Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді.
Бақара сүресі, 285-ші аят
Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған адамның алғашқы міндеті, Алланың бар және бір екендігіне иман келтіру.
Иман – Алла Тағаланың барлығын,бірлігін және оның елшісі Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын жүрегімен толық қабыл алу.
«Иман» сөзінің тілдік мағынасы «растау» деген ұғымды білдіреді. Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту.
Аяттар мен хадистерде иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мынадай аяттардан анық байқауға болады.
«Әй, пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік», - деп жүректері сенбегендермен яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (Майда сүресі, 41-аят).
«Бәдәуилер: «Иман келтірдік», - деді. Мұхаммед оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда, «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені иман жүректеріңе кірмеді» (Хужурат сүресі,14-аят). Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпегендер жайында түскен. Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», - дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.
Ал мына аят: «... Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (Мужадәлә сүресі, 22-аят) – деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді.
Иман жүрекпен бекітілген соң, оны тілмен айту керек. Тілмен айтылмаған жағдайда ол адамның кім екендігі белгісіз болғандықтан, шариғаттың бұйырған көптеген амалдарын ол кісі үшін жасай алмаймыз. Адамның жүрегінде не бар екендігін тек Алла біледі. Бірақ, Алла Тағала Құранда: «Аллаға және бізге түсірілген нәрселерге иман еттік деп айтыңдар....» (Бақара сүресі, 136-аят) деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.
Сондықтан иман ету парыз. Иманның жеті шарты бар.
Олар:
1.Алла Тағаланың барлығына,бірлігіне сену;
2.Періштелерге сену;
3.Алла Тағала тарапынан түсірілген кітаптарға сену;
4.Пайғамбарларға сену;
5.Ақырет күнінің болатынына сену,
6.Осы өмірдегі жақсылықта, жамандықта Алланың ісі екеніне сену.
7.Өлгеннен соң өмірдің бар екендігіне сену
Иман келтіргеннен кейін кәлимаға тілін келтірген адам мұсылман болып саналады.
Иман келтірген адам жаратылыстар арасындағы абыройлы орнын иеленіп, шынайы мәртебесіне қол жеткізеді. Бұл сенім адамның жүрегін әртүрлі жаман ой-пікірлерден тазалап, жақсы ойларға және көркем мінез-құлыққа бөлейді. Адам ешкім көрмейтін жерде болса да әдепсіз қылықтарға бармайды. Өйткені ол Алланың барлық нәрсені көріп, біліп тұрғанына иман келтірген. Аллаға сену – бүкіл игіліктің бастауы.
Көксу аудандық Балпық би мешітінің
бас имамы Е.Ерімбет