Жаратушы Алла мәңгі, бастауы және соңы жоқ. Басқа жаратылыстардың барлығының басталған және бітетін уақыты бар. Өлгеннен кейін қайта тірілудің болатынын барлық діндерде айтылады. Ахырет күнi — адамдардың сый не жаза алу үшін және есепке тартылу үшін қайта тiрiлетiн Қиямет күнi. Оның бұлай аталуының себебі, өйткенi одан кейiн күн жоқ, ол – ақырғы күн. Яғни жәннәттықтар – өз мекенiне, тозақтықтар өз мекенiне қоныстанатын күн деген сөз.
Ел арасында «Одүниеге біреу барып келді ме?, ақыреттің болатынына кім кепілдік береді?» деген сұрақтармен, Өздерін және басқа адамдарды Раббысына құлшылық жасаудан азғыратын адамдардың бар екені белгілі. Ондай адамдар жайлы Құранда: «Оларға есеп күніне байланысты аяттарымыз оқылған уақытта: «Бұлар бұрынғылардың аңызы ғой» деп өте шығады» -дейді. (Мутаффифун суресі, 13 аят)
Ахырет күніне иман келтіру үш нәрсені қамтиды:
1. Қайта тiрiлуге иман келтіру.
Яғни ол күнi екiншi рет Сұр үрленгенде өлiлер тiрiлiп, аяқ киiмсiз, жалаңаш, сүндетке отырғызылмаған күйде бүкiл әлемнiң Жаратушысының алдында тұрады. Алла Тағала былай деген: «Әуел бастағыдай қайта жаратамыз. Бұл Бiзге бiр мiндет. Шынында Бiз (оны) орындаймыз» (Әнбия сүресі, 104-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у): «Адамдар Қиямет күнiнде сүндетсiз, жалаң-аяқ жиналады», — деген. (Бухари, Муслим)
Алла Тағала Құранда былай деді: «Біз сендерді босқа жараттық, әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» (Муминун сүресі, 115-116-аяттар).
2.Есеп-қисап және сый мен жазаға иман келтіру
Әрбiр пенде iстеген амалына қарай есеп берiп, соған қарай сый не жазасын алады.
Алла Тағала былай деді: «Кiм бiр жақсылықпен келсе, оған сондайдың он есе сыйы беріледі. Ал кім бiр жамандық iстесе, сондай ғана жаза алады. Әрі олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» (Ән`ам сүресі, 160-аят). «Қиямет күнi туралық таразысын орнатамыз. Сонда ешкiм әдiлетсiздiкке ұшырамайды. Егер бiр ұрық түйiрiнiң салмағындай болса да әкелемiз. Есеп көруде жеткiлiктiмiз» (Әнбия сүресі, 47-аят).
Абдулла ибн Омардан риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Алла Тағала мүмінді жақындатып, оған пердесiн қойып, оны жасырады. Сөйтiп: “Мына күнәнi бiлесiң бе? Ана күнәнi бiлесiң бе?” –дейдi. Ол “Иә, Раббым!” –дейдi. Ақыры оған күнәларын мойындатып, оның “Құрыдым ғой ендi”- дегенiн көргенде, Ол расында мен сол күнәларды саған дүниеде жасырдым. Ал бүгiн сен үшiн соларды кешiрдiм дейдi. Сөйтiп, оған жақсылықтарының кiтабы берiледi. Ал кәпiрлер мен екiжүздiлерге бүкiл халайықтың алдында: “Мыналар Раббыларына өтiрiк сөйлегендер, Аллаһтың лағынеті залымдарға жаусын!” – деп үш рет айтылады» (Бухари, Муслим).
3.Жәннәт пен Тозаққа иман келтіру
Бұл екеуi адамзаттың мәңгiлiк қалатын орны. Жәннәт — ол Аллаһтың сенудi мiндет еткен нәрселерiне сенiп, Аллаһқа шын ықыласпен ғибадат жасап, елшісінің жолымен жүрген тақуа мұсылмандарға арнайы дайындалған рахат орны. Ол жерде алуан түрлi рахат және ләззәт түрлерi бар. Хадисте былай айтылады: «Адамның көзі көрмеген, құлғы естiмеген, адамзаттың ойына келмеген жақсылықтар бар».
Алла Тағала былай дейді: «Күдiксiз сондай иман келтiрiп, түзу iс жасағандар, мiне солар жаратылғандардың ең жақсысы. Олардың Раббыларының қасындағы сыйлықтары: астарынан өзендер ағатын `Адн жәннәттары. Олар онда мәңгi қалады. Алла олардан разы, олар да Алладан разы. Осы сыйлық Раббысынан қорыққан кiсi үшiн болады» (Бәйина сүресі, 7-8-аяттар).
Ал Тозақ — ол Алланың Өзiне қарсы келiп, пайғамбарларына бойұсынудан бас тартқан залым имансыздарға арнайы әзiрленген азап орны. Алла Тағала былай айтқан: «Расында бiз залымдар үшiн дуалдары жан жағынан қоршап алатын Тозақ отын әзiрледiк. Егер олар су сұрап жалбарынса, ерiген кен тәрiздi беттердi күйдіретін бiр су берiледi. Ол нендей жаман су, әрi (орын) нендей жаман орын», — деді (Кәһф сүресі, 29-аят).
Ахырет күніне иман келтіруге тағы да өлiмнен кейiнгi болатын барлық нәрсеге сену жатады. Олар: Қабiр сынағы.
Мәйiт жерленгеннен кейiн, одан Раббысы, дiнi және пайғамбары жайында сұрақ қойылады. Алланың сөзiне сенгендердi Алла табанды етедi. Сөйтiп, ол “Раббым – Алла, дiнiм – Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (с.а.у)”- деп жауап бередi. Ал залымдарды Алла шатастырып, нәтижесiнде имансыз адам: “Һа-Һа! бiлмеймiн”, — деп жауап берсе, екi жүздiлер немесе күдіктенгендер: “Бiлмеймiн, адамдардың айтқанын есiтiп, мен де соны айттым ғой”,- дейдi.
Қабiр азабы мен рахаты.
Қабiр азабы екiжүздiлер мен кәпiрлерден құралған залымдарға болады. Алла былай айтты: «Олар таң ертен және кешке отқа ұсынылады. Ал Қиямет күні болған кезде: “Фирғаун әулетін азаптың ең қаттысына кiргiзiңдер”, (- делінеді)» (Ғафир сүресі, 46-аят).
Ал қабiр рахаты иман келтiрген шыншыл мұсылмандарға бұйырады. Жаратушы Алла бұл жөнiнде былай деген: «”Раббымыз – Алла!”, — деп, сосын мықты тұрғандарға перiштелер түседi де: “Қорықпаңдар да қайғырмаңдар! Сендерге уәде етiлген жәннәт арқылы қуанышқа бөленiңдер”, — дейдi» (Фуссиләт сүресі, 30-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у) қабiрде екi перiштенiң сұрағына жауап берген мұсылман адам жөнiнде былай деген: «Бiр үндеушi аспаннан: “Құлым шындық айтты! Оған жәннәттан төсенiш төсеңдер, оны жәннәттан киiндiрiңдер, ол үшiн жәннәтқа есiк ашыңдар”, — деп үн қатады. Ол оған жәннәт дамылы мен хош иiсiнен әкеледi және оған көзi жеткен жерге дейiн қабiрi кеңейтіледі» (Ахмад, Әбу Дәуд).
Ахырет күніне иман келтірген пенде істеген әрбір ісі, басқан әрбір қадамы, сөйлеген әрбір сөздері үшін ана дүниеде есебін беретінін білгендіктен, барлық жамандық атаулыдан шамасының келгенінше аулақ жүреді. Раббысы разы болатын жақсы амалдар жасайды. Жаратушы Алла былай дейді: «Егер құлшылықтарың болмаса Раббым сендерді не деп бағаласын». Ертен ахырет күні адамдардың мәртебесі, құны шынайы жасаған құлшылығына байланысты болмақ. Хадистерде ең ақылды адам өлгеннен кейінгі күніне дайындалған адам дейді.
Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей,
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың соңына ермей.
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей орныға алмас,
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,
Иманы түгел деуге аузым бармас дейді Абай атамыз. Мына жалған дүниеден ақырет күніне дінсіз, имансыз барудан Алла сақтасын. Жаратушы Алла баршамызды қабір азабынан, қиямет күні тозақ отынан сақтап, ізгі іс жасағандарға уәде етілген жаннатқа кіруімізді нәсіп еткей.
Ақсу ауданының бас имамы Анарбай Тасболат ұлы.