https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Исламдағы көркем мінез

27 Feb 2018 0 comment Оқылды: 2184 рет

 

Алла тағалаға мақтаулар әрі оның елшісіне Алла тағаланың игілігі мен сәлемі болсын.

Құран Кәрімде:

إِنَّ الدِّينَ عِنْدَ اللَّهِ الإسلام

«Алланың қасында шынайы дін – Ислам...» – деп бұйырылады. (Әли ғимран сүресі, 19 аят). «Ислам» сөзі арабшадан қазақшаға аударғанда – «тыныштық, бейбітшілік, амандық, мойынұсыну, бағыну» деген мағыналарды білдіреді.

«Ислам» діні аты айтып тұрғандай бейбітшілік діні. Оның мақсаты Алла тағалаға құлшылық қыла отырып, жер бетінде тепе-теңдікті, жақсылықты орнату. Алла тағала Қасиетті Құранда: «Жердің бетін жамандықпен бұзбауға» шақырады[1]. Адамдарды бір-біріне мейірімді болуға, көркем мінезді ұстануға, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруға шақырады.

Бұл жайында көптеген ғасыр бойы тіл, фәлсафа және дін ғұламалары зерттеу жүргізіп, әртүрлі пікір жазған. Соған орай санқилы анықтама дайындалған. Бұл жайында тіл ғалымдары: «Көркем мінез – Ол әдемілік. Кез келген іс-әрекетті әдемі орындау[2]», – десе, фәлсафа ғалымдары: «Адамдарға ұнамды болу керек, яғни симпатиясы жақсы болуы тиіс» – дейді. Ал, «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырған дін ғалымдары болса адам баласы жеке басына, отбасына, жұмысына, қоғамдық орындар мен құлшылығына қатысты іс-әрекетте әдепті болып, кез келген істі жақсы орындауы тиіс, тіпті, талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау сынды күнделікті өмірде кездесетін талаптар мен міндеттерді, сондай-ақ соғыс кезінде орын алатын шарттарды шариғат талаптарын сақтай отырып, әдеппен атқаруы керек деген пікірді ұстанған.

Шындығында көркем мінез – ол пайғамбарлардың мінезі, ол шыншылдармен ізгілердің мінезі. Алла елшісі (Алла тағаланың игілігімен сәлемі болсын): «Әй Әбу хурайра! Саған көркем мінезді болуыңды өсиет етемін», – деген. Сонда Әбу хурайра: «Иә, Алланың елшісі (Алла тағаланың игілігімен сәлемі болсын). Көркем мінез дегеніңіз не?» – деп сұрайды. Алла елшісі (Алла тағаланың игілігімен сәлемі болсын): «Өзіңмен қарым-қатынасты үзгендермен араңды қос, саған зұлымдық қылғандарды кешір, саған сараңдық қылғандарға дүниеңмен бөліс», – деген екен. Міне осындай тағылымды, тәрбиелі сөзден көркем мінездің көпке белгілі бірнеше түрі қалыптасқан.

Оның біріншісі – ұятты болу. Ұят адамға тек жақсылық әкеледі. Әрине шариғат шеңберінде. Мысалы: намаз оқудан ұялуға болмайды. Екінші шыншылдық. Тек шариғат рұқсат еткен жағдайларды есепке алмағанда шынайылықты ұстану мұсылман баласына міндет. Мысалы, екі жақты татуластыру мен отанды қорғап қалу мақсатында өтірік айтуға болады. Расында өтіріктің пайдасынан зияны басым. Алған қарызды уақытында қайтармай, сөзбұйдаға салып алдау қарыз берушінің адамдарға деген сенімін кетіріп, басқа бір адамның мұқтаждығына кесірін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, шариғатта өтіріктің кәффараты жоқ. Үшінші – шариғат шеңберіндегі сабырлық. Халқымыздың: «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақалы осының дәлелі. Қиямет күні Жаратқанның разылығы үшін сабыр сақтаған адамға, Алла тағала қор қыздарын тізіп, таңдап алуға мүмкіндік береді. Төртінші – жомарттық. Шындығында Алла үшін берілген садақа иесіне жеті жүз еселенген сауап болып қайтарылады. Бұл турасында Құран кәрімде:

)مَثَلُ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنْبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنْبُلَةٍ مِائَةُ حَبَّةٍ ۗ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَنْ يَشَاءُ ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ(

«Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тағала тым кең, әр нәрсені білуші».[3] – делінген.

Расында көркем мінездің түрі өте көп. Олардың қатарына кешірімді, тілектестікті, жомарттықты, шыншылдықты, аманатқа беріктікті, қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, ұяттылықты жатқыза аламыз. Әдетте адамдардың арасында кездесетін барлық қарым-қатынас, іс-қимыл, әрекет, сауда-саттық кезінде жақсылық жасаудың кез келген жолы көркем мінез саналады. Ғаммар ұлы Ясирден (Алла оған разы болсын) келетін хадисте: Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай бұйырған: «Көркем мінез – Алланың мінезі. Ал Алланың ұлы мінезі: жұмсақтық, сабыр, айыптарды жасыру және құлдары тарапынан істелген күнәнің жазасын кешіктіру тәрізді үстем сипаттар», – деген.

Өкінішке орай, қазір адамдар Алла тағаланың дінін бүгінгі мұсылманның кескін-келбетінен танитыны ақиқат. Соған орай құлшылыққа шақырушыға кейбіреулер: «Менің көршім намазхан немесе орамал тағады. Неге өйтеді? Неліктен олай айтады?», – деп жатқанын көреміз. Демек, кей мұсылманның әдепсіздігі, қатігездігі, күнәні ашық істеуі, уәдесінде тұрмауы, ұсқынсыз киінуі, кір-лас күйде жүруі, қарапайым этикетті сақтамауы өзгелердің Ислам дініне тіл тигізіп, балағаттауына, одан бет бұруына апарады. Әсілінде, адамдар Ислам дінін Құран Кәрімнен, Пайғамбар (Алла тағаланың игілігімен сәлемі болсын) өмірінен, саңлақ сахабалар өнегесінен, ғалымдардың кітаптарынан, имамдардың уағыз-насихаттарынан тануы, білуі, үйренуі керек еді. Сол себепті әрбір мұсылман шариғат шеңберінде әрі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген шарттарды сақтай отырып, әдеппен өмір сүргені абзал. Дін ғалымдары: «Шамаңның келгенінше адамдарға сауапты амал жаса. Егер жақсылық жасауға шамаң келмесе, онда жамандық (күнә) жасама», – дегенді ұдайы айтады. Турасында көркем мінезділік, жақсы өмір сүру адамдарды іс-әрекетімен ислам дініне шақыру саналады.

Атамыз қазақтың: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», – деген мақалы бар. Одан бөлек, «Он бәленің тоғызы тілден», «Ұрлық түбі – қорлық», «Біреуге ор қазба – өзің түсесің», «Жақсыға барсаң – жадырап, жаманға барсаң – жабығып қайтарсың», – деген нақыл сөздерімен баласы мен немересін тәрбиелеген. Соның арқасында есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпақ үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен.

Мінезі көркем адаммен дос болуды көпшілік қалайды. Ал досы көпті дау алмасы анық. Басыңа күн түскенде қасыңнан шынайы достар ғана табылады. Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға жәрдемші болу адамдықтың белгісі. Адамның жанын жақыны ғана түсінері анық. Ендеше, кеңшілікте кең болсаң, таршылықта адамдар қасыңнан табылады. Яғни, көркем мінез жемісін осы өмірде де, ақыретте де берері анық.

Мүбарак бір хадисте: «Мұсылман кісі көркем мінезімен күндізін қосымша оразамен, түнін нәпіл намазмен өткізген адамның дәрежесіне жетеді. Қияметтегі таразы басындағы амалдарды салмақты ететін де көркем мінез» делінген. Әбу хурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген құдси хадисте: Хазірет Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай бұйырды: «Алла тағала Ибраһим ‘аләйһиссәләмға былай деген: «Досым!  Кәпірлерге болса да мінезіңді көркемдестір, игі жақсылардың жолына кіресің. Мінезін көркемдестірген кісіні ғаршымның астына көлеңкелетіп, жаннат суларымнан ішкізетінімді және оны маңайыма жақындататынымды уәде етемін» – деген.

Әнас (Алла оған разы болсын) айтты: Хазірет Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбузармен кездесті де: «Я Әбузар! Саған басқаларына қарағанда жүкте жеңіл, таразыда ауыр екі сипаттан өсиет етейін бе?» – деді. Әбузар: «Әрине, я расулаллаһ!», – деді. Хазірет пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы мінезді болуға ұқыпты бол және үнемі ауызыңа ие бол. Жаным құдырет қолында болған Алла тағалаға ант етемін, адамның осы өмірдегі іс-әрекеті, амалдары, құлшылықтары арғы өмірінің көрінісі. Осы дүниеде не ексең, ақыретті соны орасың», – деген.

Адамдарды ұйытып алатындай көркем мінезге тек Алла тағаладан дұға жасау арқылы сұрап алуға болады. Айша (Алла оған разы болсын) Хазірет пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дұға жасағанын жеткізген: «Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем  еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» – деп дұға ететін». Одан бөлек, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі жайлы деректерді көп оқу да мінездің көркем болуына әсер етеді. Айша анамыздан Пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайында сұрағанда: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы – Құран ғой», – деп жауап бергені белгілі.

Ендеше, құдіреті күшті Алла тағаладан мінезімізді көркем етіп, ахыреттегі есепте таразымыз сауап жағынан ауыр келуін сұраймыз.

Оразбаев Ардақ Нүсіпханұлы

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы,

Талдықорған орталық «Иман» мешітінің бас имамы

 

[1] Ағраф, 56

[2] Муғжам әл уасит

[3] Бақара, 261

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз