Асыл дінімізде адам өмірінің сан – алуан қырлары толық қамтылған. Адам баласы мына өмірге келгеннен бастап, ана дүниеге аттанған сәтіне дейін қалай жүріп-тұруы, қандай жол ұстануы, тәні мен жан тазалығы, құлшылық-ғибадаты – бәрі де Исламда анық та, айқын көрсетілген.
Әрбір жан, мейлі ол мұсылман болсын, мейлі басқа дін өкілі болсын, өзін толғандырып жүрген мәселе бойынша ислам ғұламаларының еңбектерінен, не болмаса мешіт имамдарынан тікелей өз сұрақтарына жауап таба алады. Себебі, Алла Тағала тарапынан жіберілген Хақ дінді бізге жеткізудің бастауында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) тұр. Ал ол кісі (с.а.у.) жаратылыстардың ішіндегі ең таза, ең пәк, теңдессіз болуымен қатар, Исламға қатысты бар мағлұматты тікелей Жаратушы тарапынан алып отырған адам.
Яғни, қоғамдағы бар қарым-қатынасты толық реттеп отыруға Ислам жетеді, егер адам баласы шариғат заңдарын сақтаса - өмірі бақытты, жүрегінде еш уайым-қайғы, қорқыныш, күйзеліс болмайды.
Раббымыз бізді Құранда айтылғандай тек өзіне құлшылық жасау үшін жаратты. Біздің әрбір ісіміз, әр деміміз – ғибадат. Мына дүние біз үшін бір сынақ. Және байлық пен кедейлік, не болмаса сабыр, жомарттық сияқты нәрселермен ғана емес, қарапайым ғана сәлемдесу, хал-жағдай сұрау, кісіге жылы сөз айтып, жылы қабақ таныту сияқты нәрселермен де сыналады екенбіз.
Хадис шарифте айтылады:
«Мұсылманның басқа мұсылманның алдында бес ақысы бар: сәлеміне жауап беру, ауырып қалғанда көңілін сұрап бару, жаназасына бару, қонаққа шақырғанда бару, түшкіріп «әлхамдулиллаһ» деген кезінде «йәрхамукаллаһ» деп айту» (Мүслим).
Мұсылман адам пайғамбырымыздың (с.а.у.) сүннетін жаңалау арқылы мол сауапқа кенелетіні мәлім. Ал, ауру адамның көңілін сұрап бару көп қиындық туғызбайтын, ешбір шығынды керек етпейтін амал ғой! Жай ғана зиярат ету арқылы қандай сауапқа кенелуге болады.
Ауру – мұсылманға келген сынақ. Сынақ үстіндегі адамға барып, көңілін көтеріп, дем берген қандай жақсы!
Өзіңіз ойлаңыз:
Бір кісі жарысқа түсті делік. «Жеңем бе, жеңілем бе»- деп қобалжып тұрған ол кісіге жанкүйерлерінің дем беруі қандай күш береді! Ал Сіз болсаңыз Алла Тағала тарапынан сыналып жатқан бауырыңыздың көңілін сұрап, шипа тілеп дұға оқығаныңыз оған қанда жеңілдік әкеледі!
Қазақта «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деген мақал бар. Яғни, Сіз ол кісіге тек күш беріп қана қоймай, сабырға келуіне де себепкер болдыңыз.
«Алла Тағала біреуге «Мен ауырып қалдым, менің көңілімді сұрап келмедің» дейді. Ол адам «Ия Раббым, сені қалай зиярат ететінімді білмеймін» дегенде «Пәленше мұсылман ауырған кезде көңілін сұрап барғаныңда, мені табатын едің» дейді» (Мүслим).
Алла Тағала бізді әрдайым жақсы істеріміз арқылы Өзін Мейірімді, Рақымды деген көркем есімдерімен табатын, Жаратушысының Кешіріміне ие болған құлдардың қатарынан етсін!
Талдықорған қаласы,
Еркін мешіті.