https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Құран Кәрім

23 Apr 2018 0 comment Оқылды: 4590 рет

Ислам дінінің қасиетті кітабы Құран Кәрім – барлық діни негіздердің бастауы. Адамның барлық рухани және материалдық қажеттіліктерін қамти отырып, екі дүние нығметтерін үйрететін ғылым, сондай-ақ, иләһи кітаптардың соңғысы. Ол адамзатты қараңғылықтан нұрлы жолға бастайтын Жаратқанның рахмет мейірім көзі. Құран – тілмен оқылатын, жүрекпен қабылданатын, құлақпен тыңдалатын кітап. Онымен байланыста болу – ең абзал ғибадаттардың бірі әрі Аллаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде он сауап бар. Жай оқығанның да, мағыналарына ой жүгіртіп оқығанның да бұл жақсылықтардан несібелері жазылар. Алла Тағала Құран мазмұнына бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген.Алла тағаланың қасиетті Кәләмі- ұлы періште Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен сұрақтарға жауап ретінде және қажеттіліктерге байланысты аят-аят болып, яки сүре ретінде түсті.Содан бері оның бір сөзі де, бір әрпі де өзгермеген және өзгермейді де. Өйткені, оның қорғаушысы Өзі екенін Алла тағала Құран Кәрімде: “Құранды біз түсірдік, оны қорғайтын да өзіміз” (“Хижр” сүресі, 9-аят), – деп ескерткен. Ал иләһи кітаптардың өзгелері адамдар тарапынан өзгерістерге ұшырағаны мәлім.Қасиетті Құранда ақыретке дейін орын алатын әр жағдайға, әр мәселеге қатысты қағидалардың барлығы қамтылды.Ол– көркемдігі, әуездігі жағынан да теңдесі жоқ Кітап. Жекелеген сөздері мен сөйлемдерінен, баяндау тәсілдері мен сөздік мағыналарынан қылаудай кемшілік табу мүмкін емес.Оның мағына жағынан теңдессіз иләһи күші және парасатты ұйқастары адамзатты таң қалдыруда.

Ислам ғұламалары: “Құран Кәрім хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің 41 жасында 17-ші Рамазанында Хира тауында түсе бастады. Ең бірінші түскен аят бұл – “Әләқ” сүресі. Аяттар бөлек-бөлек түсіп, ең соңғы аят хижраның 10-шы жылы, Расулулланың (с.ғ.с.) 63 жасында Зулхижжа айының 9-ы Арафатта, қажылықта түседі. Бұдан кейін хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 81 күн өмір сүрді”, – деген мәліметтер келтіреді. Ол “Бүгін мен сіздер үшін жіберілген дінді аяқтадым” деген аят еді.

Құран Кәрім екі жерде – Мекке мен Мәдинада түсті. Сондықтан сүрелердің басында «меккелік» және «мәдиналық» деп жазылады. Құран Кәрімде 114 сүре, 6236 аят бар. Меккелік аяттар 10 жыл, 5 ай, 13 күнде түсіп біткен. Мәдиналық аяттар хижраның 10-ыншы жылынан бастап, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғанға дейінгі аралықта түскен, яғни бұл уақыт 9 жыл, 9 ай және 9 күнге созылған. Меккелік аятар мәдиналық аяттарға қарағанда көптеу. Құран аяттарының «меккелік» немесе «мәдиналық» екенін және олардың қай уақытта түскенін жақсы білген абзал. Сүрелердің тәртібі хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүрген кезінде-ақ айқындалған. Ибн Аттияның айтуынша, “сүрелердің көбінің реті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тірі уақытында белгілі болған”. Басқа сүрелер сахабалардың айтуымен орналастырылғанымен, оларға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қатысы болған. Расулулла (с.ғ.с.) “Мына сүре мына сүреден бұрын, басқа сүре бұдан кейін” деп көрсеткен. Құран Кәрімнің басқа тілдердегі аудармалары Құран болып саналмайды. Олар “Құран Кәрімнің түсіндірмесі” деп аталады.

Қолымыздағы қасиетті Құран Кәрім бүгінгі күнгі ұзын саны бір жарым миллиард болатын мұсылмандардың қолынан түспейтін Қасиетті Кітап. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) заманында жинақталып, хазреті Оспан (р.а.) бір нұсқалы кітап етіп шығарған Құран Кәрім бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетіп отыр.

Қасиетті Құран жайлы сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Құран сондай бір кітап – оның  ішінде сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда шығарылатын үкімдер бар. Ол – ешбір әзілі жоқ төреші кітап. Оны менсінбей тәрк еткендерді Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан тура жол іздегендерді  адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты арқаны һәм хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды. Көп оқылғаннан ол ескірмейді,  ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз  аса ғажап Құран естідік» деп  таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».

Алла Тағала Құран Кәрім туралы былай деді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) егер бұл Құранды бір тауға түсіргенімізде, оның Алладан үрейленіп быт-шыт болғанын көрер едің. Ал, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» деген («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).

Құран Кәрім оқудың әдептері:

  1. Бой дәретінің болуы

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деуде: «Оны [Құранды] (тәни һәм рухани кірлерден толық арылған) таза жандардан өзгелер ұстай алмайды».  Осыған байланысты дәреті жоқ адам жатқа Құран оқуына болса да, Құранды ұстауына болмайды.

  1. «Аъузу бисмилла» мен бастау

    Құран оқығысы келген адам «Аъузу» мен бастауы керек. Құран Кәрімде Алла Тағала; «Ендеше, Құран оқитын кезде Алланың рақымы мен құзырынан қуылған шайтанның уәсуәсасынан Аллаға сыйынып, пана тіле» - деп «аъузу» айтылуына шақырған.          

  1. “Тартил” мен оқу

      “Тартил” Құран Кәрімді асықпай мәнерлеп, байыптылықпен аяттарды бір-бірден ой жүгіртіп оқу. Құранның терең мағынасын ұғыну үшін “тартил” мен оқылғаны жөн. Алла Тағала Құран Кәрімде; “...Сондай-ақ мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле отырып байыппен Құран оқы!” - деп Құранның “тартил” мен оқылуын әмір етуде.

  1. Құранның мағына және мазмұнына ой жүгірту

         Құран Кәрімнің бетіне қарап құр оқу  көптеген сауаб әкелсе де, әсілі Құранның мағына және мазмұнын түсініп  және түсінгендерімізбен өз өмірімізде барынша іске асыру. Бұл тұрғысында ибн Масъуд р.а. былай дейді; “Мен үшін Тартил мен Құранға ой жүгіртіп “Бақара” және “Әлі Имран” сүресін бітіру Құранды жылдам хатым етуден артығырақ”. деді

  1. Құран Кәрімді дауыстап немесе бәсең оқу

Құран Кәрімді дауыстап және дауыссыз оқылуына байланысты бірнеше риуаяттар бар. Соның бірі Абдулла ибн Абу Қайс р.а. Айша анамызға р.а. келіп Пайғамбарымыздың Құранды қалай оқығанын сұрады [дауыстаппа әлде дауыстамайма?] Айша анамыз р.а; «Екі түрде де оқитын, кейде дауыстап, кейде даусын басып”-деп жауап берді. Бұны естіген Абу Қайс р.а. “Осындай кеңшілікті берген Алла Тағалаға мақтаулар болсын” – деді.

           Халқымыз да Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады", деп Қасиетті Құранды ерекше құрметтеген.

 

Е.ЕРІМБЕТ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз