Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазан күні Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Елбасы бұл жолы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту туралы айтып қана қоймай, нақты 6 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Жолдаудың ерекшелігі неде? Біз осы сұраққа Жолдау мәтініне контент-талдау жасау арқылы жауап іздеп көрдік.
2019 ЖЫЛ – ЖАСТАР ЖЫЛЫ
Елбасының қай жолдауын алсақ та, жастарға қатысты жобалар мен бастамаларға баса назар аударылып келген. Президенттің бұл жолдауында да жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіп, келер 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды.
Жолдауда: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл турасында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев пікірін білдіріп, Елбасының осы жолғы Жолдауын нақты жастарға арналған Жолдау ретінде қабылдағанын айтты.
«Себебі, өздеріңіз білетіндей 2005 жылдың ақпан айындағы Жолдауында Президент жастарға арналған үлкен бағдарламаларды бастап берген болатын. Ол кезде «Жасыл ел» бағдарламасы қолға алынып, студенттік отрядтар жұмысын бастаған. Сол секілді жастарға нақты бағыттар осы Жолдауда да қарастырылып отыр. 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланады. Алдымызда үлкен өзгерістер келе жатыр. Ол өзгерістерді жастармен бірге жүзеге асырмасақ, оларға тек жоғарыдан отырып, бақылағымыз келсе - жоспарлы жұмыс еш нәтиже бермейтінін бәріміз білеміз», - дейді Мұхтар Манкеев.
«Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы өз сөзінде биылдан бастап қойылған мақсаттарға қалай жету керектігін жастармен талқылай отырып жету керектігін тілге тиек етті.
«Жастар саясаты - кішігірім семинар, форум немесе жиын өткізу емес, жастардың жүйелі мәселелерінің бірлесе шешімін табу. Сондықтан, бұл Президенттің 23-Жолдауы - нақты, технократты, жоспары мен бюджеті бар Жолдау болды. Бұл жерде көп ойланар ештеңе жоқ. Бәріміз бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деп түйді Мұхтар Манкеев.
ЕҢБЕКАҚЫ ӨСЕДІ
Мемлекет басшысы үкіметке 2019 жылы елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуді және қалалардағы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуді жүктеп, нақты тапсырмаларды міндеттеді.
Елбасы коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ретке келмегендігін айтып, 3 ай мерзім ішінде осы мәселенің түйінін шешу керектігін айтты.
- Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Бұл барлық салада жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның жалақысын ұлғайтады, - деді Назарбаев.
Жалақыны өсіру туралы, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. "Осы мақсатқа 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 96 милилард теңге бөлінеді" деді Президент.
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған Жолдауына пікір білдірген жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауының тарихи маңызы бар. Алайда бүгінгі Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға мән берілуімен құнды»,- деді.
БІЛІМ САЛАСЫ МЕН ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ
Сонымен бірге Назарбаев Қазақстанда келесі жылға дейін педагог мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды. Ол жергілікті биліктің "барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын" сынады.
- Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді, - деді Назарбаев.
Президент бұған қоса елде кейбір аймақтарда мектеп жетіспей, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын сынап, бұл мәселені шешу үшін үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.
Елде жоғары білім гранттарының саны көбейтілгенін еске салған Президент енді жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігін айтты:
«Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен аймақтық жаңа жоғары оқу орнын құру қажет», - деді Президент.
Сонымен бірге Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап науқастарды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды.
Бұл турасында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев: «Бюджеттік қызметкерлер мен ұстаздарымызға арналған бастамалар - бүгінгі қоғамға қажетті өзгерістердің бірі де бірегейі, бұл тапсырмаларды Елбасы жеке назарына алды» - деп өз пікірін ортаға салды.
"ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЭКОНОМИКАҒА БЕТ БҰРУ"
Жұма күнгі жолдауында Назарбаев елде "халық тұтынатын тауарлар" шығаратын кәсіпорындарды қолдау қажеттігін айтып, "қарапайым тауарлар экономикасын" дамытуды ұсынды.
Елбасы өзінің Жолдауында «Үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін тауар экспорттауға бағытталған экономика құрып, ел ішіндегі тауар өндірісін біртіндеп ұлғайту шараларын қабылдауы тиіс... Әркім өз міндетін орындап, біздің бизнесті қорғауы тиіс және олардың басқа елдерге өтуіне жұмыс істеуі керек», - деді.
Н.Ә.Назарбаев алдағы үш жылда өңдеуші өнеркәсібін қолдауға қосымша 500 миллиард теңге (1,35 миллиард доллардан астам) бөлу керек. Сондай-ақ, Қазақстан "қолма-қол ақшасыз экономикаға бет бұруы" қажет екендігін айтты.
Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтуді тапсырды.
Назарбаев бұған қоса шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартылатынын, оны іске асыруға қосымша жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады. Ол азаматтардың сот жүйесі мен полицияға сенімін қамтамасыз ету қажет деп мәлімдеді. Бұған қоса Назарбаев Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттігін айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "жемқор шенеуніктерді ұстауды" тапсырды.
ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕС ҚОСУЫ ТИІС
Елбасы: «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды», - деп қолға алынып жатқан әр шараға жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
Сөз соңын: «Қымбатты қазақстандықтар! Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз. Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы. «Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқымыз. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл турасында Мұхтар Манкеев: «Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік үлкен саясаттың жаңа бағыты - әлеуметтік қоғамды дамыту, адамдардың өмір сапасын көтеру болып келе жатыр. Бұдан бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санамызды жаңғыртуды мақсат тұтса, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы «7-20-25» бағдарламасы жаңадан отау тігіп жатқан жастарға үлкен қолдау болып отыр. Ал кешегі Жолдауда айтылған нақты стратегиялық жоспар - алдымызға қойған мақсаттарға қалай қол жеткізетінімізді айқындап берді», - деді.
Қорыта келе айтарымыз, Жолдауда көтерілген мәселелер Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың қарапайым өз ауласында спортпен шұғылдануынан бастап қауіпсіздігіне дейінгі мәселелерді қамтыды. Бюджеттік қызметкерлер мен ұстаздарымызға арналған бастамалар бүгінгі қоғамға қажетті өзгерістердің бірі де бірегейі, бұл тапсырмаларды Елбасы жеке назарына алды. Қоғамның әр азаматы өз жұмысын еліміздің дамуына апарар маңызды істің бөлігі деп білсе, зайырлы мемлекет ретінде көздеген мақсаттарымыз алыс емес. Яғни, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу алгоритмі жолдауда анық көрсетілген, ең бастысы соны дұрыс жүзеге асыра білу керек.