https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Үміт пен үрей

25 Feb 2019 0 comment Оқылды: 1141 рет

Аллаға иман келтірген әрбір мүмін пенде үміт пен үрей арасында өмір сүруі тиіс. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайтыны анық. Үміт ету жайында Алла Тағала Құранда:
«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», (Хижр, 56) – дейді. Яғни, мұсылман пенде қандай жағдай болсада Өзін жоқтан бар еткен Раббысынан күдер үзбеуі керек.
Алланың күнәһар пенделері шын көңілмен кешірім сұраса, тәубе етсе кешіретіндігі жайлы Алла елшісі (Оған Алланың игілігі және сәлемі болсын) өз хадистерінде айтып кеткен. «Құл бір күнә істеп артынан тәубе еткен кезде Алла Тағала періштелеріне «Құлыма қараңдар: күнә жасады, күнәсінің жазасын беруші және кешіруші Раббысының бар екенін біліп тәубеге келді. Куә болыңдар, оны кештім» дейді.
«Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сансыз есе үлкен».
Адам баласы қаншалықты күнәкар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мына бір аятта: «Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді»(Зумәр, 53) – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді» дейді,
Отқа табынушы бір кісі Ибраһимге (а.с.) қонақ болуды қалайды. Ибраһим пайғамбар оған, егер де исламды қабылдайтын болса, қонақ қылатынын айтады. Отқа табынушы бұл шартқа келіспей, ренжіп кетіп қалады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға: – Ей, Ибраһим! Бір құлым дінін өзгертпейді екен деп неге оны қонақ етпедің? Алайда, жетпіс жыл бойы ол мені танымаса да оған ризығын үзбей беріп келемін. Бір түн оны қонақ етсең өзің үшін қайырлы болар еді, – деп уахи етті. Бұны естіген Ибраһим (а.с.) отқа табынушыны іздестіріп тауып, қонақ қылады. Әлгі отқа табынушы одан: «Көзқарасыңды өзгертуге не себеп болды?» – деп сұрағанда, Ибраһим (а.с.) мән-жайды баяндайды. Бұған таңғалған отқа табынушы: «Шынында, Алла Тағала маған осылай қарай ма? (Қандай мейірімді Жаратушы. Өзіне дұшпан болсам да досына мен үшін ескерту жасайды?!) Олай болса, маған исламды үйрет» – деп мұсылман болған екен.
Адамға үміт сыйлайтын бұдан да басқа хадистер мен аяттар көп. Алайда, Алланың рақымына жеңіл-желпі қарап, құлшылық жасамай, күнәға белшеден бата беруге болмайды. Үміт пен үрейді тең ұстаған пенделерге Алланың жәрдемі мен разылығы жақын.
Хауф (арапшада қорқу, үрейлену, түршігу) – сөзінің терминдік мағынасы шариғаттық тұрғыдан харам емес, бірақ жеңіл тыйым салынған нәрселердің өзінен бас тарту. Былайша айтқанда, жалған үмітке иек артып дандайсып кетпеу, не болмаса тым күйзеліп, үмітсіздікке салынбау
«Сендерге амалдары тұрғысынан үлкен зиянға ұшыраушылар жайында хабар берейін бе?», – де. Олар дүниедегі амалдары зая кеткендер, өздерін «шынында біз жақсы іс істедік» деп ойлайды». (Кәһф, 103-104)
Алладан ғана қорқу пендені одан тыс жоқтан өзгеден қорқудан арылтады.
Хазірет Айша анамыз (р.а.): – Уа, Расулаллаһ! «Раббыларына оралатындықтарына сенгендіктен жүректерін қорқыныш-үрей билеп, мал-мүліктерін Алла жолында жұмсағандар» (Муминун, 60) деген аят кімдерді меңзейді? Арақ ішіп, зина, ұрлық жасағандарға ма? – деп сұрағанда, оның мәнісін Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ, бұл ораза ұстап, намаз оқып, садақа және зекет бергендер, бірақ соған қарамастан «бұл жасағандарымызды Ол қабыл етеді ме, жоқ, қабылдамай тастайды ма», деп қорыққандар жайлы» деп түсіндірген.
Үрей адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды.
Айша анамыздың (р.а.) жеткізген бір хадисінде «Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде Алла елшісінің реңі өзгеріп, бір орнында байыз таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты. Айша анамыз: «Уа, Алланың елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді, алайда, сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын, бұның себебі неде?» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «О, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Алайда, ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болған-ды. Ол қауым азап келместен бұрын «бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын» дейді. Оның бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді.
Көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, «ақиретте жағдайымыз қалай болар екен?» деген үрейленіп, көп сауапты амалдар жасағаны біздерге мәлім.
«Алла Тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың» (Хужурат, 13) делінеді.
Әділ халифа хазірет Омар: «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген сыры терең, сыны биік сөздері барлығымызға ой салса керек.
Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш – нағыз қорқыныш.
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «...Егер менің білгендерімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер...»,-дейді.
Жаратушы Алла барша мүміндердің жасаған қате-кемшіліктерін кешіріп, барша ізгі амалдарда күш қуат беріп, Өзі жар болғай!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз