https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

«Күнәнің кесапаттары»

09 Mar 2018 0 comment Оқылды: 2545 рет

 

     Күнәға беріліп жүрген әрбір адам тек қана күна жасаушы ғана емес, сонымен қатар оны елге таратып, насихаттаушы болып та табылады. Сондықтан да жалпы халықтың азбауына әрбір адам Алла Тағаланың алдында тікелей жауапты. Оған тек өз басы үшін ғана емес, өзіне еліктеп, немесе алданып күнаға бас қойған өзгелер үшін де жауап беруге тура келеді. Сол себепті де бір күнаға берілмес бұрын әрбір адам оның артынан ілесе келер небір сұмдық айыптар мен ауыр азаптардың да болатынын ескеріп, «осы бір уақытша қызығым соншама азапқа тұра ма» деп ойлағаны жөн болады. Өйткені, адамның бұл өміpде жасаған әрбір іс-әpекетінің есебі ақыpет күні сөзсіз сұpалмақ. Бұл туpалы Алла Тағала қасиетті Құpанда ашық түpде баян еткен: «Қиямет күні әділдік таразысын құрамыз. Ол жерде ешбір жан әділетсіздікке ұшырамайды. Істелген іс бір хардал дәнінің салмағындай болса да, оны таразыға әкеліп тартамыз. Есеп алушы ретінде біз жеткіліктіміз» Құран Кәрім. Әнбия 21:47
     Адамның күналы қызықтың артында тек қана ақирет азабы ғана тұрмайды. Әрбір күнәлі қызықтың артында оның бұл дүниелік азабы мен қорлығы да қоса жүреді. Сондықтан да күнадан сақтанған адам шын мәнінде бейнеттен де сақтанған болып табылады. Өйткені, күнаның алдамшы қызығы адамды аз уақыт қана шат қылады да, артынан арылмастай болып төзімді сарқитын бейнетпен басын шырмап қояды. Сол кезде ол адам «Соншалықты не жазып қойып едім» деп зар илеп, көзінен қанды жасын ағызса да бар күнасы толық өтелмей жарық көре алмас.
Шындығында, күнәлардың адамның жүрегі мен тәніне, осы дүниесі мен ақыретіне тигізетін зияны, зоp қасірет пен өзекті өртейтін өкініші тым үлкен. Күнә ақылды бұзады, жүpекті қаpайтып, сол адамды ізгі амалдаpдан алшақтатады, ұятын өлтіреді. Ондай адамның pизық-несібесі кемиді, және күнделікті істеpінде қиындықтаp туындап, қыpсық шала бастайды.
   Жасаған күнәләрі адамның ақиқат ілімін тануына кедеpгі жасайды, иманын әлсіpетіп, ғибадаттаpдан, ізгі амалдаpдан тосады. Күнәлар дұға тілектердің қабыл болуына, Алладан келер жеңіс пен жәрдемге тосқауыл болады. Сондай-ақ күнә жасаушы жан Алла Тағаладан алшақтап, Оның назаpынан тыс қалады. Себебі, өзін ұмытқан адамды Алла Тағала да ұмытады. «Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз Аллаһ не істегендеріңді толық біледі. Және сондай Алланы ұмытқан, Алла оларға өздерін ұмыттырған пенделер тәрізді болмаңдар. Міне солар – пасықтар» Құран Кәрім. Хашр 59:18-19

Күнәнің зардабы адамның рызқысын кемітеді. “Муснад„ атты кітапта: “Расында құл жасаған күнәменен рызық-несібеден махрұм етіледі„ – деген хадис бар (Имам Ахмад, ибн Мажалардан риуаят етілген.)

     Сол сияқты тақуалық рызық несібенің кеңейуіне бір себеп. Ал тақуалықты тастау пақырлыққа бастайтын жол. Расында күнәларды тастауменен адамның рызық-несібесіне береке енеді. Құдіретті Аллаһ Құранда: «Кім Аллаһтан қорықса,(Аллаһ)оған бір шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден рызықтандырады»– деген. (Талақ: 2,3).

     Күнәнің тағы бір зияны жүрекке қаранғылық орнатады. Күнәнің артуыменен ол қаранғылық та арта береді. Нәтижесінде сол қаранғылық бетке шабады. Сөйтіп түсінің игі көрінісін кетіреді. Көз жанарының нұры солады. Жақсы мен жаманды, халал мен харамды ажыратудан қалады. Расында тағат-ғибадат ол - нұр. Ал, күнә - қаранғылық, түнек. Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын) былай деген: «Әрбір жақсылық іс адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның рызқысын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады. Және елдің жүрегінде махаббат орнатады. Ал, күнәлі іс адамның жүзін түңертеді. Кеудедегі жүрек пен ертең түсетін қабірге қаранғылық орнатады. Дененің қуатын әлсіретіп, рызқыны кемітеді. Әрі елдің жүрегіне жеккөрушілікті орнатады».

     Күнәнің зардабы; жүрек пен денені әлсіретеді. Жүректегі әлсіреу белгілі нәрсе. Күнәлардан әлсірей бере жүрек ақырында өз тіршілігін тоқтатады. Сол сияқты күнә әсерінен дене де әлсірейді. Расында мұсылман адам денесіне қуатты жүрегінен алады. Мұсылманның жүрегі иманмен қуаттанған сайын, денесінің қуаты да арта түседі. Ал, күнәһар адам болса денесі қанша қуатты болса да, нағыз қысылтаяң шақтарда ең әлсіз адам сол. Қазіргі уақытта біздер мұсылманның әлсіздігін жиі көреміз. Оның басты себебі олардың діни ұстанымдарының Құран мен сүннеттің көрсеткен ұстанымдарынан алшақтауында. Егер олар Аллаһтың кітабы мен Оның пайғамбарының (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне қайта оралса, онда оларға келер жеңіс те, табыс та, жақсылық та қайта оралатыны сөзсіз.

     Күнәнің келтіретін келесі зардабы; адамды тағат ғибадаттардан махрұм етеді. Күнә артқан сайын оның қарсысындағы тағат-ғибадаттар кеми береді. Пенде намаз оқығандағы, Құран оқығандағы ләззаттарынан ажырайды. Иманның тәттілігін жоғалта бастайды. Намазда Раббысынан болған қорқыныштарды жоғалтады. Жүрегі қатайып, көзінен жас тамбайтын болады. Ал, адам күнәдан алыстаса бұл нәрселер керісінше болады. Кім тағат-ғибадатқа беріліп, харам істерден тиыла бастаса, Аллаһ оны тәрк еткен нәрсесінен де артықша нәрсеге жолықтырып, оны иман ләззаттарымен, ғибадат ләззаттарымен бақытты етіп қояды. Ия, кім көзін, назарын харам нәрсеге салса, онда ол Ібілістің уланған оғыменен жарақаттанып, бақытсыздыққа ұшырайды. Ал, кім көзін, назарын харам нәрседен тиса, Аллаһ оны иманмен қуаттап, туралыққа жетектейді. Әрі ол пенде иманның ләззатын тауып, жүрегі бақытқа кеңеледі.

     Күнәнің тағы бір қасіреті; күнә күшейе келе адамның жүрегінен сол күнәға деген жеккөрушілікті жояды. Соның салдарынан ол адам үшін харам деген түсінігін жойып, әдеттегі істердің қатарынан болып қалады. Пенденің ол күнәні жасаудан жаны ешбір түршікпейтін болады. Тіпті елдің көзінен де, сөзінен де ұялуды қояды. Ақырында күнәнің құлына айналғандар үшін күнә көңіл көтерудің құралы мен жалған ләззат табудың жолына айналады. Керек десең сол жасаған күнәларымен мақтанудан да жандары рахаттанғандай болып жатады. Сол күнәсін білмейтіндерге білдіруді дәреже тұтатын болады. Осы нәрсе оларды тәубе жолынан тосады. Жасаған күнәларын өзгелерге жариялауға жаны құмар болғандар туралы пайғамбарымыз былай деп айтқан: «Жариялаушылардан басқа барша үмбетім кешірімге бөленеді. Расында жариалау – дегеніміз, бір кісі түнде бір (күнәлі) істі жасайды, кейін таң атырады. Аллаһ оның ол күнәсін жасырып қойған еді. Ал оның болса "ей пәленше мен өткен кеште анандай істі жасадым, мынандай істі жасадым" – деп айтуы. Ол күнәсін Раббысы перделеген күйде түнді өткізген еді. Таңды атырады да, Аллаһтың оған жапқан пердесін ашып тастайды». (Бухари, Муслим риуаяттарында келген). Ғалымдардан: «Күнәнің кіші, не үлкендігіне қарама, сол күнәні кімге жасап жатқаныңа қара» - деген. Ия, күнә жасаушы адам Раббысының алдында күнәһар болады. Және мәселе ол пенденің кіші, үлкен күнә жасағанында емес, мәселе сол күнәнің салдарынан Раббысының рахмет назарынан алыстап қалатынында. Ал, кім Аллаһтың рахмет назарынан тыс қалса, кім оны жұбатып, жақсылыққа кеңелтіп, екі дүниеде бақытты ете алар екен? Оған ешкімнің де, ешбір нәрсенің де шамасы келмейді! 

     Күнәдан болған қатер; пенденің жүрегі мөрленеді де, егесі қаперсіздердің қатарынан болады. Ол жайында Пайғамбарымыз былай деп айтқан: «Расында мұсылман пенде күнә жасаса жүрегінде қара тат пайда болады. Ал, егер тәубе етсе, тастаса және кешірім өтінсе жүрегі тазаланып жарқырайды. Егер (күнә)артса, ол татта арта береді. Кейін ол кісі; Аллаһ Құранда:«Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» - деп айтып өткен таты да осы тат, деп жоғарыдағы аятты оқыды.(Бұл аят Мутаффифин сүресінің 14-ші аяты). Бұл хадисті Ибн Мажа өзінің кітабында риуаят еткен.

          Негізінен жүрек күнәлардың әсерінен тат басады. Егер күнә арта берсе, ол тат та күшейіп, ақырында жүрек қарайып, бекітіліп қалады. Егер пенденің жүрегі бұл күйге тура жолды тауып, ақиқатқа көзі жеткеннен кейін ұшыраса, онда ол жүрек тас болып, асты үстіне қарап төнкеріліп қалады. Ал, ауызы астына қарап төңкеріліп қалған ыдысқа құйған нәрсе сыртқа төгілетіні сияқты, ол кейіпке түскен адамның жүрегі де ешбір жақсылықтарды қабылдай алмай қалады. Содан оған шайтан серік болып, оны қалаған жағына жетектеп жүре беретін болады. Әрі ол пенде жақсылықты жақсылық деп, жамандықты жауыздық деп, ақиқатты ақиқат деп ажырата алмайтын болады.

     Күнәнің әкелетін тағы бір қасіреті; Аллаһты ұмытқан күнаһарды Аллаһ та ұмытады. Яғни, оны қолдау, қорғауынсыз қалдырып, нәпсі мен шайтанның жетегіне тастайды. Расында олар – пасықтар. Құран аяттарының бірінде бұл жайында былай делінген: «Мунафиқ ерлер мен мунафиқ әйелдер бірі – бірінен. Олар жамандыққа бұйырып, ізгіліктен тосады. Сондай-ақ олар қолдарын жұмады(яғни, сарандық қылады). Олар Аллаһты ұмытты. Сондықтан Аллаһ оларды ұмытты. Расында мунафиқтер – олар пасықтар».(Тәубе: 67).

   Және құдіреті күшті Аллаһ Тағала иман келтіргендерге былай деп бұйырған: «Әй, иман келтірегендер! Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Аллаһтан қорқыңдар. Шәксіз Аллаһ не істегендеріңді толық біледі. Және сондай Аллаһты ұмытқан, Аллаһ оларға өздерін ұмыттырған пенделер тәрізді болмаңдар. Міне солар пасықтар». (Хашр: 18 ,19). Иә, Күнәһар пенде Аллаһты ұмытады, өзін ұмытады. Ертең сол күнәнің қасіреттерге шөктіріп, орны толмас өкініштермен өртейтінін ұмытады.

       Күнәлар нығметтерді кетіреді. Осыған байланысты Құранда мынандай аят бар: «Аллаһ сендерге тыныш та, жайбарақат болған бір кентті мысал етті. Оған оның рызқысы әр тараптан мол болып келуші еді. Кейін Аллаһтың нығметтеріне күпірлік келтірді. Сондықтан Аллаһ оларға істегендеріне қарай ашаршылық және қауіп-қатердің ауыртпашылығын таттырды».(Нахл: 112). Ия, бұл аяттан көріп тұрғанымыздай, Аллаһ пенделерге бейбітшілік пен кеңшілікте, рахат пен молшылықта өмір сүрген бір қала тұрғындарын мысал етеді. Кейін Аллаһ сол тұрғындардың хәлін молшылықтан ашаршылыққа, тыныштықтан қауіп-қатерге ауыстырды. Кеше рахат күйде өмір кешкен олардың ондай бақытсыздыққа душар болуының себебі неде еді? Себебі олар Аллаһтың нығметтерін жоққа шығарып, шүкірліктен күпірлікке өтіп, күнәларға батқан еді. Күпірлік дегеніміз – Аллаһтың берген нығметтеріне тілмен шүкірліктер айтпау, әрі ол нығметтерді Аллаһтың бергенін мойындамай, өзімнің білімдарлығыммен, маңдай теріммен таптым деп даңдайсу және сол нығметтер үшін намаз оқып, зекет беріп, тағы да басқа амалдарды жасап шүкілік етпеу. Ал, егер бір кент тұрғындары бірін-бірі халалға бұйырып, харамнан қайырып, имандарын салихалы амалдармен бекемдеп, Раббыларының алдында тақуалық танытса еді, онда Аллаһ оларға аспан мен жерден берекет берер еді. Аллаһ Құранда: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, тақуалық танытса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік. Бірақ олар жасынға шығарды. Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық»- деген. (Ағраф: 96).

   Күнәлар қайғы мен қасіретке ұшыратады. Пендеге келер көп қайғы-қасірет күнәнің себебінен болады. Хазреті Али (Аллаһ одан разы болсын) бұл жайында:«Егер бір пенденің басына қасірет орнаса, ол нәрсе күнәдан. Егер пендеден бір қасірет кетсе, ол нәрсе тәубенің себебінен» - деп айтқан. Ал, Құдіреті күшті Аллаһ Қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Аллаһ көбін кешіп жібереді». (Шура: 30). Қазіргі уақытта мұсылмандардың әлсіздіктері мен құрметсіз болуларының, және артта қалулары мен жеңіліске ұшырауларының себептері өз діндерінен бекем ұстамай, күнәларға бой ұрғандықтарынан.

   Күнәдан келер кесапат. Ол күнә жүректі тыныштығы мен тұрақтылығынан, мазасыздық пен уайымға, саулығынан ауруға салады. Күнәлардың денеге тигізер зияны аурулардың денеге тигізер зияны сияқты. Күнә - жүрек ауруы. Ал, оның дәрісі – ол күнәларды тастау мен нәфсі қалауына қарсы жүру. Өйткені кім нәпсісінің бұйыратын жаман қалауларынан қайтарса, оның барар жері жаннат. Оған Аллаһтың мына аяты дәлел: «Ал, енді кім, Раббысының алдында тұратын күннен қорқып, нәпсісін қалауларынан қайтарған болса, расында оның барар жері жаннат». (Назиғат: 40, 41)

Күнәдан алыс болған пенденің жүрегі тек ақыреттегі жаннатта ғана емес, бұл дүниенің де өзіне тән жаннатында болады. Сондықтан күнә істерге беріліп, ізгі істерден ажырау – бұл дүниеде де, ақыретте де жақсылықтардан ажыраумен тен. 

 

Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің

бас имамы Данағұлов Алмас

                                           

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз