https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ШӘУУАЛДАҒЫ НӘПІЛ ОРАЗАНЫҢ САУАБЫ

26 Jun 2018 0 comment Оқылды: 929 рет

Алаш баласының тәуелсіз ел атанып, көптеген рухани һәм дүниеуи жетістіктерге жетуінде әлбетте илаһи сыр бар. Өткен арғы-бергі тарихымызға назар салар болсақ, қай уақытта Қазақ халқы бірлігінен айырылды, сол кезде елден береке қашқанын, қай уақытта ауызбіршілігі артты, сонда қуатты елге айналғанына куә боламыз. Шынтуайтында, Хақ жолына бет бұрған елге әрдайым ынтымақ орнап, әманда басынан бағы таймайды.

Қазақтың даңқты жырауы Қабан жырау:

− Бақыт қайда барасың?

− Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған

Ниетті елге барамын.

…Сәресі, сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Ниетті елге барамын,- деп жырлайды.

Жаббар Хақ жақсылықтың жалына жармасқан елдің рызық-берекесін арттырып, үйін жанға, өрісін малға толтырып, құтты һәм бейбіт ғұмыр сыйлайтыны талассыз ақиқат. Аллаға сансыз шүкір, бүгінде Алаш баласының бес уақыт намазын мешітте оқып, Рамазан айы келгенде жапатармағай ауыз бекіткенін куә болудамыз. Десе де, шариғатымызда Құдай-Тағалаға деген құлшылықтың сан түрі бар екені белгілі...   

Рамазан айындағы парыз болған отыз күндік ауыз бекітуден өзге оразаның – адақ, кафарат, нәпіл секілді түрлері бар.

Осының ішінде нәпіл оразаға барағат кешінің күндізіндегі, ашура күнгі, аптаның дүйсенбі мен бейсінбі күндері және Рамазаннан кейінгі Шәууал айындағы алты күндік ауыз бекіту кіреді.
Яғни, Шәууал айында алты күн ораза ұстау сүннет амалына жатады.

Бұл туралы Хақ Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім Рамазан айында ауыз бекітіп, одан кейінгі Шәууал айында алты күн ораза ұстайтын болса, жыл бойы ауыз бекіткендей болады» (Мүсілім, Сиям: 204. Тирмизи, Саум: 53. Әбу Дәуіт, Саум: 58), деп сүйіншілеген.

Алты күндік ауыз бекітудің жыл бойы тұтқан оразаға теңестірілуінің  себебі, Әбу Хурайра жеткізген Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде:

«Адам баласының жасаған қайырлы амалы он еседен жеті жүз есеге дейін еселенеді...» деп бұйырылған.
Демек, Рамазан айындағы отыз күн оразамыз үш жүз күнге еселенсе, Шәууал айындағы алты күндік ауыз бекітуіміз алпыс күнге еселеніп, барлығы 360 күнге тең, яғни, жыл бойы ораза ұстағандай боламыз.
Шәууал айында ауыз бекітуге ниеттенген жан алты күннің арасын үзбей ұстауына немесе бөліп-бөліп тұтуына да болады. Бұл туралы Имам Нәуәуй: Асхабтың: «Шәууал айында алты күн ауыз бекіту мұсатахап амалына жатады», сондай-ақ, олардың: «Алты күндік оразаны арасын үзбей қатар ұстаса да, арасына уақыт салып айдың соңына дейін тәмамдаса да болады» (әл-Мәжмуу фи Шархил-Муһаззаб) деп айтқанын жазып қалдырған. Дегенмен, Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Парасат падишасы (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Аптаның дүйсенбі және бейсінбі күндері жұмақтың қақпалары ашылады» деп ескерткен.

Шәууал айының алғашқы күні, яғни, Ораза айт мерекесінің бірінші күні және Құрбан айттың төрт күнінде ауыз бекіту харам. Ал, Жұма күні  ораза ұстау макрұһ  саналады. Жұма күні нәпіл ораза ұстаудың макрұһ болуының себебі, Хақ Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Жұма күні ешкім ораза тұтпасын. Егер, Жұмадан бір күн бұрын ауыз бекітсе немесе бір күннен соң жалғастыратын болса, Жұма күні ораза ұстауына болады»,- деп бұйырған.

Яғни, Шәууал айының нәпіл оразасын ұстауға ниеттенген жан мүмкін болса Жұма күні ауыз бекітпегені жөн.

Жалпы, Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Ұлы Жаратушының мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни, Хақ Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға илаһи мол мүмкіндік тудырады.  

Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағандай болады»

деген хадисін Қаңлы Жүсіп бабамыз:

Рауаят жазған қай бала?
Мағынадан жоқ хабарың.
Шәууалдың алты күнінен
Қаншалық болды залалың…
Шәуалда тұтпақ алты күн,
Хадисымен сәбит-дүр,

– деп жырлаған.

Олай болса, қадірлі ағайын, кешегі Рамазандағы жүректі тебіренткен, рухты  шайқаған илаһи күйді өшірмей, алдағы Шәууал айында да алты күн ауыз бекітсек нұр үстіне нұр болмақ. Бұйырса, осылай етсек, жыл бойы ораза тұтқанның сабауына кенеліп, алдағы жылдағы Рамазанды рухымыз биік, иманымыз кәміл күйде қарсы алатын боламыз.  

Ескерту: Шәууал айы маусымның 15 күні басталып, шілденің 14- жұлдызында аяқталады. 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз