https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Өмір - сынақ.

25 Apr 2018 0 comment Оқылды: 4745 рет

                                      

Алла Тағала Құран Кәрімде мүміндердің бұл дүниеде сан түрлі сынақтармен бетпе-бет келетінін айтып, оларға ескертеді:
Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз», -  деді
. (Бақара сүресі 155-156 аяты)
Пайғамбар (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады».

Сахабалар ислам дінін қабылдаған әуелгі уақыттарда дін дұшпандарынан көп қиындық көргендіктен Алла елшісіне (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) барып: «Алладан жәрдем сұрасаңыз. Біз үшін дұға етсеңіз екен», – дедік. Ол кісі: «Сендерден алдынғы үмбетте адамды ұстап алып, жерге иығына дейін көміп, арамен екіге бөлетін, темір тарақпен ет-сүйегін қан-жоса етіп тарайтын, міне, осындай қиындықтар да оларды өз дінінен қайтармайтын. Расында, Алла бұл істі (қиындық пен сынақты) салт атты Санға (Иемен қаласы) мен Хадрамаут (елдімекен атауы) арасында өзі үшін тек Алладан қорқып, малы үшін тек қасқырдан ғана қорқатындай заман болғанша жалғастырады. Алайда, сендер сабырсыздық етіп отырсыңдар»,– деп, сынақтарға сабырлық танытуға шақырған.

Сағад бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа,  Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді. Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім.

Кейбір адамдар құлшылықтарын жасағанда бейне бір Алламен келісім жасағысы келгендей болады. Ғибадат жасаудағы түпкі мақсат-мұраты дүниелік пайда табу, молшылыққа кенелу, дүние қиыншылығынан құтылуды ойлағандай болады. Ондай пенделер ақыретте сауап пен жаннат нығметтерінен құр қалатынын білуі керек.

Осы мәселеге байланысты Құранда («Хаж» сүресінің 11-аяты) былайша баяндалған: «Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллақа ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) таңсәріде сахабаларының алдына шығып: «Бүгінгі таңды қалай атырдыңдар?»– деп сұрайды. Олар: «Аллаға иман еткен күйде»,– деп жауап қайырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын): «Иман еткендеріңнің белгісі не?»– деп қайта сұрады. Олар: «Қиыншылыққа сабыр етеміз, кеңшілікке шүкіршілік етеміз, Алланың жазғанына ризашылық білдіреміз»,– дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын): «Қағбаның Иесімен ант етемін, сендер шынайы мүмінсіңдер»,– деген екен.


Пайғамбарымыз(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:  «Алла Тағала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады». (әт-Тирмизи, Ибн Маджа)


Көптеген адамдар ешқандай жамандық жасамаса да, не үшін бастары бәледен арылмай қойғанын түсіне алмай дал болады.

Алла Тағала былай дейді: «Ал енді адамзат, қашан Раббы оны сынай сыйлап, игілікке бөлесе: «Раббым мені сыйлады» дейді. Қашан оны сынап, несібесін тарайтса: «Раббым мені қорлады» дейді. («әл-Фәжр» сүресі, 15-16)


Пенделер байлықпен, кедейлікпен, ауру және саулықпен сыналады. Егер біз бай болсақ, байлығымызды қайда жұмсаймыз? Кедей, ауру болсақ, оған сабыр етеміз бе? Деніміз сау болса, күш қуатымызбен Алла разы болатын игі істер жасаймыз ба? Осы жайлы сыналамыз және қияметте сұралатынымыз анық.


Алла Тағала былай дейді: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы».(«әл-Мүлк» сүресі, 2).


Біз Алла Тағаланың бізге немесе Өзінің басқа да жаратылыстарына жіберген сынақтарының даналығын көп түсіне бермейміз. Алайда, біз Алла Тағала бәрін Өзінің даналығымен жасайтынын біліп, басымызға түскен сынаққа сабырмен шыдап бағуға тиіспіз. Жаратушы Алла басына түскен сынаққа сабыр ететін ізгі құлдарынан етсін!

                                                                                                             Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз