https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Пенде Алланы қалайша зиярат етеді

05 Feb 2019 0 comment Оқылды: 1085 рет

 

Әбу Һурайра деген сахабаның жеткізген хадисінде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Алла Тағала Қиямет күні былай дейді: «Уа, адам баласы! Мен ауырдым. Сен неге мені зиярат етіп келмедің?» Сонда адамдар: «Сен бүкіл ғаламдардың Раббысы болсаң, сені қалай зиярат етер едік?» дейді таңдана. Алла Тағала: «Пәлен құлым дертке шалдықты. Оны зиярат етпедің. Соған барғанда, мені сол жерден табар едің. Осыны білмейсің бе?» - дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Кімде-кім бір ауруды немесе бір мұсылман бауырын Алла үшін зиярат етсе, бір үндеуші (періште) оған былай деп дауыс қатады: «Тіршілігің қош болсын, барған жолың да қош болды. Жұмақтан өзіңе үлкен бір сарай салдың»- деген.

Тағы бір хадисінде: «Сендердің біреулерің дертке шалдыққан бауырының қасына зиярат ету мақсатында барған кезде онымен қол алыссын. Қолын маңдайына қойсын және оның жағдайы қалай екенін сұрасын»-деді.

Науқастың көңілін сұрап бару сан ғасырдан бері ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан өміршең ғұрыптарымыздың бірі.  

Атамыз қазақтан «Аурудың емі – саудың сәлемі»  деген  жақсы сөз қалған. Шынында да, тәнін дерт шалып, қиналып жатқан адамның көңілін сұрап бару – оған үлкен демеу, рухани жәрдем болатыны даусыз. Қиналып, шыбын жаны үшін арпалысып жатқан адам қасына бір бауыры келгенде: «Мені де елеп, ескеріп келді ғой» деп марқайып, көңілденіп қалатыны рас. Сондықтан болар, Ислам діні аурудың көңілін сұрап баруға мұсылмандарды үндейді. Пайғамбарымыздың өзі күн сайын кешке жақын сахабаларын жинап алып: «Бүгін қанша жетімнің басын сипадың, неше аурудың көңілін сұрадың» деп сұрап отырады екен. Мұсылмандарға ісімен үлгі болу үшін Пайғамбарымыз ерекше көңіл бөлетін.

Тіпті өзге дін өкілдерінің көңілін сұрағаны Ислам тарихынан мәлім. Мысалы, бірде яһуди бала ауырып қалады. Алла елшісі (с.а.у) оның көңілін сұрап, зиярат етіп барады. Баланың жанына жақын келіп отырды да: «Қалқам, мұсылман бол!» деді. (Өзі шешім қабылдауға   жүрексінген) бала әкесіне көзін салды. Әкесі: «Әбул Қасымға (Пайғамбарымызға) бағын, балам» деп жауап қатты. Ауру бала сол мезет Исламды қабылдады. Бұл үйден шыққаннан кейін Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у): «Менің себебіммен оны тозақ отынан құтқарған Аллаға мадақ болсын», - деп дұға етті. Бұл, әрине, бүгінгі мұсылмандарға да үлгі. Бұл ісіміз жұмаққа кірудің де тамаша бір мүмкіндігі екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Көңіл сұрай барғанда не айту керек деген сауал болса, оның жауабын да пайғамбар хадисінен табамыз. Расулулла (с.а.у): «Ауру адамның қасына барғанда, оған денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, рахаттандырыңдар. Бұл оның көңілін өсіреді», - деп кеңес берген. Науқасты зиярат ету сүннет. Науқастың қарайтын ешкімі жоқ болса, онда кифая уәжіп болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап барса, қайтқанға дейін жәннат бақшасының арасында болады.»

«Сүннетке сай дәрет алып, науқас болған мұсылман бауырын Аллаһ разылығы үшін зиярат еткен адам, қашықтығы жетпіс жылдық жол болған тозақтан алыстайды.» 

«Науқастанған мұсылманның көңілін таңертен сұрап барған адамға кешке дейін, ал кешке көңілін сұрап барған адамға таңға дейін жетпіс мың періште дұға етеді және истиғфар айтады (кешірілуін сұрайды).Жәннатта да оған бір бақша беріледі».

«Бір науқастың көңілін сұрап барып, қасында біраз отырған мұсылманға бір сәт те күнә істелмеген бір жылдық амал сауабы беріледі».

«Науқасты зиярат ету үш күннен кейін жасалу керек. Зияратты да сирек жасаңдар. Есінен танған болса зиярат ету қажет емес.»-деген хадистерде. 

Сондықтан біреу ауырып қалса, дереу көңілін сұрап бару,жиі-жиі бару да дұрыс емес.Оларға барғанда жаңа киіммен емес, күнде киіп жүрген киіммен бару керек.Науқастың бас жағында емес, төменірек отырған жөн болады.

Науқастың бетіне қарамай, оңға-солға қарау немесе алдына қарап отыру дұрыс болмайды, үздіксіз науқастың бетіне қарап тұру да дұрыс емес.

Науқастың қасында қайғылы болып тұрмау керек. Жақсы нәрселерді айтып беру керек, жазылып кетуіне дұға ету керек.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бір науқастың көңілін сұрап барғанда «Ештеңе етпейді, иншаалла бұл мазасыздығың күнәларыңды тазалайды» деген.

 

Көксу ауданы Балпық би мешітінің

бас имамы Е.ЕРІМБЕТ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз