Тақуалық адамның діни, адамгершілік, әдептілік парыздары мен міндеттеріне адалдығын сипаттайтын имандылық қасиеті. Тақуалық адамның ішкі сенімі мен соған лайық амалының, сөзі мен ісінің, әрекеттің арасындағы үйлесімділікпен жүзеге асады. Сондықтан адамның сырт келбеті, діни-ғұрыптық киімі немесе шешен сөзі ол адамның соған лайық іс атқармайынша Тақуалықтың көрсеткіші бола алмайды. Тақуалыққа жетудің қиындығы да осында. Ішкі сенімнен қуат алған Тақуалық адам бойындағы тұрақтылық, табандылық, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерінің нығаюына игі ықпал етеді. Ал адам өзін тақуа қылып көрсетуді ғана мақсат етіп, сыртқы түрін түзетсе, оның Тақуалықғы - риякерлікке, сөзі - жалғандыққа, әрекеті - көзбояушылыққа айналады. Діни көзқараста егер адамның Тақуалығы ішкі сенімнен басталмай, әрекеті адамдық ар – ожданмен үйлеспесе, ол адамның жасаған ғибадат – құлшылығы да еш пайда бермейді. Әбу Хурайра (р.а) айтады: Пайғамбарымыздан (с.а.с) көбірек жәннатқа кіргізетін амал жайында сұралғанда, «Тақуалық және көркем мінез», - деп жауап берді. Көркем сөйлеу, адамдармен жақсы қарым - қатынаста болу, адамдарға сабырлы болып оларға жәрдем беру сияқты ұнамды болған мінез - құлықтардың Исламда үлкен орны бар. Құран Кәрімде «Міне осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші», - деген. Шәкәрім - Ислам жолымен айтсақ, нағыз тақуа мұсылман, ал ғылым тілімен айтсақ ойшыл ғалым, кемеңгер парасат иесі. Имам Ағзам түні бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын, тілін жалған сөзден сақтап, тәнін пәк ұстайтын, жағымсыз іс-әрекет пен ойын-сауықтан аулақ жүретін, Алла Тағаланың разылығын табуды өзіне парыз санайтын. Ол тақуа, білімді және парасаттылығынан да харам істерге жоламайтын, күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын өте сақ адам болатын. Сондықтан, оның уағызы әрбір тыңдаушы жүрегіне жететін.
Әбу Жағфар ар- Рази (р.а): «Мен Әбу Ханифадан артық ғалым әрі тақуа адамды кезіктірмедім», - десе, Жағфар ибн Раийғ (р.а): «Мен Әбу Ханифамен бес жыл бірге тұрдым. Одан аз сөзді жанды көрмедім. Ал одан бір-ақ нәрсе жайлы сұраса, ол ашылып, сел тәрізді ағылар еді», - деп еске алады. Ал, Йазид (р.а): «Тақуалық пен ақыл-парасаттылықта Әбу Ханифаға (р.а) тең келетін адамды көрмедім», - десе, Әбу Асим Нубәйл (р.а): «Әбу Ханифа (р.а) намазды қадалып көп оқығандығы үшін, көпшілік оны «қазық» деп атап кеткен», - дейді. Даналардан қалған сөзге тоқталып өтсек: «Тақуаның алдында бес асу бар. Сол асулардан өте алса тақуалыққа қол жеткізеді: 1) рахатты қиындыққа айырбастау, 2) демалысты ауыр еңбекпен айырбастау, 3) өзін жоғары ұстауды төмен ұстауға айырбастау, 4) көп сөзділікті үнсіздікке айырбастау, 5) өмірді өліммен айырбастау», - деген. Алла баршамызды тақулардан етсін Әмин.
Текелі қалалық «Керімбек би» мешітінің
бас имамы Аман Айтбосынұлы