Жәннат-( жұмақ, бейіш, пейіш) Алла Тағаланың бұл дүниеде өзіне иман келтіріп, бойұсынған, еш ортақ қоспай шынайы ықыласпен құлшылық қылған, тақуалықпен ғұмыр кешкен пендесіне бақи өмірде даярлаған мәңгілік ұлы нығметі, сыйы. Жәннатта шексіз нығметтер мен, мәңгілік түгесімейтін рахат өмір бар. Ол жақта адам көзі көрмеген, құлағы естімеген, ойы мен қиялына келмеген Ұлы Жаратушының жәннат иелері үшін ғана әзірлеген нығметтері бар. Олар онда мәңгі қалады, еш қартаймайды, қайғырмайды. Ауырмайды да өлмейді.
Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде жәннаттың нығметтері турасында «Тақуалар жұмақ бақшаларында, бұлақтардың басында болады. Оларға жұмаққа аман-есен болған күйде һәм (осынау шексіз нығмет, бақытты күндер бір күні таусылып қалмас па екен деп) қорықпастан кіріңдер-делінеді. Олардың көкіректеріндегі өшпенділік сезімін алып тастаймыз. Олар бір-бірімен шынайы дос-бауыр болып (алтын және асыл тастармен әшекейленген) төсектердің үстінде жылы жүзбен бір-біріне қарап, шат-шадыман болып отырады. Жұмақта олар шаршап-шалдығу дегенді білмейтін болады және ол жерден әсте шығарылмайды» дейді. Хижр сүресі 45-48 аяттар. «Расында тақуалар (о дүниеде) қауіпсіз, жайлы жерде болады. Олар жұмақ бақшаларында, бұлақтардың басында болады. Үлбіреген жібектен және атластан тігілген (бағалы) киім киіп, жылы шыраймен бір-біріне қарап шат-шадыман болып отырады...
Сондай-ақ, олар жұмақта (дүниедегі) алғашқы өлімнен кейін, әсте өлімнің ащы дәмін татпайды. Алла оларды тозақ азабынан сақтаған. Бұл – Раббыңның шексіз рақымынан. Міне, зор жетістік деген осы» Дұхан сүресі 51-57 аяттар. Алла Тағала бұл өмірге біздерді өзіне құлшылық қылу үшін жаратты. Қазақ бұл өмірді пәни өмір, қамшының сабындай жалған өмір, адам бұл дүниеге қонақ деп әрдайым бұл дүниеден бөлек о дүниенің яғни мәңгілік шынайы өмірдің бар екеніне иман келтіріп, бес уақыт намазын қаза қылмай, құлшылығын дүние тірлігімен қоса алып жүрген. Барлық адам баласы табиғатынан рахат өмір сүруді қалайды. Қиыншылық пен қайғы-қасіреттің болғанын қаламайды. Ал бұл жалған өмірде барлығы адамның қалағанындай болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан да Ұлы Жаратушымыз бұл жалғанның аздаған рахатына алданбай күнәдан тыйылуымызды әмір етеді. Егер де біз нәпсімізді арамнан тиып, Аллаға бойұсынар болсақ, Алла рахметіне бөлеп, жәннатына кіргізетініне уәде береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) Әбу Хурайрадан жеткен өзінің бір мүбарак хадисінде жәннаттың нығметтері жайлы ; «Алла Тағала: «Салиқалы құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ естімеген һәм ешбір адам баласының ойына кіріп-шықпаған керемет сый-сияпат дайындадым» - деп айтты деген.
Әбу Саидтен р.а. жеткен хадисте: Пайғамбарымыз с.а.с. « Жұмақтықтар араларындағы артықшылыққа байланысты өздерінен жоғарыда тұратын зәулім сарайлардың тұрғындарын бейне бір сендердің шығыс немесе батыс жақта жарқыраған алыс жұлдызды көріп, тамашалағандарыңдай ұзақтан қызықтайтын болады» , - дегенде сахабалар : «Уа, Расулаллаһ! Аталмыш мекен өзге ешкім жете алмайтын пайғамбарлар тұрағы ма»- деп сұрады. Сонда ол: Әрине. Әйтсе де, жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Сол мекенге жету бақыты Аллаға шынайы түрде иман етіп, Оның елшілерін растағанға да нәсіп болады,- деп жауап берді»-делінген.
Әбу Сайд және Әбу Хурайрадан жеткен келесі бір хадисте Алла елшісі с.а.с.: « Жұмақтықтар өздерінің мәңгілік тұрағы болған жәннатқа кіргенде, жар салушы періште оларға: «Сендер бұдан былай өлімнің не екенін білмей мәңгілік ғұмыр кешесіңдер. Еш уақытта ауырып-сырқамай әрдайым сау-сәлеметте боласыңдар, әсте қартаймай мәңгі уылжыған жас болып қаласыңдар, сондай-ақ, ешқашан бәле-жалаға ұшырамастан бақытқа бөленіп, мәңгі-бақи шалқып өмір сүресіңдер,- деп үн қатады», –дейді.
Жәннаттың нығметтері мен жәннаттықтарға берілетін несібелері жайлы көптеген аяттар мен хадистерде баяндалады. Жарысатын адам соған жарыссын дейді Алла Құранда. Шынымен де бұл өмірде бай болайық патша болайық, түптің түбінде ақырғы деміміз таусылып о дүниеге аттанарымыз хақ. Ол жақта не жұмақ не тозақ күтіп тұр баршамызды. Адам бұл дүниеде саналы түрде істеген барлық жақсы-жаман амалдары үшін жауап береді. Ал, мәңгілік өмірде азпқа душар болуды қаламасақ, Ұлы Жаратушымыз шақырған жәннатына асығайық. Пайғамбарымыз с.а.с. «Жәннаттың кілті – намаз» - деген. Ендеше бес уақыт намазымызды қаза қылмайық ағайын!
Алакөл ауданының бас имамы Әнет МОЛДАХМЕТОВ