз