Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Асыл дініміз-адамзатты тек ізгілік пен бейбітшілікке үндеумен қатар күнә мен арсыздықтан қайтара келе мәңгілік бақытқа жетелейтін дін. Адам баласы бақыт жетістігіне жету барысында өзін күнәдан аулақ ұстап,хайр-ихсан амалдарды істеуі ләзім болып табылады. Алла Тағала құранда: «Жақсылық пен тақуалыққа жәрдемдесіңдер де, күнә мен дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер»-деп адамзатты ізгілікке шақыруда. Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрәк хадис шарифінде: «Жақсылық-мінездің көркемдігі, күнә-сенің көкірегіңдегі тыныштық бермеген нәрсе,сен оны адамдарға ашылуын ұнатпайсың» -деп,күнә адам баласының кеудесіне биязылық бермейтінін баяндап айтқан. Осы бір адам кеудесіне тыныштық бермейтін әрі улкен күнәлардың бірі ғайбат болмақ.
Ғайбат-мұсылман бауырыңның немесе басқа діндегі кісінің кемшіліктерін сол кісі жоқ кезінде зікір ету. Мейлі ол кемшілік денесінде, дүние мүлкінде, ісінде, сөзінде, дінінде, тегінде, тіпті киімінде болса да, кейбір тақуалардың айтуынша: Егерде бір кісі:пәленшенің киімі ұзын не болмаса қысқа екен десе, соның өзі ғайбат деген.Алла Тағала құранда: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Сендерөлі бауырларыңның етін жегенді ұнатасыңдар ма? Әрине жеккөресіңдер»-деп, біздерге осылайша ғайбат айтудың қаншалықты жиіркенішті іс екенін баяндауда. Алла елшісі (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ғайбат айтудан қайтарып,күнәсі ойнастық істеуден де артық екенін айтқан.Алла елшісі (Алланың сәлемі мен игілігі болсын): Ғайбаттан аулақ болыңдар! Шындығында оның күнәсі зинадан артық, себебі қандайда бір кісі зина істеп, тәубе етсе, Алла тәубәсін қабыл етеді, ал ғайбат айтушының күнәсі екінші ғайбатталған кісі кешірмейінше , Алла да оны кешірмейді»-деген.
Бірде Алла елшісіне (Алланың сәлемі мен игілгі болсын) кейбір қажеттіліктері үшін бойы аласа бір әйел кіріп келеді.Әлгі әйел шығып кеткен соң Айша анамыз(р.а) бойы неткен аласа еді дегенде,Алла елшісі (алланың сәлемі мен игілігі болсын). «Ей,Айша сен оны ғайбаттадың»-деген екен.Ата-бабамыздың он күнәнің тоғызы тілден екен деудің де сыры осы аят,хадистерге жүгініп айтқаны болса керек. Тағы бір хадиске жүгінер болсақ, ғайбат айтушы үлкен үш апатқа тап болатындығын ескертеді.Алла елшісі (Алланың сәлемі мен игілігі болсын): Ғайбаттан аулақ болыңдар!Расында ғайбатта үш апат бар: Дұға тілектері қабыл етілмейді, істеген жақсы амалдара да қабыл болмайды, әрі күнәсі арта береді, -деп қатаң ескертіп айтқан.Басқа бір хадисте ахіретте де халі ауыр болатынын баяндаған: Кімде –кім мұсылман бауырын ғайбаттаса, Алла Тағала қиямет күні жүзін арқасына бұрып қоятынын айтып өткен. Тағы бір Абу Хурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : Кімде-кім бауырының етін осы дүниеде жесе, қиямет күні алдына әкелінеді де, былай делінеді: Сен оны тірі кезінде жеп едің ғой, ал енді өлі халінде же делінеді, сөйтіп ол оны жейді, -деп мыны аятты оқыды: « Сендер өлі бауырыңның етін жегенді ұнатасыңдар ма?» -деді.
Әл Кәбир атты ғұламаның былай дегенін жеткізеді: «Мен бір кісінің артынын ғайбат айтқанымнан гөрі Рамазан айында ауыз бекітпеуім мен үшін жақсырақ» деп, тілге сақ болудың қаншалықты өмірімізде орын алатындығын ескертіп айтқан. Құрметті оқырман қауым! Алла сіздер мен біздерді тілімізге сақ жүретін құлдарынан етсін!
Алкөл ауданының бас имамы
Молдахметов Әнет