https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Жомарттық Жәннәтқа жетелейді

25 Jan 2019 0 comment Оқылды: 1020 рет

 

Жомарттық – Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Өйткені, Оның бір есімі «көптеген нығмет беруші», «жақсылықтар мен ізгіліктерді молынан тарту етуші», «аса жомарт» деген мағынаны білдіретін «Кәрим» сипаты болып табылады. Алайда, жомарттық болар-болмасқа ақшаны шашу емес. Алланың құлдарына мұқияттылықпен әрі нығметтің қадірін біле отырып қайыр-садақа жасау. Негізінде Алла Тағаланың адамзат баласын жаратқанда неше түрлі ерекшеліктермен жаратқанын өмірден көріп жүрміз. Мәселен, мінез-құлқы, дене пішімі, әр адамның дыбыс ерекшеліктері, сонымен қатар біз қозғайын деп отырған негізгі тақырып жомарттығы. Бір адам жомарт, біреуі сараң етуде Жаратушы иеміздің қалауымен болатын іс екеніне күмәніміз жоқ. Адам баласындағы жомарттық қасиет Алланың өзінің сүйген құлына берген үлкен сыйы. Бәрі бірдей жомарт бола бермейді. Алла Тағаланың қалауы немесе сынағы десе де болады, бұл дүниеде біреуді бай, біреуді кедей қылып жаратты. Бұл деген өмір сынағы. Бай адам байлығын қалай жұмсау керек? Негізінде байлықтың өзі қайдан келді? Мұны берген кім, деп ой жүгіртіп көрелікші. Әрине рызық, несібе беретін тек бір Алла. Егер байлықты Алла берген болса, неге Алла разылығы үшін ол байлықты орын-орнына жұмсамасқа? Басты мәселе осында. Жомарттық деген ұғым қолы ашық, жүрегі жұмсақ, қайырымдылығы мен жақсылығы мол, мұқтаж жандарға мүмкіндігіне қарай, тек Алланың ризалығын ғана ойлап, қайырымдылық қолын созып, ешқандай мені ел көріп мақтасын демей көмек берген жан деген мағынаны білдіреді. Жомарттықа байланысты ойшыл, ақын Ғұмар Қараш:

Айтыңдар, көрдіңіз бе жомарттардың

Дәулеті кетіп қайыр тоқтағанын

Қайырдың ең үлкені халық пайдасын

Ізденіп, кем-кетігін жоқтағаның.

Жомарттыққа байланысты дана халқымыз: «Жомарт жан әр кез жортып жүреді, сараң адам үнемі қорқып жүреді» немесе сараңдыққа байланысты: «Ақылды арын қорғайды, сараң малын қорғайды» деген екен. Бұл деген ақылды адам көбіне ақыретті есінен шығармай ар-намысының құрбаны болып, қандай жағдай болсын Алланың ризалығын іздеп, несібе-нығметтеріне разы болып, өзге жандардың да қамын ойлап, қамқоршы болады. Ал сараң көбіне дүниені ойлап, дүнием көбейсе екен, біреуге берсе орны толмайтындай уайым шырмауында жүреді. Осы сөзге орай хадисте айтылғандай: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жомарт – Аллаға, жәннәтқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннәттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын»-деген. (Тирмизи, Бирр, 40) Өте бай және жомарт болған хазреті Абдуллаһ бин Жафар-и Тайиар бір құрма бағының жанынан өтіп бара жатқан еді. Бір қара нәсілді құл, бақшада жұмыс істеп жатқанда, оған үш мезгілдік тамақ әкеледі. Сол сәтте бір күшік құлдың қасына жүгіріп барады. Тамағының бір бөлігін оған бергенінде, күшік бірден жеп қояды. Екіншісін де, кейінірек үшінші бөлігін де береді. Бұны байқап тұрған хазреті Абдуллаһ бұл құлдың қасына жақындап сұрайды:

- Әй досым, не үшін өзің аш бола тұрып, үш мезгіл тамағыңның бәрін күшікке бердің?

- Мырзам, бұл күшік алыс жерден келген. Өте аш және несібесін іздеп жүр.

- Жарайды, ал өзің не жейсің?

- Аш жүріп, сабыр сақтаймын.

Хазреті Абдуллаһ көрген естігендеріне әсерленіп: «Халық мені жомарт деп біледі. Ал мына қара нәсілді құлдың жомарттылығы менікінен де артық» – дейді. Құрма бағын және осы құлды қожайынынан сатып алады. Құлды азат етеді де, еркіндік береді. Құрма бағын да ішіндегілерімен бірге өзіне сыйға тартады. Сол кезде хазреті Абдуллаһқа біреу: «Сен қазір одан да жомарт болдың» – депті. Сонда: «Өкінішке орай олай емес. Өйткені, ол қолындағы иеленген мүлкінің бәрін берді. Ал мен, иеленгенімнің аз ғана бөлігін бердім» – деген екен. Жомарттықтың ең қабыл болмағы – өзі мұқтаж бола тұра өзгеге беру. Қолындағы барын беру байлықтың берекетін арттырып, бұл дүниенің берекетімен қоса ақыретте де ерекше сыйға бөленеді. Жомарттық – көркем мінезділік. Бай адамның берген зекеті кедей мен байдың арасын жақындатады. Құл мен Жаратушының арасындағы берік қатынасты қамтамасыз етеді. Жомарттық – жәннәтқа апаратын берік жолдардың бірі. Жомарт жандар фәни нәрселерді Жаратушыларына беру арқылы бақилыққа қол жеткізеді. Дүние тіршілігінде адамзат пендешілікке салынбай Алланың құптағанын орындап, өміріне, дүниесіне зиянын тигізетін ұнамсыз қылықтардың бірі – дүниеқұмарлық пен сараңдық. Алла баршамызды жомарт болған пенделерден болуды нәсіп етсін Әмин!

 

Текелі қаласы «Керімбек би»

мешітінің бас имамы

Аман Айтбосынұлы

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз