https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Тозақтың ең төменгі қабатындағылар

03 Oct 2018 0 comment Оқылды: 1070 рет

                            

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға салауаттар мен сәлемдер болсын

Алла Тағала адамзат пен жындар үшін бұл өмірді сынақ етіп берген болса, оның сыйы ретінде жұмаққа, жазасы ретінде тозаққа баратындығын ескертті. Жындар мен адамның бұл дүниеге келудегі басты мақсаты өзін жаратқан Аллаға құлшылық ету.

Алайда адамға хайуанаттан артық етіп ақыл, сана берді. Онымен қоса нәпсі берді. Алланы таныту, Оған ғана құлшылық ету қажеттігін насихаттап үйретуші пайғамбарлар жіберді. Пайғамбарға құлақ аспай, азғындаған қауымдарды жер бетінен жойып жіберді. Дегенмен адам баласы шайтанның азғыруы мен нәпсі қалауына еге бола алмай күпірлікке бой алдыруда.

Адамзатқа көктен түсірілген қасиетті кітаптар арқылы екі дүниеге қатысты барлық құлшылық пен харам, халалды үйретті. Ақыретте өмір болатынын, әрбір адам Алланың құзырында бұл өмірдегі амалы үшін есеп беретінін және жақсы амалы үшін жәннәт, жаман амалы үшін тозаққа тасталатынын тайға таңба басқандай етіп ескертті. Ақыретте амалдарды өлшейтін таразының болатынын, сырат көпірінен өтетінен де хабар берді. Міне, сол сырат көпірінен өте алмаған пенделердің тозақ отына лақтырылатындығы да ескертілді. Мәселе солай болғандықтан жәһәннәм – кәпірлер мен мүшріктердің және мунафиқтардың мәңгілік азап шегетін мекені деп Құранда айтылған.

Жәһәннамның қандай екендігі, имансыздардың онда қалай жазаланатындығы Құранда жан‑жақты кеңінен баяндалған. Тозақтың отыны адамдар мен тастардан құралған. Жәһәннам азабын тартып жатқандардың ішетіндері – ыстық қайнаған су мен қан аралас ірің. Тозақ олар үшін бейне бір зындандай болып, олардың дене бітімдері жанып біткен сайын ет пен тері қайта кигізіліп, мәңгілік азап шегеді. Осылайша Алланың әмірі мен тыйымдарына қарсы келгендердің жазасы адам айтқысыз ауыр болады.

Тозақтың ең төменгі қабатына бұл дүниеде екіжүзді, яғни мунафиқтар тасталатынын Құран баян етеді:

«Мунафиқтар тозақтың ең астыңғы қабатына тасталатыны даусыз, одан оларды құтқаратын медеткер табылуы мүмік емес»

Имансыз бола тұра, мұсылман секілді көріну үшін тілімен иман еткен кісіге «Мұнафық» дейді. Мұнафық мұсылман ортасында мұсылман сияқты әрекет етіп, кәпірлердің ортасына барғанда күпірлігін жалғастыра береді. Олардың мақсаты сырт көзге мұсылман көрініп, мұсылмандарды іштей ыдырату, алауыздық тудыру, бүлік шығару. Мұнафық есімі жер астында екі іні бар көртышқанға ұқсас. Көртышқан қауіп келгенде қалайша екінші інінен шығып кетсе, сол секілді Мұнафық та орны келгенде мұсылманмен бірге мұсылман болып, дінсіздерге қауышқанда исламға дұшпан болып шыға келеді. Алла Тағала Мұнафықтардың қандай адам екендігін арнайы «Мұнафықун» сүресінде кеңінен баян етеді. Мұнафық ақиқатында кәпір болғандықтан ақыретте тозақта мәңгілік қалады. Бұл ақиқат. Өйткені, Мұнафықтар жайында Құранда:

«Шексіз Алла Мұнафықтар мен кәпірлерді бір тұтас тозаққа жинаушы».

«Мұнафық ерлер мен әйелдер бір-біріне ұқсайды. Олар жамандыққа бұйырып, игіліктен тосады. Сондай-ақ олар сараңдық етеді. Олар Алланы ұмытқандықтан Алла та оларды ұмытты. Расында Мұнафықтар фасық кісілер».

«Мұхаммед (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) Мұнафықтарға өздеріне негізінен күйзелтуші азап бар екендігін сүйіншіле».

Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) мына хадисімен Мұнафықтардың бойынан табылатын басты ерекшеліктерін былайша атап көрсетеді: «Мұнафықтың белгісі үшеу: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәде берген кезде сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды».

Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың риуаят етуі бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) былай дейді: «Мына төрт қылық кімде болса сол кісі Мұнафық болады: аманат етілгенде қиянат етеді, сөйлеген кезде, өтірік айтады, уәде берген кезде, уәдесінде тұрмайды, куәгер болғанда, жалтарады». Олай болса, осы айтылған жаман қылықтардан бойымызды аулақ ұстағанымыз абзал.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз