https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Пайғамбардың муғжизалары

22 Feb 2019 0 comment Оқылды: 1759 рет

«Мұғжиза» сөзі араб тілінде «шарасыз, дәрменсіз қалдыру» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы, Алла Тағала пайғамбарларға берген, адамның қолынан келмейтін, жаратылыс заңдылықтарына бағынбайтын, таңғажайып төтенше жағдайлар.
Алла Тағала жер бетіндегі таңдаулы елшісі жайында қасиетті Құран Кәрімде былай деген: «Сендерге өз араларыңнан Пайғамбар жібердік» (Бақара сүресі, 151 аят). Әр-түрлі кезеңдерде келіп кеткен пайғамбарлардың барлығы сол қауымның өз ішінен болып отырған, қалыпты қарапайым тұрмыс кешіп, сол қауымның ішінде өмір сүргені белгілі, ал мұғжиза - пайғамбарлардың сол қауым ішіндегі таңдаулысы, Алла Тағаланың дінін жеткізуш елші екендігінің ең маңызды дәлелі болып саналмақ. Қасиетті Құранда ол турасында: «Расында сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік. Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды. Қашан Алланың әмірі келсе, ақиқат бойынша үкім етіледі» (Ғафир сүресі, 78 аят). Бұған қоса Матрудидің: «Мұғжиза көрсетпей пайғамбармын дегеннің бәріне сену міндетті емес, өйткені, мұғжиза пайғамбарлардың туралығын айқындайтын жалған пайғамбармен шынайы пайғамбарды ажырататын бірден-бір дәлел, пайғамбарлар пайғамбарлығын дәлелдеу үшін дәлел мен мұғжизаларға мұқтаж» деген айқын ұстанымдарын келтіруге болады.
Алла-Тағала әр түрлі кезеңдерде жіберген пайғамбарларды сол қауым ішінде озық дамыған, сол ортаға кеңінен таралған салаларға сәйкес мұғжизалармен қолдап, қуаттап отырған. Мұса пайғамбардың дәуірінде сиқыр жасау кең таралып сол ортада өте әйгілі дәрежеге жеткен еді. Ал, Мұса пайғамбардың қолындағы аса таяғы болса ең үлкен мұғжизаларынан бірі болғаны белгілі. Құран-Кәрімде Шу’ғара сүресі 10-67 аяттарында бұл турасында, Мұса пайғамбармен Перғауынның сиқыршы қауымы ортасында болған оқиғада, Перғауынның сиқыршылары жылан түрінде көрсеткен жібін Мұса пайғамбардың аса таяғы үлкен аб жыланға айналып бәрін жұтып қойып, Мұса пайғамбардың қолында қайтадан аса таяққа айналады, осы көрініске өз көздерімен куә болып тұрған сиқыршылар бұл ғажайыптың ешқандай сиқыр болмағанын түсініп, бәрі сәждеге жығылады. Перғауынның қорқытып-үркіткеніне қарамастан Аллаға иман келтіріп елшісіне мойын ұсынады. Келесі оқиғада Мұса пайғамбар өз қауымын ертіп теңіз жағысына келгенде Алла Тағала таяқпен теңізді ұруын әмір етіп, сол арқылы теңіз жарылып ортасынан жол ашылғанын, Мұса пайғамбар қауымымен бірге аман-есен өтіп, өкшелей ізінен қуып келе жатқан Перғауын және оның әскерлерін теңіз суы басып қалып бәрі құрдымға кеткені турасында қасиетті Құранда Шу’ғара сүресінің 10-67 аяттарында ашық әрі түсінікті аяттармен баяндалған. Осы арқылы Мұса пайғамбардың аса таяғы мұғжиза ретінде пайғамбарлығына дәлел әрі Алла Тағаланың елшісін айқын дәлелдермен қолдап қуаттауы екенін аңғаруға болады.
Иса пайғамбар дәуірінде медицина ілімі ең озық әрі дамыған сала болып саналатын. Ұлы Алла Тағала пайғамбарына мұғжиза ретінде өлікті тірілту, соқырдың көзін ашу сияқты әдеттен тыс ғажайып қабілеттер берген еді. Құран аяттарында Әли Имран сүресі 49 аятында баян етілгендей, соқырдың жанарын қайтарып, өлген адамға қайта жан бітіргенін көрген дәрігерлер бұл істе адамнан тыс бір күштің Иса пайғамбарды қолдап қуаттап тұрғанын еріксіз қабылдаған еді.
Құран аяттарында баяндалған пайғамбарлар мұғжизасы, сол дәуірден бұрын немесе кейінде адамзат тарихында қарапайым адамдар тарапынан қайталанбаған тіптен қайталанбақта емес. Әр пайғамбар көрсеткен мұғжизалар әр уақытта адамзат баласына көрсетілген барша, әлемді жоқтан бар еткен, құдіреті күшті жаратушы Жаббар Хақ Тағаланың бар әрі бір екенінің айқын дәлелі, әрі мейрімі шексіз Алла Тағала өз құлдарын азаптау үшін емес қайта, мәңгілік бақытқа қауышып жәннаттық болулары үшін әр кезеңдерде өз тарапынан пайғамбарлар арқылы тура жол көрсетіп отырғанын, әрі ардақты елшілеріне қайталанбас мұғжизалар беру арқылы өзінің күш-құдырет иесі, әлемдердің Раббысы екенін паш етіп өзін әлсіз жаратылыс адамзат баласына танытуы болса керекті.
Әр-дәуірде сан түрлі қауымға жіберілген пайғамбарлардың әр қайсысының өзіне тән Алла тарапынан берілген мұғжизалары болғанын айтып өттік, ал енді, барша әлемге рахым ретінде, адамдар мен жындарға пайғамбар әрі елші етіп жіберілген, шариғаты қияметке дейін жалғасатын, Алла Тағаланың ең сүйіктісі, барша жаратылыс атаулының ең ізгісі болған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға да с.ғ.с Алла Тағала әрі-түрлі таңғажайып мұғжизалар бергендігі ақиқат. Пайғамбарымыздың с.ғ.с мұғжизасы арқылы бір уыс тамақтың бір дүйім жұртқа ортақ ас ретінде тойып ішіп-жеулеріне жеткілікті болуы, саусағының арасынан аққан суға сахабалардың шөлін қандырып ішіп тіптен дәрет алуға жеткені сияқты көптеген сахих хадистерде айтылған. Сүйікті пайғамбарымыздың с.ғ.с көрсеткен мұғжизаларынан бірі айдың екіге бөлінуі. Бірде Әбу Жәһил, Уәлид ибн Мұғира бастаған бір топ мүшріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Егер сен шынымен Алла Тағаланың тарапынан міндет жүктелген пайғамбар болсаң, бізге аспандағы айды екіге бөліп көрсет. Айдың жартысы Әбу Құбайыс тауының, екінші бөлігі Құайқан жотасының үстінен көрінсін», – деп талап қойды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыңыр жүректі мүшріктерге:
– Егер осы тілектеріңді орындасам, иман келтіресіңдер ме? – деп сұрады.
Олар болса:
– Әрине, – деп жауап берді.
Бұл уақыт айдың толықсып, дөңгеленген сәті болатын. Расулуллаһ айдың екіге бөлінуі үшін Жаратушыға дұға етіп, айға қарай қолын созды. Сосын сұқ саусағымен ортасын бөлгендей белгі көрсетті. Пайғамбардың әрекетінен кейін ай дәл ортасынан екіге бөлініп, мүшріктердің сұрағанындай бір бөлігі Әбу Қубайыстың, екінші жартысы Қуайқанның төбесінен көрінді.
Сосын ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айналасындағыларға:
– Куә болыңыздар! Куә болыңыздар! Төбелеріңізге қараңыздар! – деп дауыстады. Қасындағы басқа сахабаларға да: «Куә болыңдар!» - деді. Сосын ай қайтадан бірікті. Мүшріктер өз көздерімен тағы бір айқын мұғжизаны көрді. Бірақ, сөздерінде тұрмай иман етпегендерімен қоймай, сонымен қатар басқалардың иман келтіруіне кедергі болу үшін: «Бұл тек Мұхаммедтің бір сиқыры ғана... Бірақ, барлық адамды бірдей сиқырлай алу мүмкін емес қой... Басқа аймақтардан келген адамдардан да сұрап көрейік. Олар да осы жағдайға куә ме? Егер олар да көрген болса, Мұхаммедтің пайғамбармын деген сөзі рас. Егер олай болмаса бұл бір сиқыр ғана...», - деді.
Келген адамдардан, тіпті басқа аймақтарға да кісі жіберіп сұрастырды. Сұрастырғанның барлығынан: «Иә, сол түні айдың екіге бөлінгенін көрдік» деген бірдей жауап алды. Мүшріктер тағы да баяғы қыңырлықтарына басты. Әбу Жәһил бастаған мүшріктер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ап-айқын мұғжизасына сиқыр деп қарсы шығып: «Әбу Тәліптің жетімегінің сиқыры аспанға да әсер етті...», - деп тот басқан жүректерін еш жібіте алмады.
Алла Тағала аталған мұғжизаның ақиқатын Құранда былай баяндайды: «Қиямет жақындады, ай жарылды. Олар бір мұғжиза көрсе бет бұрады да: “Жалғасты түрдегі бір сиқыр” дейді. Олар жасынға шығарып, әуестеріне ерді. Негізінде әр істің бір тұрағы бар. Расында оларға секем аларлық хабар келіп болды» («Қамар» сүресі, 1-4 аяттар).
Пайғамбарымызға(с.ғ.с.) берілген ең үлкен мұғжиза ол қасиетті Құран Кәрім. Пайғамбарлар мұғжизасы сол дәуірдегі ең танымал әрі дамыған салаға байланысты беріледі деп айтқан болатынбыз, сол айтқанымыздай, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде арабтарда шешендік, ақындық сияқты сөз өнері ең жоғары деңгейде дамыған еді. Қаиетті Құран Кәрімнің тілінің шешендігі мен көркемдігінің алдында барлық араб әдебиетшілері мен ақындары шарасыз қалды. Бұл ақиқат жайында Бақара сүресінде былай баяндалады: « Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де со құсаған бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны; адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!». Оқып түсінгеніміздей адамзат баласы Құранның баламасын әкелуге бәрі жабылып кіріссе де тым әлсіздік танытпақ.
Қасиетті Құран шешендік, әдеби көркемдігімен қатар соңғы ғасырларда ғана әр түрлі салаларда ашылып жатқан көптеген ғылыми жаңалалықтар турасындада 14 ғасыр бұрын айтып өз ішінде қамтып кеткеніне көз жетіп жүр, мысалы: Бір-біріне араласпайтын теңіз сулары жайында соңғы жақын ғасырларда ғалымдар жаңалық ретінде анықтай алғаны белгілі. Ал, Қасиетті Құран бұл мәліметті 14 ғасыр бұрын Ар-Рахман сүресінің 19-20 аяттарында қысқаша ғана ашық баяндап кеткен еді. Сонымен қатар әр түрлі тіршілік атаулының аналық пен аталықтан тұратыны, тіптен әр нәрсенің жұп-жұптан екенін ғалымдар жаңалық етіп ашып жатқанда қасиетті Құранда бұл турасында аяттар 14 ғасыр бойы айтылып келген еді. Ясин сүресінің 36 аятында жер шарының домалақ пішінде екендігінде Құран аяттары арқылы ислам ғалымдары өте қарапайым әдіспен дәлелдей алған. Осы сынды ғылыми түрде дәлелденген тәбиғи заңдылықтарды қамтыған Құран аяттары жетерлік, тіптен қияметке дейін таусылмақта емес, себебі Алла Тағала Құранда Лұқман сүресінде былай дейді: «Рас егер жер жүзіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла, өте үстем, хикмет иесі». Осы аяттардан түсінгеніміздей, адамзат баласы қаншалықты биікке көтерілсе де, қандай жетістікке жетсе де, сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жаратушы тарапынан берілген ең ұлы мұғжизаның алдында әрқашан әлсіз болып қала бермек, ал ақылды адам болса, әлемдердің Раббысына иман келтіріп, Жаратушысына бет бұрып, ойланғандар үшін өте түсінікті әрі ақылға қонымды түрде баяндалатын, өмірдің шынайы мәні, адам жаратылуының мақсаты, нағыз бақыт турасында баяндайтын қасиетті Құран аяттарын басшылыққа алып бақытқа барар жолдағы ең сенімді жол серігі ретінде өмір бойы жаны мен жадынан тастамаса керек.


Мүтебаев Қанат Маратұлы
Кербұлақ ауданының бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз