https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Сараңдық – кедейлік, қанағат – байлық

20 Feb 2019 0 comment Оқылды: 1514 рет


Сараңдық туралы сөз бастамас бұрын рыздық несібе туралы аз–кем тоқталғанымыз жөн сияқты.
Біз адамдардың әрдайым: “Байлық Алланың құлдарына берген жақсылығы” деген сөздерін естіп жатамыз. Негізі, байлық та, кедейлік те Алланың құлдарына берген сынағы, өйткені Құран Кәрімде: “Сендердің малдарың да, бала шағаларың да сынақ ретінде берілді” (Тағабун сүресі, 15 аят) – делінеді. Байлыққа кенелу – бақытқа қол жеткізу деген сөз емес. Бай бола тұра бақытсыздықтан басы қатып, өздеріне қол жұмсаған адамдар да өмірде көп кездеседі. Кедейлікті де бақытқа жеткізудің төте жолы деп түсініп қалмау керек.
Ал, енді Алланың берген нығметтеріне сараңдық таныту, “шық бермес шығайбай” болу мұсылмандық көркем ахлаққа түбірінен қарсы келеді. Әбу Бәкір р.а. былай деген: «Сараң адам мына жеті жағдайдың біреуіне тап болады; өзі дүниеден өткенде мирасқорлары мал-дүниесін Алла тағаланың жолынан басқаға жұмсап талан-таражға салады, не болмаса Алла тағала оған қатыгез билеушіні жіберіп сорлатып, малын тартып алмақ немесе құмарлыққа салынып мал-мүлкін соған жұмсап құртады, болмаса пайдасыз жерге ғимарат салып, дүниесімен ақшасы ысырап болады, не болмаса бар жиған-тергені, топан су, өрт, ұрлық сынды апаттар себебінен құрып кетеді, не айықпас дертке шалдығып бар тапқан-таянғанын емделуге жұмсайды, олай болмаған жағдайдың өзінде бар байлығын бір жерге жасырып, кенін қайда тыққанын ұмытып, бүкіл дүниесінен айырылады. Сараңдықтың антонимі ретінде әл-кәраму (жомарттық) сөзі қолданылады. Сараң адам бай болса да кедейдің күнін кешеді, өзінен аяйды. Имам Ағзам (оған Алланың жаусын) бір күні үсті-басы алқам-салқам біреуді көреді. Оның қолына 1000 дирхам ақша беріп тұрып: “Үсті-басыңды дұрыста, жөні түзу киім ал” деп, құлағына сыбырлайды. Бірақ әлгі адам: “Маған бұл ақшаның қажеті жоқ, мен онсызда баймын” деп ақшасын алмай қояды. Сонда Әбу Ханифа р.ғ.: “Сен пайғамбарымыз с.ғ.у ның: “Алла берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді” - дегенін естімеппе едің?» деп өзінен аяп қалған сараңдықтың жаман әдет екенін ұқтыра білген екен. Ғұлама-ғалым Ақыт Үлімжіұлы “Қиямет ахуалы” атты дастанында:


Кей пенде қалтақ қағып күн көреді,
Өз малын бай болсада өзі қысып.
Біле ме сұм жалғанның алдайтынын,
Киеді жыртық киім тарта ішіп.
Осындай жалғандыққа мойындамас,
Келеді мол жинауға сондай пысық.
Өткенде әкетеді бір құлаш бөз,
Жүрседе малды бағып отқа түсіп.
Баласы ысқат-құранды өлшеп берер,
Уақыт жетіп дүниеден кетсе көшіп.

- деп сараң байдың кеспірін ашып көрсетеді.


Ақын атамыз осы дастанның тағы бір бөлігінде Муса ғ.с. мен Қарын байды және Перғауынды мысалға алып былай дейді:

Алланың сүйген құлы Муса кәләм,
Інісі һәм пайғамбар нәби Харұн.
Бәріде уақыт жетті, бақи болды,
Жаратты ғибрат үшін соның бәрін
Аллаға қарсылық қып кәпір болып.
Жер жұтып ғазап тартты Малғүн Қарұн.
Перғауында солайша тозаққа барды,
Аллаға дұспан болған кәпір залым.
Жарандар тіршілікте жолдан азба,
Алладан әмір келсе жоқ дұр халың.
Бермеген хайыр-зекет сол Қарұн бай,
Қиған жоқ жанға пайда жалғыз малын.
Жемей ішпей мал бағып безектеген,
Ойласаң сондай пәнде соры қалсын.
Сұм дүниені ойлағанда опасы жоқ,
Тіршілікте төкпеңдер беттің арын.

– деп көсіне жырлайды.


Ал, қанағат байлар үшін де, кедейлер үшін де таусылмайтын бір қазына. Бірақ, өкінішке орай көп адамдардың қате түсінген мәселелерінің бірі де осы қанағат мәселесі екен.
Қанағат – жұмысты, еңбекті тастап дүние малынан бас тартып, өлместей ғана ауқатқа ие болу десек болмайды, бұл ұғым Ислам негізіне сәйкеспейді. Өйткені, Ислам діні бір жағынан “қанағат таусылмайтын қазына” дей отырып, енді бір жағынан “еш өлместей дүние үшін, ертең өлердей ахирет ісіне” деген әмірді береді. Ислам дінінде «Раһбаниет» (дүниеден безушілік) жоқ, сонда қанағат дегеніміз не? Демек, қанағат ол – адалдан тапқанын жеткілікті көру, дұрыс болмаған жолдардан көп табыс табуды іздемеу, елдің малына көз тікпеу. Қанағат жүректе көңілі жоқ шүкіршілігі мол адам ғана қанағат ете алады. Тауратта: «Ашкөз адам – кедей, дүниені иелеген болсада, қанағатшыл адам – бай тіпті ол – аш болсада» деген екен.


Хакім Абай да:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз -

деп қанағаттың – сарқылмас қазына екенін меңзеген.

Ескелді аудандық мешітінің бас имамы Жұмағалиев.Б.С

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз