https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Иман

15 Nov 2018 0 comment Оқылды: 1031 рет

 

Бүкіл жаратқанын аш қалдырмай, ризығын бөліп берген Аллаға илануды, иман дейміз. Және оған сену, ақыл иесі болған пендеге парыз. Себебі адам баласы дене мен жанның бірлесуінен пайда болған тіршілік иесі. Денеміз азықты қалай қажет етсе, жанымыз да азықты солай қажет етеді. Ал жанның азығы адастырмайтын дұрыс сенім. Адам сенгенімен бірге деген Пайғамбарымыз (с.ғ.у). Аллаһ тағаланың Мұхаммед (с.ғ.у) пайғамбар етіп жіберудегі мақсаты да адамдарға тура сенімді үйрету. Бұл жердегі сенім сөзінің мағынасы «Иман». Лә иләһә иллаллаһ Алладан басқа тәңір жоқ екеніне иман келтіру. Исра сүресі 42 аятта «Егер Алладан басқа тағы бір құдірет болса, ол Алладан үстем болудың жолдарын іздеп бақпас па еді?» Деген. Ал ғафир сүресінде «Бар нәрсені жаратқан сол. Одан басқа ешқандай тәңір жоқ» деп өзінің жалғыз екендігін ескертті. Егер бұған иман келтірсе, ол адам мұсылман болып есептеледі. Фұссилат сүресінде «Мен шын мұсылманмын деген адамнан артық сөзі жақсы кім бар?» -деген. Аллаһ тағаланың жіберген елшілерінің барлығы адамдарға осы калиманы жеткізген. Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Барлық пайғамбарлардың анасы бөлек болғанымен діні біреу», және Қияметте адам баласының барлық амалы таразының бір жағына қойылып, ал бір жағына «Лә иләһа иллалаһ» сөзі қойылатын болса әлбетте, «Лә иләһа иллаллаһ» сөзі басып кетер еді» деген. Сол себептен Меккедегі 13 жылында адамдарға тек осы калиманы жеткізумен болған.

Аллаһ тағала қасиетті құран кәрімнің Ибраһим сүресі 25аятында: Алланың мынандай бір мысалын көрген боларсың? Жақсы сөз (Алладан басқа тәңір жоқ) деген, мықты ағаш тәрізді, оның тамыры тереңде болады да бұтақтары аспанды бойлап кетеді. Ол Алланың әмірімен мезгіл мезгіл жеміс беріп тұратын жеміс ағашына ұқсайды. Адамдар ғибрат алсын деп, Аллаһ оларға осындай мысалдар келтірген деді. Ибн Ъаббас (р.ъ) Бұл аят турасында былай деген. «Осы аяттарда куәлік сөзі ишарат етілген. Тамыры, мүмин құлдың сөзінде және жүрегінде, ал бұтақтары көкте. Сондықтан мүминнің амалдары, іс әрекеттері аспанға көтеріледі деген. «Сол ағаштың әр уақыт жеміс беруі- пенденің күндіз түні Аллаһты еске алып зікір етуі»

Иман, бір адамға ата анасының тәрбиесімен келеді, ал бір адам, имансыз істеген амалдары, оны тек кері тартқаннан кейін, яғни басын тауға да тасқа да соғып, Құдайсыз қурайдың да сынбайтынын түсініп, көзі жетіп келеді. Бұл иманның көзімен көріп, миымен қортқанының белгісі. Жүрегіне жететін кезде, ол адам әр нәрсеге байыптап көз жүгіртіп, бұрын соңды көрмегендей,біреудің бір жапырақ қағазға өлі салынған пейзажы емес, жайқалып тірі тұрған табиғатқа да таңданыспен қарай бастайды. Көзіне не нәрсе көрінсе соның бәрі, бір жаратушы Құдіреттің туындысы екенін түсінеді. Бұл бас көзінің емес, көкірек көзінің ашылған кезі. Осы кезде ол адам, сансыз нығметті өзі үшін жаратылғанын біліп, Жаратушыға шүкіршілігін қалай жеткізуді ойлайды. Алланың ондай нығметтерін санап тауыса алмайсыңдар» Ибраһим сүресі 34аят. Адам баласына Жан, Ақыл, Нәпсі берілген, егер бір адамның жаны бар, ақылы жоқ болса, онда нәпсінің жетегінде ғана жүреді. Ал нәпсісін өз ақылымен басқаратын болса, онда адасады. Бұл жерде міндетті түрде иман қажет, себебі, ақылмен Алланы танып иманды болады. Ақылмен танылған иман, жанып тұрған шам сияқты. Жанған шамның соңынан қараңғы түнектен шығу үшін, қарақұрым халық ереді. Және ол жанған шаммен, жаны бар, бірақ иманы жоқтардың, иманын тұтатуға болады. Жүрегіңізде жанған осы иман отын сөндіріп алмас үшін, оны өшіруге жанын сала кіріскен нәпсімен шайтаннан қорғауыңыз керек. Ал оның қорғаны тек ақылды болу ғана емес, сонымен қатар амал қажет. «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» Абай.

кербұлақ аудандық орталық мешіт бас имамы

Қанат Маратұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз