https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Беретін қол алатын қолдан артық

27 Feb 2019 0 comment Оқылды: 1580 рет

Алла разылығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген зат - садақа. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде: «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолына) пайдаландырады» - деген. Демек, Алланың берген несібелерінен Алла жолына шығару міндет. Кезкелген мұсылман білуі тиіс құлшылықтың түрі ол - садақа. Мұсылман адам әр дәйім садақа шығаратын болса Алланың меіріміне бөленері анық. Ал садақа - іспен қол жәрдем берумен, жақсы сөз айтумен, қолыңдағы затыңды, малыңды берумен болатын амал.

Бір шәкірт ұстазымен егін алқабын аралап келе жатады. Кенет әлгі екеудің жол шетінде жатқан тозығы жеткен бір аяқ киімге көздері түседі.
Шәкірт ұстазына:

– Шамасы, мынау егінші шаруаның аяқ киімі сияқты. Тығып қойсақ қайтеді? Сосын бір жерге жасырынып, қалай абдырап, сасқалақтағанын қызықтайық, –дейді.

Сонда ұстазы:

– Кедейлерді әбігерге салуды қызық көріп, олардың есебінен көңіл көтергеніміз адамдыққа жатпайды. Өзіңе бақыт пен шаттық сыйлағың келе ме? Онда оны мазаққа айналдырмай, керісінше, аяқ киіміне ақша салып қояйық. Сонан кейін ғана не қызық болатынын тамашалайық, – дейді.

Ұстазының ұсынысы бірден көңіліне қонған шәкірт айтқанын орындайды. Содан соң екеуі жақын тұрған ағаштың артынан жасырынып, бақылауды бастайды.
Сәлден соң жүзі әбден тотыққан, жұпыны киімді бір шаруа келеді. Аяғын аяқ киіміне сұққаны сол еді, ішіндегі затты сезіп, аяғын дереу қайта суырып алады. Қолын салып еді, ақша екен. Екінші сыңарынан да сондай ақша шықты. Ақшаға бір, жан-жағына бір қарап, таң-тамаша болып тұрып қалды. Көз жетер жерде ешкім байқалмайды. Ақшаны қалтасына салды да, жерге тізерлеп отыра кетті. Жасаураған жүзін аспанға көтеріп дауыстап сөйлей бастады:

«Я, Раббым! Сен менің хәлімді өзімнен артық Білушісің. Әйелімнің ауру екенінен, балаларымның аш-жалаңаш екенінінен хабардарсың. Бәрімізді басқа түскен нәубеттен құтқардың. Шүкір, шүкір...».

Осылайша, ұзақ уақыт жасын төккен күйі Жаратушысына алғыс айтып, шүкірлігін білдіреді.
Манадан бері одан көз жазбай қарап отырған шәкірт қос жанары жасқа толып, қатты әсерге бөленеді.
Шәкіртінің бойындағы өзгерісті байқап отырған ұстазы:

– Қазір бұрынғы хәліңнен бақыттырақ екеніңді сезіп отырған сияқтысың. Алғашқы ойыңды іске асырғанда қандай күйде болар едің?! – дейді.
Шәкірті:

– Иә, ұстаз! Өмір бойы ұмытпастай дәріс алдым. Сізге алғысым шексіз! «Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан көп артық болады» деген сөздің мағынасын енді түсіндім, – деп жауап қатты.

Бұл жердегі ұстаздың даналығы – садақаны жасырын беруді насихаттауында.


Мейірімді Алла Құранда: «Егер садақаны жария берсеңдер, жақсы (Басқаларға жетекшілік болады). Егер құпия берсеңдер әрі оны кедейлерге берсеңдер, ол одан да жақсы. Ол Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ Алла істегендеріңді толық білуші» - десе,
Мұхаммед пайғамбар (салаллаһу әлеиһи уә сәлләм):
«Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай беретін жеті адамның бірі – оң қолының бергенінен сол қолының хабар болмаған адам» – дейді.

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек:

- Мұқтаж жанға беру;
- Алла разылығы үшін берілуі;
- Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Садақа берудің 10 пайдасы бар:

осы дүниедегі 5 пайдасы


1. Мал-дүниенін тазартады;
2. Күнәларды өшіреді : «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» және «Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи)
3. Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты)
«Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи)
4. Мұқтаж жанды қуантады:
5. Ризықты арттырып табысқа берекесін береді;
«Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа)
«Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады» (Муслим)

Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы:

1. Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи)
2. Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар»
3. Таразыда сауабы басым болады.
4. Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ.
5. Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

Тақырыпты мына бір ғибратты оқиғамен аяқтағанды жөн көрдік.

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады.
Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді. Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан « Ей, Алла! Патша өлмесе екен » деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады », - дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді.
Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.

Серік Шәріп
Панфилов ауданы
орталық мешіт
Бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз