(өмірде болған оқиға)
Малайзия. Оқу жылы енді басталып жатқан кез еді. Университеттің алды ығы-жығы адам. Бір-бірімен танысып-білісіп жатқан жастар. Әр жерден бір естілген күлкі.
Бұл жыл 4-курстың студенттері үшін, тіпті, ерекше. Себебі, олар осы жылы өздерінің сүйікті оқу орындарымен қоштасады. Төрт жылда бірге жүріп, бір күліп, бір нанды бөлісіп жеген, туғанындай болып кеткен достарынан қол үзеді. Осыны ескерген психология ғылымының докторы Мұхаммад Зейн 4-курс студенттері арасында байқау ұйымдастырды. Байқаудың ерекшелігі сол, онда бір жыл бойы белгілі бір адамға көмек қолыңды созып, сол адамның өміріне сәл де болса өзгеріс енгізуің керек. Әр ісіңнің нәтижесін қағазға түсіріп, оны таспаға жазып алуың керек. Бұл байқау өзге байқаулардан өзгерек, әрі өзгелермен бәсекелесе жүріп, біреуге жақсылық жасайтын болғандықтан, жүлдесі де қомақты болғандықтан, қатысуға ниет білдіргендердің саны өте көп еді.
23 жасар Адам да осы байқауға қатысып, бағын сынап көрмек болды. Бірқатар базарларды, сауда орындарын аралады. Көмекке мұқтаж адамды іздестірді. Бұл оның өз туып-өскен қаласы болғандықтан, бәрін танитын. Көзіне ешкім іліге қоймады.
Бірде университеттің алдынан ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткен шет ел азаматын жолықтырды. Оның көзінде мұң бар еді. Бір нүктеге қарап ұзақ қадалып отыратын әлгі жігітті күн сайын бақылауына алды. Ол ешкіммен сөйлеспейтін болып шықты. Бәлкім, бөтен ортаға үйренісе алмай жүрген болар. Арада біраз күн өткенде Адам жігіттің қасына барып, одан сыр тартып көрмек болды. Шынында да, жігіт осы жердің тумасы емес, шет елден келген азамат екен. Әрі тілі де жаттыға қоймаған, кейбір сөздерді түсінбей қалатындықтан, ортаға сіңісе алмай жүргенін, қаражатының да азайғанын, оқуды тастауға мәжбүр екенін айтты. Адамның басына жаңа бір идея келді. Ол ештеңе сездірместен, оқуға бару керектігін айтып, орнынан тұрып кетті. Әлгі жігіт тағы да жалғыз қалды...
Кешкісін фейсбукті ашып, әкесіне хат жазды. «Әке, мені осы оқуға түсіру үшін барыңызды салғаныңызды білемін. Мен қатардан қалмасын деп күні-түні талмай жұмыс істеп жүрсіз. Мен қалайда осы оқуды бітіріп, сіз қалағандай маман иесі болып шығамын, үмітіңізді ақтаймын деп сенген едім. Алайда, бұл жақта өмір сүру тым қиын секілді. Ешқандай досым жоқ, жападан-жалғыз далада қалғандаймын. Ешкім мені елеп-ескермейді, адам құрлы көрмейді. Әне, барлығы кешкі асқа кетті. Ал мен... отырмын... Әке, мен бұл оқуды соңына дейін жеткізе алмайтын секілдімін. Ақшам да таусылуға жақын...» - деді де, көзін жұмып тұрып, хатты қинала-қинала әкесіне жіберді. Сөйтті де, шамды өшіріп, ұйықтап қалды. Ертесіне таңертең тұрса, бөлмеде ешкім жоқ. Бәрі ерте тұрып, кітапханаға кеткен секілді. Ештеңеге зауқы жоқ, орнынан керіліп тұра бергенде төсегінің басынан су жаңа қалпақты көрді. Соңғы үлгідегі қалпақ. Қасында қағазы бар. Онда: «Досым, менің сені бақылап жүргеніме біраз уақыт болды. Өзің өте жақсы адам секілдісің. Менің сен секілді батыл, еңбекқор, алғыр жігіттермен дос болғым келеді. Сенің талантты әрі білімді екенің көзіңнен көрініп тұр. Мынау саған сыйлаған шағын ғана сыйлығым. Қабыл ал!» - деп жазылған.
Жігіт ішінен қатты қуанды. Әлгі белгісіз қайырымды жанның кім екенін білгісі келді. Алайда, ол өзі туралы ешқандай ақпарат қалдырмапты. Жігіт қуанышын жасыра алмай, бұл жаңалықты фейсбуктегі парақшасына салды. Бұлай бола қояр деп ойламаған еді, негізі оның тілекші достары мен жанашырлары өзі ойлағаннан да көп екен. Барлығы қалпақтың әдемі екенін айтып, құттықтап жатты.
Ол қуанған күйі бейтаныс адамның тосын сыйын сөмкесіне салды да, сабағына келді. Қыз-жігіттердің барлығы бір жерге үйіліп қалған. Бірдеңені талқылап жатыр екен. Жақындап көріп еді, барлығының қолында бүгін кешке болатын жаңа фильмнің афишасы, «сен де барасың ба?» дегендей ым танытты. Жігіттің ақшасы аз екені есіне түсті. Егер қалған ақшасына қыдырып, я киноға барып қоятын болса, еліне қайта алмай қалуы мүмкін. Фильм жолы болмай жүріп, өзінің алғырлығы мен еңбекқорлығының арқасында биік шыңды бағындырған тұлға жайында екен. Бір жағынан, барғысы-ақ келіп тұр. Группаластарымен тіл табысып кетудің сәті келіп тұрған сияқты. Алайда, ақша да керек. Сөйтіп, не керек, бармайтын болып шешті. Сабақ аяқталар кезде оған бір курс жоғары оқитын бір жігіт келді. Қолында билет. «Мына билет сенікі, оны саған төменде бір досың беріп жіберді, кешікпей кел!» - деді ол күлімдеп. Кім екенін де сұрап үлгертпестен бұрылып кетіп қалды. Жігіт тағы да аң-таң. Бұл бейтаныс адам кім болды екен?
Қолына қарады. Су жаңа билет. Ол тағы да қуанышын жасыра алмады. Өзіне жақсылық жасаған жанға алғысын білдірмек ниетпен фейсбукке тағы бір сыйлық алғанын қуана-қуана жазды. Бұл жолы оған пікір жазып, құттықтағандар одан да көп болды. Көпшілігі оның өміріне қызыға да, қызғана да қарады. Себебі, бұл – жаңа шыққан сапалы әрі мағыналы фильм еді.
Сөйтіп, не керек, жігіт киноға да барды. Группаластарымен бірге түскен көңілді суреттері ғаламторда тарап кетті. Оның үстіне, группаластары оны шеттетпей, бірге ойнап-күле бастағандай.
Алайда, шет елдік жігіттің ақшасы шынында да таусылуға жақын қалған еді. Таңертең ерте тұрып кітапханаға бармақ болды. Кеше күні бойы аш жүрген еді. Әлсірей бастағанын іші сезіп тұр. Аудиторияға кіре бере достары шулап қарсы алды: «Саған бір кісі түскі ас қалдырып кетті. Жүрсеңші, асханаға барып жейміз», - деді. Жігіт қуана-қуана келісті. Көптен жей алмай жүрген дәмді тамақтарының түр-түрі тұр. Бұл жолы да өзіне сый жасалғанын айтып, ғаламторға жазды. Сөйтіп, не керек, бір кездері ешкім елемей, ешкіммен сөйлесе алмай жүрген азамат аяқ астынан көпшіліктің назарына ілікті. Барлығы оны арқасынан қағып, қуана-қуана қарсы алатын болды. Онымен әзілдесіп, ойнайтын болды.
Жігіт бір сәт өзін бақытты адамдай сезінді. Оның енді қалып, оқи бергісі келді. Әрі бұрынғыдай емес, бірге жүретін, сөйлесетін достары да бар. Түнде жастығының астынан оралған ақ қағазды көрді. Тағы да әлгі жазу. Онда: «Досым, егер ақша керек болса, осы жерден қалағаныңша алып, жұмсай бер», - деп жазылған. Жігіт енді шыдай алмайтынын біліп, бұл туралы достарына айтты. Бірақ ешқайсысы өздерінің олай жасап жүрмегенін айтып ақталды. Сөйтіп, не керек, достары да, ақшасы да бар ол ендігі бар ынта-жігерін сабаққа арнады. Курстарға жазылып, тіл үйренді. Өзінің әзілқойлығының, спортқа деген қызығушылығының арқасында түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды.
Адам мұның барлығын сырттай бақылап жүрген еді. Керек жерлерінде бейнетаспаға да түсіріп үлгерді. Бұл ісі өзіне де қатты ұнады. Өзінің қолынан осынша көп іс келеді деп ойламаған еді. Ол күн сайын жаңа бір идеялар ойлап тауып, шет елдік азаматты қуантудан жалықпады. Осыдан соң бір адамға болсын, үміт отын сыйлап, жақсылық жасағаны үшін өзін бақытты сезінді. Профессор Мұхаммад Зейн байқауға қатысқан жұмыстарды сараптай келе, Адамның жобасын үздік деп таныды.
Иә, шынайы ықылас, ақ ниетпен жасалған жақсылық әрқашан өз жемісін береді. Әр адам бір адамға болсын пайдасын тигізіп, қолынан келгенше көмек қолын созса, бұл бүкіл қоғамның жақсаруына септігін тигізетіні анық.
Зерде Қадырбекқызы
«Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?» байқауынан.