https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Жақсы құлық-көркем мінез

11 Oct 2018 0 comment Оқылды: 2521 рет

 

   Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Пайғамбарымыз бірде «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім.» десе, тағы да «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген.

Көркем мінез Аллаһ тағаланың құзырындағы Жәннат нығметтеріне ашылып құйылған жүректің есігі болса, жаман мінез тозақ отына ашылған есік. Аллаһ Елшісі бірде:(с.ғ.с) «Сірке су  балды бұзатын секілді, жаман мінез адамды бұзады» деген.

Жақсы мінезге жаратқан Аллаһты және оның жаратушыларын қош көріп, олардан келген  қиындықтарға сабыр етуді айтамыз. Жақсы мінезділік –Аллаһ тағаладан разы болу деген сөз.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осылайша ол Ислам діні  негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан.

Сол сияқты Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с) келесі сөзінде:  «Қиямет күніндегі тақуалық пен көркем мінез тұрған таразының басы қаншалықты ауыр болады десеңізші!»,- деген хадисі кемелділік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті.  Жақсы мінезді адам – аз сөйлейді, ешкімді ғайбаттамайды, Аллаһ үшін жақсы көріп, Аллаһ үшін дұшпандық етеді, аманатқа қиянат жасамайды, көршісі мен айналасындағыларға қамқорлық жасайды.

«Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «(Әй, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер»  деген аятты оқып: – Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп түйген.

Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр ба­сатын бірден-бір амал – Аллаһтан қорқу мен көркем мінез», – екенін айтқан.

Бір кісі Пайғамбарымызға келіп:

– Дін деген не? – деп сұрағанда:

– Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар.

Әлгі адам кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да, Пайғамбарымыздан«Көркем мінез» деген жауапты алған.

– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз:

– Көркем мінез, – деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде:

– Аллаһ бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер.

– Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны .

– Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз...

– Қайда болсаңдар да Аллаһ Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар!- деп, бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан.

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны бұзғанмен бірдей.    

Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисінде:

«Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның өзі» – деп осы шындықты айқындап берген.

Иә, Пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған кемел мінез-құлық – Оның Пайғамбарлығының белгісі мен нышаны екені хақ.

Енді Пайғамбарымыздың пайғамбарлық келгенге дейінгі өміріне көз жүгіртер болсақ, Ол (с.а.с.)  қырық жасына дейін ел ішінде ең сенімді тұлға ретінде танылған. Мекке халқы оны «Мухаммадун Амин», яғни,«Сенімді Мұхаммед» деп атайтын. Кез келген адам  сапарға шығар болса, қолындағы ең құнды зат­тарын еш күмәнданбастан Пайғамбарымызға аманат­тап тапсыратын. Пайғамбарымыз өмірінде ешбір аманатқа қиянат жасамаған. Өйткені, оның дінінде аманатқа қиянат ету, уәдеде тұрмау және жалған сөйлеу – екіжүзділіктің нақ белгісі.

Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасына дейін бір де бір өтірік айтпаған адам мінез-құлқы әбден толысқан қырықтың қырқасына шыққанда қалайша өтірік айт­сын?», – деп Пайғамбарымыздың дінін еш күмәнсіз қабылдап, бірден мұсылман болған-ды. 

Айша анамыздан біреулер Пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы – Құран ғой» деп жауап беруі осының дәлелі. 

Бірде біреулер Халид ибн Уәлидтен Пайғамбарымызды суреттеп беруін өтініпті. Халид болса, Пайғамбарымыздың болмыс-бітімін тілмен ай­тып жеткізудің мүмкін еместігін айтады. Бірақ, ел-жұрт Халидтің ең болмағанда өз түсінік дәрежесінде айтып беруін өтінгенде:

– Жіберілген (елші) Жібергеннің ұлылығына сай болды. Ал Жіберуші күллі әлемнің жаратушысы болса, онда Жіберілгеннің қандай болғанын өздерің ойлай беріңдер, – деп жауап берген екен.

Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден –бір жол.  Пайғамбарымыз(с.ғ.с) соншылықты көркем мінез иесі бола тура: «Аллаһым, жаратылысымды әдемі қылып жаратқандай, мінезімді де көркем ет»,-деп үнемі  Аллаһ тағаладан жалбарынып сұраған екен.

Бір кісі Аллаһ Елшісіне(с.ғ.с) келіп:  «Түгенше деген әйел күндіз оразаны ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ оның мінез-құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді»,-дейді.  Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақтық»,-деп жауап береді. Мұсылмандылық, жақсы мінез деген сөз-  мұсылман адамға тілмен де, қолмен де зиян бермейді деген сөз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басты ерекшелігінің бірі- халыққа тек үгіт-насихат айтып қана қоймай, оның өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, шынайылық, әділдік, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік,  тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашанда Пайғамбарымыз тұрады.

Расында тура жолмен жүру өте қиын, бірақ тура жолдың шыңына жетуге құдіреті жетпеседе, мүмкіндігінше соған жақындауға күш салуы тиіс.  Жеңіске тек ізгі амалмен ғана жетеміз. Ізгі амал көркем мінездерден тұрады. Ұлы Аллаһ Тағала барлығымызды көркем мінездің кемеліне жетуімізді нәсіп қылсын!. 

 

                            Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің

бас имамы Ерімбет Еділбек

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз