Ғұламалар өтірікті үлкен күнәлар қатарына қосады. Алла тағала мен Пайғамбарымызға қатысты өтірік айту аса күпірлік. Өтірік айту күнәлардың ең жаманы, кемшіліктердің ең нашары, көңілдерді (жүректерді) қарайтатын бүкіл жамандықтардың басы. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
Өтірік айту ризықты азайтады
Өтірік – күнәлардың тұрпайы және айыптардың арсыз түрі. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шынында шындық, жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жаннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың жанында шыншыл деп жазылады. Өтірікші жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам(үнемі) өтірік айтса, Алланың жанында өтірікші деп жазылады» (Бұхари және Мүслім). Және бір хадисте: «Кімде-кімнің бойында мына үш сипат табылса, ораза ұстап , намаз оқып және өзін мұсылманмын деп айтса да, ол екі жүзді адам болады: егер сөйлесе жалған айтады, егер уәде берсе , бұзады және аманатқа қиянат жасайды» (Бұхари және Мүслім). Бір күні Пайғамбарымыздан (с.а.с): Мұсылман адам қорқақ бола ма? Ол: «иә», оған: мұсылман адам сараң бола ма? Ол: «иә», тағы оған: мұсылман адам өтірікші бола ма? деп, сұрағанда: Ол «жоқ» деп жауап берген (Малик). Мұсылман адам Алла мен елшісінің әміріне толығымен бойұсынады. Ал, өтірік айту – күнә. Сол үшін өтірікші адам көп күнә табады. Өйткені, ол өзін ақтау үшін кез келген жерде өтірік айта салады. Алайда, ол өтірігі бұл дүниеде болмаса о дүниеде көместі білуші Алланың алдында әшкерленеді. Қасиетті Құранның 167 жерінде өтірік айтудың күнә екендігі ескертілген. Басқа үлкен күнәларға мұншалықты көңіл бөлінбеген. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты ауыр екендігіне кепіл. Өтірік айту – кәпір немесе мұнапық екі жүзді адамның ісі. Қасиетті Құранда: «Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят). Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Ислам білгірі ибн Хажар: «Өтірік – бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсірдіру» дейді. Өтірік шындыққа қарама-қайшы жаман әдет. Өтірік айту тек сөзбен емес іс-әрекетпен де болады. Құрани Кәримнің «Наһл» сүресі, 116-аятында: «Мынау адал, мынау арам» деп ауыздарыңа келген өтірікті айта бермеңдер. Әйтпесе Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар» делінсе, «Зүмәр» сүресінің 60-аятында: «(Мұхамед с.ғ.с.) Қиямет күні Аллаға өтірік айтқандардың беттері қап-қара болғанын көресің» делінген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім менің атымнан өтірік айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» деген. Біреулер өзі білмей тұрып пәтуа беруді әдетке айналдырған. Басқаларды һидаятқа саламын деп Алла және оның елшісінің сөздеріне ижтиһад жасайды. Білімсіз ижтиһад жоқ. Бұл үлкен күнә. Ижтиһад жасайтын адамға ғана пәту беру рұқсат етілген. Расулулла (с.ғ.с.): «Егер адам өтірік сөйлесе күнәға батады. Күнәға батса, кәпір болады. Кәпір болса, тозаққа кіреді» деген. Ғұлама ибн Қайим: «Өтірік айту арсыз, жағымсыз қылық екеніне ешқандай күмән жоқ. Ол нифақтың (екіжүзділіктің) белгілеріне және күпірліктің тармағына жатады. Күпірліктің өзі сол өтіріктің бір көрінісі» дейді.
Өтірік айту адамды иманнан бездіреді
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Адам өтірікті әдетке айналдырса Алланың алдында өтірікші болады» дейді. Ислам ғалымдарының бірі әл-Маудари: «Өтірік – барлық жамандықтың жиынтығы, барлық әдепсіздіктің негізі. Оның нәтижесі өте жаман. Себебі ол өсек таратады. Өсек жек көрушілікке апарады. Жек көрушілік дұшпандыққа апарады. Дұшпандық адам баласынан тыныштықты кетіреді, бейбіт тірліктің берекесін қашырады. Кімнің шындығы азайса, оның дос азаяды» депті.
Имам Маликтен риуаят етілген хадисте: «Алланың Елшісі, мүмин қорқақ бола ма?» деп сұралды. Пайғамбарымыз: «иә» деді. «Алланың Елшісі, мүмин сараң бола ма?» деп сұралды. Тағы да «иә» деп жауап қатты. «О, Алланың Елшісі, мүмин өтірікші бола ма?» деп сұралды. Ол кісі: «жоқ» деп жауап берді» делінген. (Сафуан ибн Сулайм) Осы хадисте өтірік өте жаман күнә екенін, өтірікші адам мүмин-мұсылман бола алмайтынын ескертіп тұр. Имам Байһақи Әбу Бәкірден риуаят еткен хадисте: «Өтірік айту адамды иманнан бездіреді» деген. Исламда өтірік айту қорқақтық пен сараңдықтан да жаман. Демек, өтірік айтудың қоғамға зияны көп.
Рұқсат етілетін өтіріктер
Екі адамды жарастыру үшін, яғни, игі ниетпен өтірік айту қайтарылмайды: «Игілік айтып екі адамның арасын жарастырушы өтірікші емес». (Бұхари, Муслим). Умм Күлсім (оған Алла разы болсын) былай деді: «Оның үш түрлі жағдайдан басқа, еш уақытта өтірік айтуды рұқсат еткенін естіген емеспін – ол соғыс кезінде, адамдарды жарастыру үшін және әйелі күйеуіне сөйлеген кезде және күйеуінің әйеліне сөйлеген кезінде». (Мысалыға, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне: «Сен бәрінен де әдемісің»,-деп айтуы.
Өтірік айту амалдарды жарамсыз етеді
«Ораза кезінде адам өтірік айтуын және өтірік істерін тоқтатпайтын болса, онда Аллаға, ондай адамның тамақ пен судан бас тартқанының керегі жоқ». (Бұхари). Ақпараттың дұрыс-бұрысын біліп алыңыз Алла Тағала айтты: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңынан түспе». («Исра» сүресі, 36-аят). «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын.». («Қаф» сүресі, 18-аят). Ал хадисте: «Өтірікші болу үшін, адамға естігенін ары қарай айтып тарату жеткілікті», (Муслим) «Маған өзі өтірік санайтын нәрсені жеткізуші, өтірікшілердің бірі саналады» делінген. (Муслим). Сондықтан да, өзіңізге жеткен ақпаратқа амал етпес немесе өзгеге жеткізбес бұрын міндетті түрде рас-өтірігін анықтап алыңыз.
Талдықорған өңірі Текелі қаласы
«Керімбек би» мешітінің
бас имамы Аман Айтбосынұлы