https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Харамнан сақтану жолдары

03 Mar 2019 0 comment Оқылды: 1202 рет

Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла Тағала пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Сол себебті адам баласы Раббысы тыйған харам істен бойын аулақ ұстап, сақтануы керек. Өйткені бір харамнан сақтану – мыңдаған нәпіл намаз оқудан абзал. Күнәдан сақтану ғибадат жасаудан бұрын келеді. Дінімізде күнәдан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді. Ал негізінде харамды жасамаса көп сауапқа ие болуы мүмкін. Харамнан сақтану адамды тақуалық мәртебеге жеткізеді. Харам жасалса, ауыр күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді, адамның көңілі кірлеп, ғибадаттардан ешқандай рахат ала алмайды.
Хадис шәрифте былай делінген:«Аздаған харамнан сақтану, 80 мың нәпіл қажылықтан абзал». Тағы бір хадис шәрифте: «Өте кішкентай бір күнәдан сақтану, бүкіл жын мен адамдардың ғибадаттарының қосындысынан артық» делінген. Барлық күнәлар Алла Тағалаға қарсы шығушылық болғандықтан бәрі де үлкен. Бірақ кейбірлері кейбірлеріне қарағанда кіші болып көрінеді. Бір кішкентай күнәны жасамау бүкіл жаһанның нәпіл ғибадаттарынан сауаптырақ, өйткені нәпіл ғибадат істеу парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. Мүмин үлкен күнәға түспеу үшін кіші күнәдан сақтанады, күнәнің кішісі болмайды, Аллаһқа болған мойынсұнбаушылықтардың барлығы үлкен.
Харамға түспеуі үшін күмәнді нәрселерден сақтану керек. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінде анық баяндалған: «Шын мәнінде, халал және харам нәрселер айқын белгілі, ал, ол екеуінің арасында күмән тудыратын нәрселер бар, олар туралы адамдардың көпшілігінде анық мәлімет жоқ. Күмәнді нәрседен сақтанатын адам діні мен ар-ұятын сақтау үшін одан аулақ болады. Ал, шүбәлі іспен айналысушы адам харам әрекетке де баратын болады. Себебі, ол малын қорықтың маңында бағып жүрген малшыға ұқсайды, оның малы ақыр соңында сол жерге кіріп кетуі әбден мүмкін. Әр патшаның сондай қорығы болады, ал, Алланың қорығы – Оның тыйымдары. Расында, адамның денесінде бір кесек ет бар. Сол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса, бүкіл денен де бұзылады. Ақиқатында, ол – жүрек».
Күмәнді бір нәрсеге тап болғанда қолды жүрек тұсына қою керек. Жүрек соғуы артпаса, ол нәрсені істеу керек. Егер көбірек соғатын болса, онда жасамау керек. Хадис шәрифте: «Қолыңды көкірегіңе қой! Халал нәрседе жүрек тыныш болады. Харам нәрседе қатты соғады. Күмәнға түссең жасама! Дін адамдары фәтуа берсе де жасама!» делінген.
Алла Тағала жүректі жауһардай жарқыратып, сананы сергек етіп, құлшылыққа құлшындырып, Хақтың нұрын ұялататын адал ас және ізгі амал нәсіп етіп, жан әлемін тас түнек боранға айналдырып, небір жыртқыштық сипаттардың үйірлесуіне айқын жол ашатын харам нәрселерден сақтасын!

Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Данағұлов А.С

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз