Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға салауаттар мен сәлемдер болсын.
Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын) айтқан: « Денеде бір кесек ет бар, егер ол түзелсе, бүткіл дене түзеледі, ал егер ол бұзылса, бүткіл дене бұзылады.Расында ол – жүрек»,- деп. Сол жүректі таза ұстау үшін төрт мүшені яғни көру, есту, сөйлеу, ойлау мүшелерін сақтау керек. Бұның мысалы төрт жағынан су келіп тұрған құдды бір хауыз секілді. Егер сол хауызға келіп тұрған судың барлығы таза болса онда хауыздағы су таза болады. Ал егер сол сулардың барлығы немесе біреуі лай болса, онда хауыздағы судың барлығы лайланады. Сол үшін осы төрт мүшенің үшеуі дұрыс жерге пайдаланылып, біреуі ғана дұрыс емес жерге пайдаланылса, онда да жүрек бұзылады. Сондықтан да осы мүшелерді тек ғана Алла Тағала разы болатын жерлерге жұмсап, тиым салынған жерлерден сақтау қажет. Соның ішінде әсіресе көзді сақтауға қатты мән берілуі керек. Өйткені адам бір нәрсені көрсе, ол турасында ойланады, оны біреуге айтады, одан кейін ол турасында естиді.Харамға көз түскен соң ең әуелі жүректі бұзады. Жүрек бұзылған соң, құлшылық ықыласпен орындалмайды. Сонымен бірге, денеге де зияны тиеді. Әбу Һурайра(Алла ол кісіден разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Көз зина жасайды, тіл зина жасайды, қол зина жасаайды, аяқ зина жасайды, ал оны мүше қоштайды немесе қоштамайды». Көз- жүректің айнасы. Көзге түскен кез келген нәрсе жүрекке барады. Осылайша, жүректі бұзып,зиянын тигізеді. Ақырында, бұл Алла Тағаланы еске алуға және құлшылық етуге кедергісін тигізеді.
Көзді ең бірінші адамдардың әуретіне қараудан тию керек. Бұл турасында Құран Кәрімде: «Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге және басқа ерлердің әуретіне қараудан, тыйым салынған нәрселерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін тазасы.Расында Алла, олардың не істегендерінен хабардар», - деп әмір етіледі. Сол үшін, мұсылманға харам нәрсеге қарауға қатаң тиым салынады. Харам нәрсе теледидар, интернет, суреттегі бейне немесе нақты әйелдің өзі болуында ешбір айырмашылық жоқ. Кез келген жағдайда көзді харамнан сақтау – Алла Тағаланың әмірі.
Біреудің үйінің ішіне рұқсат сұрамастан сығалаудан көзді тию керек. Құран аятында: «Әй мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер»,- деп бұйырылған. Сахл бин Сағд (Алла ол кісіден разы болсын) жеткізгендей, бір адам Алла Елшісінің (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын) бөлмесіне есіктен сығалаған еді.Сол кезде Алла Елшісінің (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын) қолында шаш тарайтын тарағы болған. Біреу оның бөлмесіне сығалағанын байқап қалған Алла Елшісі (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын) былай деді: «Егер сенің маған қарап тұрғаныңды нақты білгенімде, мына тарақпен көзіңді шұқып алар едім. Расында үй ішіне қарамау үшін, рұқсат сұрау міндетті етілген ғой»,- деп ескерткен.
Адамдардың қолындағы нәрселерден көзді тию. Бұл жайында Алла Тағала Пайғамбарымызға (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын): «Кейбіреулерге біз пайдалану үшін берген нәрселерге көз салма. Оларға қамықпа. Мұсылмандарға қанатыңды жай»,- деп айтқан. Демек, басқалардың мал- мүлкіне, дүниелеріне қызығып, қызғана қарамай, бәлкім өзіңде бар нәрсеге қанағат қылыу керек. «Дінде өзіңнен жоғарыларға қара, жақсы амалдарға деген шауығың артсын, ал дүниеде өзіңнен төмендерге қара, қанағатың артсын»,- деген ғұламалардың жақсы сөзі бар.
Көзді харамнан тиюдің тура жүруге және ақиретке тигізер көптеген пайдасы бар. Бұл жайында Ибн Масғуд (Алла ол кісіден разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын): «Үш түрлі адамның қиамет күні көздері тозақ отын көрмейді: Алла Тағаладан қорқып жылаған көз, Алла жолында күзетте болған көз және Алла Тағаланың харам қылғандарынан сақталған көз»,- деп айтқан. Сонымен бірге, иманның ләззатын сезінуге де тікелей әсер ететіні жайында Абдулла бин Масғуд (Алла Тағаланың Оған игілігімен сәлемі болсын) риуаят еткен қудси хадисте: «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде- кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын»,- делінген.
Талдықорған қаласы «Нұр»
мешітінің бас имамы Данағұлов А. С