https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ИСЛАМДЫ ТҮРКІЛЕР ӨРКЕНДЕТКЕН

21 Feb 2018 0 comment Оқылды: 702 рет

Ұлы сәскеге таяған әлетте мұнаралы мешітке баба жосыны бойынша «Алла» деп аяқ басып, мұнтаздай киінген наибтан жөн сұрап, төменгі қабатқа беттеп барамыз. Мәрмәрдан жасалған басқышты адымдай санап төмендеген сайын құлағыңа күмбірлеген керім үн талып жетеді. Бір адамнан емес-ау, әлденеше жаннан шыққан ғажайып әуез ол. Жақындаған сайын жанды баурап, елітіп барады. Наибтың сілтемесі бойынша айтылған есікке барғанда ғана білдік, өкіл имам сынақ қабылдап жатыр екен. Есік сыртындағы күмбірлеген дауыс өңір имамдарының Құран тапсырар алдындағы әдепкі дайындығы, өзін-өзі бір пысықтап алу шарасы екен. Жеке-жеке қабылданған молдалардың соңғысы есікті сырттан жапқанда барып Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев сұхбаттасуға әзірмін деген бейіл танытты.

- Ардақ Нүсіпханұлы, адам қасиетін, болмысын қазақта Абайдан артық терең толғаған, айшықты етіп өрнектеген жан аз шығар. Ал, адамның мұндай қасиетінің бірі таңсық дүниеге құмарту емес пе?! Ендеше, біз де жақсылықты білуге іңкәр болып тұрмыз, мұнаралы мешітте осыншама имамның Құранды күмбірлете оқуының сыры неде екен? Сондай-ақ, қазіргі таңдағы діни ахуал жайында тоқталып өтсеңіз.
- Дін мен дәстүрін егіз көрген текті жұрттың алыптары қос құндылықтың асылын айшықтауға зор үлес қосқан. Оған алыстан тартпай кешегі Құнанбайларды айғақ етуге болады. Міне, сол тұстың өзінде қазақ халқының имани ахуалы, дінге деген көзқарасы өте жоғары деңгейде болған. Олар Алласыз іс бастамаған, шүкірліксіз шаруам тынды демеген парасат иесі еді. Бізден әрі кетсе бір ғасырдың ар жақ, бер жағында ғана ғұмыр кешкен ғой. Одан кейінгі уақытта империялық жүйенің, Кеңес өкіметі солақай саясатының салдарынан ата дінімізден ажырап қалғандай күй кештік. Бәрі болмаса да, халықтың басым көпшілігі «атеизм» қақпанына тілерсегін тілдірді, жүрісінен жаңылысып, тура жолынан теріс кетті. Соның зардабы әлі күнге дейін қоғамда оқтын-оқтын көрініс табуда. Ал, ел егемендігін алып, еңсесін тіктеген уақыттан бергі ширек ғасырдан астам мезгіл мезіретінде біздің имани ахуалымыз айтарлықтай күшейді. Жастарымыздың 60-70 пайызға жуығы қасиетті мешіттен табылатын күйге жетті. Бұл зор қуаныш. Дегенмен бүгінгі таңда бүліктің бәрі діннен келетіндей алакөңіл болып жүрген қандастарымыз да аз емес. Қиянат пен қантөгіске, қылмысқа дін итермелейді деу теріс пікір. Баласы мешітке аттаса жат ағымға кететіндей, «онда бармаңдар» деп шектеу салатын жандар да көбірек төбе көрсетіп қалып жатады ғой. Негізінен жас ұрпақ ата дінін біліп, кешегі асылдар ұстанған ұстанымды толыққанды ұғыну үшін мешітке келіп, имамдардан арнайы дәріс алу керек. Ол үшін ата-аналар баласына «Дәрісті тек имамнан тыңдаңдар, бейсауат жанның бұрмалауынан сақ болыңдар», – деп ескертіп отыруы керек. Сонда ғана, әртүрлі ағымда жүрген жандардың жетегінде кетпейді. Тек имаммен ғана ой бөлісіп, иманын күшейтеді, ата дінінің қасиетті құндылықтарымен қанығады.
     Ислам діні өркендеу үшін имам сауатты болуы керек. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын, айтқан сөзіне елді ұйыта алатын, кез келген сауалмен келген жамағатқа қанағаттанатындай жауап беретін имамдар көп болса, онда саф дініміз де жоғары деңгейде салтанат құрады. Бірақ, кейбір жандар имамдарды тек діни рәсімді өткізуші деп ғана қабылдайтынына қынжыламыз. Бұл да болса кешегі кезеңнің кесірінен қалыптасқан дұрыс емес пікір. Әйтпесе, бабалар өміріне зер салған жандар үшін имамның кесімімен түйткілді мәселелері шешілген, шариғат шеңберімен тірлік кешкен жұрт екенімізді аңғарар едік. Сондықтан да, кадр даярлау мәселесі бойынша әрі дін адамдарының сауатын көтеру барысында имамдардың 20 күндік оқу курсын ұйымдастырудамыз. Олар Құранды таза оқып, сауатты жаттаудан, шариғат үкімдері мен шешімдері, ахида мәселелері  бойынша білімін жетілдіріп жатыр, мұны жаңа өзіңіз де көрдіңіз. Әр жиырма күндікте 20 ұстазды қабылдап, сынақ алудамыз. Жалпы өңірімізде 173 мешіт ұстазы, азаншысымен қосқанда 190 имам бар.
     Айта кетерлігі, орталық «Имам» мешітінде қариларды дайындау орталығы ашылды. Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті университетінен арнайы ұстаз алдырып, Алланың қасиетті жазбасын жүрегі иманға бұрып тұрған жандарға жаттатудамыз. Олар алдымен арабша оқуды үйренеді, содан кейін барып Құранға түседі. Айына бір жарым парадан жаттағанда 20 айда Құранды толығымен жүрегіне қондырады деп күтілуде. Бұл да болса, ата дініміздің өркендеуіне қосып жатқан азғантай үлесіміз.

Қарилар демекші, қазақ қаламгерлерінің ішінде Құранның 15-20 парасын жатқа білгендердің болғаны жөнінде жазылған жазбамен танысқан едім. Олар кешегі Кеңес империясы дәуірлеп тұрған кезде өмір сүргендер. Бұл таңданарлық ақпар ғой. Ал, бүгінгі таңда бейбітшілік пен татулықтың діні болған Исламды әртүрлі құйтырқы әрекеттердің шығуы себебінен жастарға басқа сипатта көрсетіп жүргендер де аз емес-ау.
- Әуелгі сөзіңізді пысықтай кетсем, іргелес жатқан айыр қалпақты ағайындарда 5 мың, оның арғы жағындағы өзбектерде 25 мың қари бар. Ал бізде ше? Санаққа келсек елімізде не бәрі 300 қари бар. Оның барлығы Рамазан айындағы хатымға бастан-аяқ шыға алмайды. Жоқ дегенде 100-150 ғана хатымға шығар. Ал оның ішіндегі қаншасы қазақ екенін тағы санаға салып байқай беруге болады. Міне, ойланатын мәселе. Біз ислам дінін қылыштың жүзімен қабылдаған ел емеспіз. Әу баста бабаларымыз алдаспаннан қорыққандықтан емес, исламды күнделікті өмірімен, наным-сенімімен салыстыра келе дәстүріне егіз болған соң қабылдаған. Тіпті, Құран араб тілінде түскенімен, ислам дінін өркендеткен, тамырлатқан түркі жұрты емес пе? Ендеше неге біздің қарилар санаулы ғана, бұл текті де дана халықтың бірауық сәт болса да ойланатын мәселесі.
     Рас, Ислам о бастан-ақ мейірімге құрылған дін. Ақырғы пайғамбар, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіне шапағаты болар, өте мейірімді елші. Онда неге сәл бүлік шықса айыпкерді біздің діннен іздейді? Өйткені, ата дініміз – ақ. Қашанда қараға түскен дақтан қарағанда аққа жұққан кір тез байқалады. Сондақтан да, түрлі себептер мен бұрмалаулардың салдарынан исламға күйе жағуда. Мұның артында өзге діндегілердің исламды жаппай қабылдап кетпесін деген қаупі жатыр. Ең қызығы ислам дініндегі адам өзге дінді қабылдамайды. Ал өзге діндегі адам исламды қабылдайтын болса, әуелгі нанымына ешуақытта аттап баспайды. Мұның өзі саналы адамды тебірентер дерек.
     Біз көбінесе уағыз-насихат бойынша абақтыларға барып тұрамыз. Сол жерде отырған қылмыскерлердің 95-96 пайызға жуығы әртүрлі қылмыспен сотталғандар. 4-5 пайызы ғана дін мәселесі бойынша отырғандар немесе жамағат қатарында болғандар. Сонда біз сан қылмысты жасаған сол 95 пайызды көрмейміз де, 4-5 пайызды тез байқап қоямыз. Осының өзі ата дініміздің ақтығына айқын дәлел болса керек. Сондықтан да Алланың дінін бұрмалаудың, дін дұшпандарының «құйтырқылығына» сенудің қажеті жоқ.

Бүгінгі таңда қаны қазақ, қалыбы мазақ болып жүрген жандар да жетерлік. Олар тіпті, салт-дәстүрімізді менсінбей, бабалардан қалған қазақы қағидаға қайшы пікір сабақтауда. Ата дәстүрімізді «ширк» дейтіндер жайлы ой қозғасаңыз! 
Дәстүрімізді теріске шығарушылардың басым көпшілігі жат ағымда жүргендер. Қазақ халқы ешқашан да дінге қайшы келер әрекетке бармаған. Сондықтан да текті елдің саф салтындағы жоралғылар шариғатқа томпақ келмейді.
     Сонау 1989 жылдан бастап қасиетті жерімізге жат ағымдағылар ене бастады. Бүгінде адамдармен бірге ағымдар да көбейіп кетті. Сондықтан да шығар қарапайым жандардың дінге деген пікірі бір жақты емес. Ал, негізінен ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты айбарлы бабалардың қағидасына қайшы келмейді. Салтымызда бар дүниенің көбі дінімізде көрсетілген. Мәселен, жат ағымдағылар «Беташарды» теріске шығарып: «Ата-енеге, ағайын туғанға сәжде жасауға болмайды. Сәжде тек Аллаға ғана жасалады. Сондықтан бұл «ширк» емей не?», – деп ақылға симас тұжырым жасауда. Ал, қазақ қашан адамға сәжде жасап еді? «Адамнан сұрағанның екі көзі шағады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», – деп тәмсілдеп отыратын текті халық ешқашан да жұмырбастыға сәжде етпеген.  Біле білсе, даналарымыз текті адамды берген сәлеміне қарап ажыратқан. «Сәлем – сөздің анасы» дейтіні де сондықтан. Сондықтан да, «беташар» рәсімі – келіннің инабаттылығын, ізеттілігін көрсетер сәлем беру жоралғысы ғой. Сондықтан да сәжде мен сәлемді ажырата білмейтіндерден жақсылық күтіп қажеті жоқ.
     Домбыра – ұлттық аспап. Мұны ақындар «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп жырға қосқан, қадыр тұтқан. Мұны да жат ағымдағылар дұрыс емес деп санайды. Домбыра тартудың жөн еместігіне қандай дәлел келтіретінін тыңдасаң, қарап отырып «күлкің» келеді. Алаштың сан жылғы азабын арқаласқан, арда бабалардың жан серігіне айналған, ғасырдан ғасыр оздырып бізге жеткен күйді тыңдап Алласын танымай кеткен жан бар ма екен? Жоқ, әрине! Екіншіден, даналарымыз домбыраның сырлы үні елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйды емес пе? Домбыра үнін тыңдап ата жолынан адасып қалған немесе бұл аспаппен жын-ойнақ жасап, қазіргі тілмен айтқанда «дискотека» өткізген бабалардың болғандығы тарихымызда жоқ дерек.  Сондықтан, мұны теріс деуге де себеп жоқ. Мұны жасап отырған ұлттық рухы төмен, көрінгеннің қолшоқпарына айналған жандар ғана. Сондықтан олардың халқымызға пайдасы бар деп  айта алмаймыз.

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына әртүрлі сын айтылып жатады. Дін айналасында болып жатқан түрлі келеңсіздіктің салдары басқарманың дұрыс жұмыс жасамауынан деп тұжырым жасап жүргендер де жетерлік. Бұған қандай уәж бар?
- Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қазіргі таңда өте жақсы жұмыс жасап жатыр деп айтар едім. Бірақ, ҚМДБ-да қандай қауқар бар? Не істей алады? Бұл негізгі ойланар мәселе. Бұл басқарма Қазақстан Республикасындағы басқармалардың бірі ғана. Ол мәселенің бәрін шешіп жіберетін Мәжіліс, Сенат емес. Сын қай кезде де болады. Ол кез келген мекемеде де айтылады. Бірақ ҚМДБ не істейді дегенді сынағыш жандар дұрыстап пысықтап алса жақсы болар еді. Өйткені, діни басқарма ешқандай мәселені шешуші орын емес, ол насихат қылатын, Алланың көрсеткен жолын халыққа жеткізетін, пәтуаның оң-терісін айтатын орын. Біз мұсылман халқы болғанымызбен Ислам мемлекеті емеспіз ғой. Сондықтан бізде ағат кеткендерді жазалайтын қауқар жоқ. Егер Ислам мемлекеті болсақ, зор күшпен дінге қатысты кез келген мәселеде шара қолданып, сынды айтылмайтындай жұмыс жасар едік. Ал, негізінен пәтуа шығаратын орын болғандықтан шариғат үкімдері мен ережесіне сай жұмыс істеп елдің сауалына жауап береміз. Қандай таңдау жасайтыны елдің өз еншісінде.
     Ер адам өзін, әйелін және ұлын тәрбиелейді. Ал, әйел болса, өзін, күйеуін, ұлы мен қызын және келінін тәрбиелейді екен. Бұған сүйенсек, еркек үш, әйел бес адамнан тәрбиелейтін болса отбасы дұрыс болады. Одан өзге отбасы өнеге алады. Сөйте-сөйте шеңбер кеңіп, қоғам жақсармақ. Бұл орайда айтарым, әр адам тәлімді өзінен бастап, отбасына жауапкершілікпен қарап, дінге сауатты болса және  ҚМДБ-ның шығарған шешімімен санасар болса, онда сауатты сын да айтылар еді. Дегенмен жаратқанның адам баласына берген нығыметінің бірі – алдағы күннен күтер шарапат емес пе? Сондықтан да болашағымыз нұрлы, дініміз бен дәстүріміз ғұмырлы болады деп үміттенеміз.                                 

                - Әңгімеңізге рахмет! 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз