https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

САНАСЫНА КЕЛСЕ – САБАСЫНА ТҮСЕДІ… немесе тәрбиенің тоғыз тірегі

07 Feb 2019 0 comment Оқылды: 575 рет

Жүсіпбек Аймауытов: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – баланы жан-жақты білу» дейді. Рас, кейде баланың болмысы мен табиғатын терең танымай, айтқанымызға көндіруге тырысамыз. Қабілетін ескермей, шамасынан тыс тапсырма жүктейміз. Әке мен бала арасындағы түсінбеушілік осыдан басталады екен.
Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты білсек – байқамай қалатын, сезсек – сезінбей жататын бірнеше факторларды ескере кеткіміз келеді.


Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет» деген принцип осындайда ауадай қажет. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті періште сәби «дұрыс екен» деп қабылдайды. Әсіресе біреу іздеп келгенде немесе телефон арқылы хабарласқан сәтте баланың аузымен «әкем үйде жоқ» деген өтірік сөзді айтқызу – апатқа апаратын амал. Өзіміз өтірікке үйір болғанымызбен қоймай, баланы да осыған мәжбүрлейміз.

Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қы­лықты қайталамауға тырысады. Мінезі қырсық баланы таяқпен тү­зей­мін деу – әурешілдік. Санасына келсе – сабасына түседі. Бала бол­ған соң, бүлдірмей қоймайды. Оны солай қабылдауымыз қажет-ақ.

Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы, бірақ бұл ұстаным баланы босаңсытып жібермеуі тиіс. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған абзал. Қаталдық жасау – оны қатты жазалау деген сөз емес. Жекіп тастағаннан гөрі қабақ шытудың өзі жеткілікті. Бұл – баланың жаман әрекетін құптамаудың ишарасы. Сонда ол өз қателігін түсінеді. Ескеретін жайт: сынған кесе, сызылған қабырға, т.б. ұсақ-түйек дүниелер үшін қабақ шыту – дұрыс ұстаным емес. Дүниелік заттар баланың жүрегін ауыртудың қасында түк те құны жоқ. Жат қылық, жаман әдет, күнәға жетелейтін істер үшін қабақ шыту – дүниелік нәрсенің қасында әлдеқайда қайырлы.

Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Балаға ертегі немесе ғибратты оқиғаны әңгімелеп бердіңіз делік, айтылған жайттан алар пайдалар туралы кішкентайдың пікірін міндетті түрде сұрауымыз керек. Бұл тәсіл ойлануға, ой қорытуға көмектеседі, әр нәрсенің тағылымды тұстарынан тәрбие алуға итермелейді. Тұжырымды ой айтуға дағдыланған бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігі артады.

Бесінші, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деген.

Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.

Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы оңай талап ете аласыз. Өйткені сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы, өз «билігіңізді» жүргізесіз. Алла Елшісі сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелту, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.

Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс».

Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Мұны бала да сезеді. Дұрыс көңіл бөлінбеген бала дағдарыс пен күйзелісті бастан кешеді.


Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген екен. Тағы бір хадисте айтылғандай, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық мирас, құндылық қалдырып кете алмайды екен. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін сөз. Бір ғұлама: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат» депті.


Ендеше, бала тәрбиесіне алаңдаған адамның әрбір ізгі амалы – садақа. Ұрпағамыз ұлағатты болғай!

https://www.muftyat.kz/kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз