Ислам – әр нәрсенің өз шегінде орындалғанын мақұл көретін дін. Яғни, діни болсын, дүниелік болсын, кез келген істе шектен шықпауды, және өз деңгейіне жеткізуді жөн көреді. Себебі, шектен шығып кетсе тепе-теңдік бұзылады, бүлінушілік басталады. Ал, шамадан аз жасау – енжарлыққа, жалқаулыққа, немқұрайдылыққа соғады. Ол өз кезегінде кез-келген істі орта жолдан тәрк етуге апарады.
Сол себептен де Ислам ғалымдары бірауыздан орта жолды ұстануды қолдайды. Себебі, Ислам – соңғы дін, сондықтан да адам баласының туғаннан бастап, өлгенге дейінгі барлық іс-әрекетін реттеп, тура жолды салып берген.
Құранда «Осылайша сендерді (шектен шығу мен кемшілік атаулыдан арылған) орташа үммет еттік!» (Бақара сүресі, 143-аят) деген аят та мұсылманның орта жолды ұстануы қажет екеніне дәлел.
Ал, енді орта жол дегеніміз не? Бұл – құлшылықта шаршап, жалықпайтын дәрежеде істеу, ал дүниелік жұмыста - өзіңе зиян келтірместен өзгеге жақсылық істеу.
Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шүбәсіз, бұл дін – жеңіл дін. Адам баласы қанша жерден шамасынан тыс құлшылық жасаймын деп, дінде тыраштанса да, бәрібір дін әрқашан одан үстем болады. Ендеше, әрбір істе (әсірелік пен селқостыққа бармай) тура әрі орта жолды ұстаныңдар. Әр істі кемеліне келтіре орындаңдар. Егер оған шамаларың жетпесе, мейлінше тиянақты істеуге тырысыңдар. Солай істейтін болсаңдар, қуана беріңдер. Сондай-ақ, таңғы және кешкі уақыттарды, әрі түннің соңғы бөлігін (екі дүниенің бақытына бөлену үшін) тиімді пайдаланып, Алладан жәрдем тілеңдер», - делінген.
Яғни, біз еңбектенсек те, демалсақ та, ішіп-жеу мен киім киюде де орта жолды ұстануымыз қажет екен.
Сонымен қатар Құранда «Сараң да болма, қолы мүлдем ашық жан да болма! (Өйткені елдің) табалауына тап болып, қасірет шегесің!» (Исра сүресі, 29-аят) деген аят бар.
Бұдан түйеріміз, садақа беріп, мұқтаждарға көмектескенде де орта жолды ұстанған дұрыс. Сараңдыққа жол бермей, сонымен бірге ысырап та жасамай амал етейік!
Талдықорған қаласы
Еркін мешіті