Ең құнды ғибадат және ең үлкен күнә, нақты айтар болсақ, қандай? Хадис шәрифтерде әр түрлі айтылады. Бір хадисте ата-анаға бағыну, басқа бірінде намаз делінеді. Күнәлар тұрғысында да дәл осылай, әр түрлі хадис шәрифтер бар. Жеті үлкен күнә жайлы айтылған деректер кездеседі. Басқа бір хадисте бұл жеті күнәдан бөлек зинаны ең үлкен күнә делінсе, басқа бір хадисте ішкілік ең үлкен күнә ретінде білдірілген. Бұлардың себебі неде? Қай ғибадат Алла Тағаланың разылығына қауыштырса, сол ең үлкен ғибадат болады. Ал ең үлкен күнә – Алла Тағаланың ашуына себеп болатын күнә. Мұны да біз біле алмаймыз. Алла Тағаланың ашуы күнәлардың арасына жасырылған. Сондықтан бүкіл күнәлардан сақтану керек. Бәлкім біз үлкен деп санамаған күнәміз Оның ашуына себеп болуы мүмкін. Нәпсіне жеңіліп, күнә істеген адам да қорқып жүру керек. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Тартынбай күнә істеген мүминге Алла Тағала ашуланады.»(Уқайли)
Хадис шәрифтердің әр түрлі болуының себебі болса мынадай: Сұрақ қоюшылардың жағдайларына байланысты әр түрлі жауаптар берілген. Біреулерге намаз, біреулерге әмри маруф (дінді үйрету). Күнәлар да осындай. Кейбір адамдарға зина оның пәлекетіне себеп болады, кейбірлеріне ішкілік себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ заманға қарай лайықты жауап берілген. Ғалымдарымыз былай деген: «Ең үлкен күнә – бидғат сенімде болу. Дұрыс иман мәліметтері үйренілмесе, яғни иман бұзық болса, жасаған ғибадаттардың еш құны болмайды», «Ең үлкен күнә – күнәні білмеу. Ал одан да үлкен күнә – күнәні ғибадат ретінде жасау. Бидғат істейтіндер осындай. Олар бидғатты діннің әмірі деп жасайды.»
«Ең үлкен күнә – адамды ренжіту.»
«Ең үлкен күнә – тәкәппарлық.»
«Ең үлкен күнә – ғайбат.»
«Ең үлкен күнә – намазды үзірсіз қазаға қалдыру. Парыздарды міндет деп біліп, қазасын өтеуді ойлау шартымен, жалқаулықпен жасамау – ең үлкен күнә. Ал міндет деп білмеу, мән бермеу күпірлік болады. Намаз оқымау басқа бүкіл күнәларға жол ашатындықтан, ең үлкен күнә намаз оқымау деуге болады. Намаз оқитын адам басқа күнәлардан қорғанады. Өйткені Құран кәрімде намаздың бүкіл жамандықтардың алдын алатындығы білдірілуде.
Үлкен күнәларға қатысты хадис шәрифтердің кейбірлері мыналар:
«Ең үлкен күнә – адам өлтіру, ата-анаға зұлымдық жасау, жалған куәгер болу.» (Дәйләми)
«Ең үлкен күнә – жалған сөзге ант ету.» (Бұхари)
«Ең үлкен күнә – алкогольдік ішімдік ішу.» (Табарани)
«Ең үлкен күнә – ақысы жоқ бола тұра бір мұсылманның мал-мүлкін алу.» (Табарани)
«Ең үлкен күнә – пайыз, намысты әйелге жала жабу, жетімнің мүлкін жеу.» (Табарани)
«Ең үлкен күнә – бір адамның күнкөрісі өзіне қарасты болғандарға немқұрайдылық танытуы.» (Мүслим)
«Ғайбат – зинадан да үлкен күнә. Зинаға тәубе еткен адамды Аллаһу та'ала кешіреді. Ғайбат етілген адам ғайбат етушіні кешірмегенше кешірілмейді.» (Табарани)
«Өсиетте мирасқорлардың бірін зиянға ұшырату үлкен күнә.»(Ибн Жәрир)
«Әурет жерлерін ашу үлкен күнә.» (Хаким)
«Кіші күнәні үзбей жалғастыру үлкен күнә болады.» (И.Асакир)
«Кіші болып көрінген күнәлар жиналған кезде егесін құртады.»(Табарани)
«Мына жеті үлкен күнәдан сақтаныңдар: 1) Аллаһқа серік қосу, 2) Сиқыршылық, 3) Адам өлтіру, 4) Соғыстан қашу, 5) Жетімнің мал-мүлкін жеу, 6) Пайызқұмарлық, 7) Намысты әйелге жала жабу.»(Табарани)
«Білімді жасыру арқылы жасалған қиянат мүлікке жасалған қиянаттан да үлкен күнә.» (Әбу Нуайм)
Алла Тағала баршамыздың ізгі амал жасайтын Алланың құлы Пайғамбар (с.а.у.) үметі болуды жазсын Әмин.
Талдықорған өңірі Текелі қаласы
«Керімбек би» мешітінің
бас имамы Аман Айтбосынұлы