https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ахыретті ұмыттыратын нәпсінің қалауы

08 Mar 2019 0 comment Оқылды: 1107 рет

Нәпсі – адам баласының жан дүниесі және өмірге деген құштарлығын оятатын сезім. Сол себепті ғалымдар нәпсіні үшке бөліп қарастырған.
Бірінші нәпсі – адамды жамандыққа әмір ететін, әр қашанда басқаларға үстемдік жүргізуді қалайтын, «барлығы менікі болса, ешкім мені мазаламаса» деген ойды ұстанатын, өктем мінез арқылы өзгені қор санап, әлсізді тұқыртудан ләззат алатын нәпсі. Барша әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала бұл туралы қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Жүсіп» сүресі, 53 аятында: «Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» – деп нәпсінің жамандыққа еруші екендігін айтады.
Лұқман Хәкім өз ұлына: «Ей, балам, адамның нәпсісін семіртетін мол тамақ пен көп ұйқыдан сақ бол! Ол қияметте пендені құр алақан қалдырып, ізгі амалдардан жұрдай қылады» – деген екен. Бүгінгі уақытта біз тәтті тағам мен алаңсыз демалысты жақсы көреміз. Тіпті, өмірлік серігімізге айналдырдық. Нәпсісін дәл осылайша еркіне жіберген адамның екі өмірде де қор болатыны ақиқат. Атап айтсақ, бұл қоғамдағы жезөкшелік, жемқорлық, маскүнемдік, нашақорлық, зорлық-зомбылық атаулының бәрі де тәрбиесіз кеткен нәпсінің жемісі. Мұндай нәпсінің иесі кеткен қателігіне, жасаған күнәсына өкінбейді. Керісінше кемшілігін көзге ілмей, солай болуы керек деп есептейді. Адамды құрдымға әкететін ондай нәпсінің иесі зор өкінішке қаларын білсін.
Екінші нәпсі – адамды үнемі жазғырып, шалыс басқан қадамына өкіндіріп отырады. Алла елшісі (с.ғ.с) мүбарак хадисінде: «Барлық адам баласы қателеседі. Бірақ қателесушілердің ең жақсысы – күнәсіне өкініп, тәубе еткені» – деген. Олай болса адамның қателікке ұрындырған нәпсіні үнемі жазғырып, өкіндіріп отыруы керек. Ұдайы адамға: «Неге бұлай жасадым?» – деп ескертіп отыратын нәпсімен әрқашан сөйлесіп, түзетуге тырысу керек. Әйтпесе, мұндай нәпсінің иесі жасаған қателік, кемшілігінің дұрыс емес екенін білгенімен, аяғын шалыс басуын тоқтата алмай, қателікке қайта ұрынудан тыйыла алмай қиналады.
Дін ғалымдары: «Үш түрлі күрес бар. Бірінші – дін дұшпандармен, екінші – надандықпен, үшінші – нәпсімен күресу керек» – деген. Раббымыз бұл туралы қасиетті Құранның «Ғанкабут» сүресінің 69 аятында: «Сондай жолымызда күрескендерді әлбетте тура жолдарымызға саламыз. Рас Алла жақсылық істеушілермен бірге» – деп нәпсімен күрескен жанға қолдау болатынын білдіреді. Ондай нәпсі жайында даналықтың мәйегін ішкен ғалымдар: «Ол асау ат іспеттес. Оны бірден ерттеп мініп, жуасыту мүмкін емес. Әуелі жеммен қолға үйрету керек, кейін ноқта салып, артынан ерттеген соң ғана мінуге болады. Бірақ оны өз еркімен жіберуге болмайды» – дейді.
Жаратқан Алла Тағала Құранның «Қиямет» сүресінде: «Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін» – деп адамды жазғырушы, кемшілігін айтушы нәпсі жайында ескертеді. Кеткен кемшілікке, болған қателікке сөгіс беруші, адамды үнемі жазғырып отыратын нәпсіні дін ғалымдары мұсылманның нәпсісі деп атайды. Олай болса: «Сендерден есеп алудан бұрын өз-өздеріңнен есеп алып көріңіздер» – деген әділетті халифа Омар әл Хаттабтан қалған әйгілі сөзді ұдайы еске алайық. Иә, әркім өзін тәрбиелеу жолында: «Мен отбасымда қандай әкемін, қандай жармын? Досыма қандаймын? Туған-туысқа қандай бауырмын? Көршіме қандай қарым-қатынастамын? Қол астымдағыларға қандай басшымын? Басшыға қандай қызметшімін?» – деген сұрақтардың жауабын іздеу арқылы өзінің асау аттай нәпсісіне тізгін салып, жуасыта алады.
Үшінші нәпсі – тек жақсылыққа қадам басып, жамандықтан қашатын бақытты жандарға тиесілі. Мұндай нәпсіні Жаратқан Алла Тағала «Фажр» сүресінің соңғы аяттарында: «(27) Әй орныққан нәпсі! (28) Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт! (29) Енді құлдарымның арасына кір! (30) Сондай-ақ жаннатыма кір!» – деп дәріптеп, жұмақпен сүйіншілейді. Біздің қатарымыздағы осындай нәпсіге ие бауырларымызды: «Өз өміріме разы болумен қатар, Алла Тағаланың разылығын алу үшін не істеу керек?» – деген ой мазалайтыны анық. Ол үшін сізді үнемі игілікті іске шақырып тұратын нәпсіңіз ізгі амал мен жақсылық жасаудан ләззат алып, ұдайы ізгілік пен жақсылыққа, адалдық пен төзімділікке, әділдік пен туралыққа, парасаттылық пен білімділікке, төзім мен сабырға үйретуі тиіс. Адам баласы әрқашан нәпсі қалауын тыйып, тек жақсы істерге бет алуды қолдап-қуаттап отырса оның өмір деген сапары адалдық пен тазалықта өтпек. Бірақ мұндай жан қалауы әркімнің қол жете бермейтін биік белес іспеттес. Орныққан нәпсінің иесі жайлы ғалымдар: «Раббымыз періштелерді жаратып, оған ақыл берді, нәпсі бермеді. Хайуанды жаратып, оған нәпсі берді, ақыл бермеді. Ал адам баласына нәпсі де, ақыл да берді. Пенде нәпсісін ақылға жеңдірсе періштеден құрметті болады, ақылын нәпсіге жеңдірсе хайуаннан жаман болады» – деген.
Бұл өмірде ақыл мен парасатын нәпсіден артық қойып, перштедей таза қалпында із қалдырған қаншама адам бар?! Ал нәпсінің жетегінде хайуаннан төмен болып, ақымаққа айналған ит өмірдің иесі күнделікті кездесіп жатады. Біз кейде ғибратқа толы ғұмыры үлгі-өнегеге айналған ертедегі адамдардың өміріне таң қалып жатамыз. Өйткені, олар өз нәпсісін жақсылыққа тәрбиелей алған жандар еді. Мысалды алыстан іздемей-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллалауһи ғалейһи уассалам) ғибратты ғұмырына үңілсек жеткілікті. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ей, Мұхаммед сен көркем мінездің иесісің!» – деп дәріптеген Алла елшісі (с.ғ.с) өз нәпсісін ешқашан жоғары қоймаған. Соған сай Раббымыз оның дәрежесін екі өмірде биік еткені белгілі. Олай болса Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) үмбеті әрқашан нәпсіні тәрбиелеуден жалықпауы керек.


Мұхаммед Ордабай
«Жетісу» мешітінің бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз