https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЖОЛЫҢ ЖАБЫЛЫП, ҚАРЫЗЫҢ КӨБЕЙІП КЕТТІ МЕ?

17 Oct 2018 0 comment Оқылды: 1500 рет

«Өмірім шиеленісіп, ісім өнбейді», «Бүкіл әлем маған қарсы әрекет жасайды», «Менен басқасының жұлдызы оңынан туғыш әйтеуір», «Қиыншылыққа үнемі тап келіп, «жолы болмайтындар» деген тізімнің көшін бастап тұрмын» деп ойлап жүрсіз бе? Бұл тығырықтан қалай шықпақсыз? Ендеше  «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, көңіліңізді күпті етіп жүрген  осы жайттардың негізгі туындау себебі қай тұста? Оны шешудің жолдары қандай деген сұрақтардың жауабын табуға тырысып көрейік.  

Ойға алған ісіңіз орындалсын десеңіз...

«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» - деген екен Мұхтар Әуезов. Кез-келген істі бастамас бұрын ақылға салып, ниетпен бекітеміз. Ниет – қандай да бір  іс-амалға, ерекше нәрсеге ұмтылу ретінде алға мақсат қою. Кісіні діттегеніне жеткізетін де, істің мәні мен мағынасын айқындайтын да – ниет. Ол адамның сана сезіміне қарай жақсы және жаман болып бөлінеді. Біреудің тілеуін тілеп, еш жамандық ойламайтын адамды «ақ ниетті» деп жатамыз. Ондай жанның ойға алған ісі үнемі орындалады, өмір сүру дағдысы бір қалыпты жайма-шуақ күйге енеді. Халық сондай ашық-жарқын мінезді адамды құрмет тұтып, оған ізет көрсетіп отырған. Ал «ниеті жаманнан сақта» деген бата-тілек өзінде бармен бөлісе алмайтын, өзгеде барды көре алмайтын, оңтайлы сәт туса аяқтан шалып, омақастыратын орайды күтіп жүретін қара ниетті адамдардан сақтандыру мақсатында айтылса керек.  Яғни, адамның өз қалауымен жасаған жақсы-жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты. Оның мазмұны адамның қылығы мен пиғылынан-ақ көрініс беріп тұрады екен. 

Дана қазақ Алла үшін, Алладан сауап үміт етіп, Аллаға жақындау мақсатында: «Жақсы ниет - жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Бетім жаман болса да, ниетім жақсы», «Асыңа тойғызбасаң да, ниетіңе тойғыз», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты мақал-мәтелдерді қолданысқа енгізе отырып, халық санасына ниеттің маңыздылығын сіңірген. Ал Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады»-, деген (Бұхари, Мүслим). Демек, әрбір әрекет-амалын адамдардың пайдасы тиіп қалады немесе оның қарымтасы қайтады деп емес, «Алланың атымен» бастап, Құдайдың басқа да көркем есімдерін еске алу арқылы ниетін дұрыстаса, атқарылар іс оң нәтиже береріне және әрекет иесіне Алланың жәрдемі болатындығына кәміл сенген абзал. Әр іс, әр амал ниетке байланысты.

Жаратушы жүректерге қарайды

Ниеттің орныққан мекені – жүрек. Жүректі патша деп алсақ, ниет оның ең сенімді сарбазы. Себебі, қандай жағдай болмасын ниет жүректің алдынан өтпей еш амал жасамайды. Патша дұрыс бағдар беріп отырса, елін жау да, дау да ала алмайды. Жүрек те сондай. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адам денесінде бір жапырақ ет бар, егер ол сау болса бүткіл дене сау, ал ол ауырса бүткіл дене ауырады. Ол бір жапырақ еттің аты - жүрек»,- деген (Бұхари, Мүслим). Бірақ оны бәрінен күшті немесе қауқарсыз ету сіздің ниетіңіз бен мінез-құлқыңызға тікелей байланысты болмақ.  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды»,- дейді (Муслим). Бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде.                   

«Өзімді танимын!» деп өтірік айтпаңыз!

Ықылым заманнан бері адам өзін-өзі тану жолында тынбай ізденіп келеді. Білгісі келеді, бірақ біліп болмайды. Ал, ниет – пенденің өзін танудағы ең төте жолы. Алла тарапынан жер бетіне жіберілген сансыз пайғамбар сол адам ниетін түсіндіріп, түзу жолға салу мақсатында келген. Уақыттың еншісінде адамдар іріктеліп, өзін тануға құлықты жандар ғана олардың сөздеріне ден қойып, құлақ салып тыңдаған, оқып, түсінуге әрекет жасаған. Бірақ өзімді енді түсіне бастадым деген тұста тұтқиылдан күтпеген тағы бір қарсы ой не мінез шыға келеді. Жан жомарттығы, кісілігі мол адам ниетінің таза болатыны әуел бастан белгілі, бірақ әлеуметтік жағдайлар адамды жан-жағынан түтіп жеп, сана қапасына салғанда ниет бұзылады. Есесіне адамдардың өз ниеттерін тазарту мүмкіндігі үнемі беріліп отырады. Ниет тазартпаудың салдары өте ауыр жағдайларға итермелейді. Себебі адамның адамға деген ниеті бұзылса кінәлі, Жаратушысына ниеті бұзылса күнәлі болмақ. Кінәсі мен күнәсін түсініп, қалпына келтірген адам – ниеті таза жан. 

Ниеті жақсының жасай алмаған жақсы ісіне де, сауап жазылады 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың сөздерін жеткізіп: «Шын мәнінде, Алла жақсы және жаман (амалдарды) жазып, сосын оны түсіндірді: «Кімде-кім бір жақсы амал (істеуге) ниеттеніп, оны істемесе де Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін Өз қасында оннан жеті жүз есеге әрі (одан да) көп есеге дейін (жақсы амал істелгенін) жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, (бірақ,) оны істемесе, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір жаман іс (жасалғанын) жазады»,—деген. (Бұхари, Муслим) Хадистен Жаратушының пендесінежасайтын үлкен мейірімін көре аламыз. Демек, адам тек қана ойымен жақсы іске ниеттеніп, бірақ түрлі себептермен оны жасай алмаса да сауап жазылады. 

Үлкен берекеден айырылып қалуыңыз мүмкін

Асыл дінімізде қандай да бір амалдың ниетін “Бір Алланың разылығы үшін” деп туралау және осы ниетке берік болу парыз етілген бұлжымас басты міндет. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни бұдан шығатын қорытынды: ниетсіз ешбір іс болмайды.  Сондықтан “Ниет – парыздың алдындағы парыз” деген қағида да кез болып жатады.

Ғибадат барысында ниеттің түзулігі және соңына дейінгі ниетке беріктік риякерліктен (көзбояушылық), мақтаннан, көзге көрініп, алғыс есту, ой бөліну сынды олқылықтардан сақтайды. Жундубтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім (игі істерін атақ-даңқ үшін) жария етсе, қиямет күні Алла оның (түпкі ниетін) жария етеді, кімде-кім (біреуге) қиындатса, қиямет күні Алла оған қиындатады»,—деп айтқанын естідім»,- деген. (Бұхари, Муслим) Яғни ислам діні бұйырған әрбір іс пен амал Алланың разылығы үшін емес, дүниедегі  мақсат-мүддесін көздеп, адамдардың қошеметін алуға бағытталып жасалса, ол көзбояушылыққа жатады. 

Ниет – ғибадатшының санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді. Мысалға, қарапайым өмірде: «Ақыры қоқыс төгуге шықтым ғой, тойға бара салайын» - деу қаншалықты ақылға қонбайтын түсінік болса, «Арықтау үшін ораза ұстай салайын» деу де соған бара-бар түсінік. Дәл сол секілді парыз болған оразаны ұстау арқылы ауруынан жазылайын деген ниет болса, сауап болмайды. Тек парыз болған ораза мойнынан түседі. Демек, ниет тек Алланың разылығы үшін болуы қажет. Әйтпегенде сіз үлкен сауаптардан айырылып қалуыңыз мүмкін. 

Игі іс істеуде ең бастысы жақсы ниетте болу қажеттігі жайлы мына бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, іс-амалдар ниетке байланысты және әрбір кісіге ниеттенген нәрсесі тиесілі. Кімде-кім мал-дүние табу үшін немесе әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)»,— деген. (Бұхари, Муслим) 

Раббымыз тарапынан түскен Қасиетті Құранда: «...Кімде кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын»,  - дейді. (Кәһф сүресі, 110-аят)

Жол неге жабылады?

Көп адамның жолының жабылып, ісінің жүрмеуі - пейілдің тарлығы мен ниеттің дұрыс еместігінен болады екен. Қазақ неге «кең болсаң, кем болмайсың» деп айтады? Себебі, біреуге жақсылық ойлаған сайын адамның тынысы ашылып, өміріне береке бітеді. Ол адамға ризық-несібе күтпеген жерден келеді. 

Ал «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп өзімшілдікке ұрынған адам айналасына опасыз болса, оның бәрібір бір ісі кеміп, қабырғасы толық қаланбай тұрады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Сендер өздеріңе не қаласаңдар, соны бауырларыңа да қаламайынша, толық иман келтірген болмайсыңдар", - деген. (Бұхари, Муслим)

Қарыздан құтылу оңай, егер...

Пенде болғасын бірде бар болып, бірде жоқ болып жатады. Сондай қысылтаяң шақта жақындарыңнан қарыз сұрауға тура келетін жағдай жиі кездеседі. Қарызды алғасын уақытылы беру де бар. Мерзімі өткен сайын мойныңызда ауыр жүк болып, жұмыс істеуге де құлқыңыз қалмай қалады. Егер адам қарыз алған сәтінде-ақ арасын суытпай, тез қайтарып беруге ниеттенсе, Алла сол адамның ниетіне қарай қарызын қайтаруды жеңілдетіп қояды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Кімде-кім адамдардың мал-дүниесін қайтарып беру ниетімен алса, оның (қарызын) Алла қайтарады, ал кімде-кім жаратып жіберу ниетімен алса, оны Алла шығынға ұшыратады»,—деген. (Бұхари, Муслим)

Кім үшін жасап жатырсыз? 

Көптеген ғұламалар амалдан бұрын ниет етудің абзалдығын айтады. Кейде Алланың қалауымен, Адамның ниетіне қарай сіз үшін түйірдей болып көрінген амал үлкен амалға айналады, ал таудай болып көрінген амал тарыдай болады.  «Аққа құдай жақ» демекші, ниеті тура болғанға Алла да тура болады.

Мәселен, ер адам үшін жұма намазы парыз. Алайда ол басқалар «Жұмадан қалмайды» деп айтсын деген ниетпен барса, намаз парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ сауабынан қағылады. Егер жұма намазында сауда жасай келейін деген ниетпен шықса, алайда жұма намазды өтеу ниеті басым болған жағдайда, намазын сауабын алады. Егер керісінше сауда жасап қайту ниеті басым болса, жұма намаз сауабын ала алмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі. 

Дінімізде парыз етілген амалдарды дүние үшін, мақтан үшін істесе дұрыс әрі қабыл болмайды. Ал керісінше, осы өмірдегі дүние ісін Ақыреті үшін жасаса шынайы құлшылық болып саналады. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміннің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді»,- деген. (Дәйләми)

Қорыта келе айтарымыз «Біреуге ор қазба өзің түсесің». Кез келген адамға жақсылық ойлап, тілекші бола біліңіз. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ықыласы түзу болса, оның нақты істері, сөздері мен әрекеттері де дәл сондай болмақ. Қысқасы, барлық амалдар ниетке байланысты.

http://asylarna.kz 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз