«Сәләм» - Ұлы Алланың 99 есімінің бірі. «Әс-Сәләм» - бұл амандық беруші, есен сақтаушы деген мағынадағы сөздерге жақын. Құран Кәрімде бір рет кездесетін осы сөз Аллаға ғана қолданылады. Алланың сәлеммен сипатталуы, Оның бұл сипатқа барлық нәрседен де лайық болғандығынан. Сол себепті де Алланың құлдары арасында сәлемдесу - Исламның ең ізгі амалдардың бірі.
Алла Тағала иман келтірген құлдарын өзара сәлемдесуге шақырады. «Нұр» сүресінің 27-аятында: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, ескерерсіңдер», – делінеді. Ардақты сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.) айтады: «Пайғамбар (с.ғ.с.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргеніңде үй-ішіңе сәлем бер. Сенің сәлемдескенің өзіңе және үй ішіңе Алла Тағаланың берекесін алып келеді», – деді».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға ең алғаш рет келген кезде: «Ей, адамдар! Өз араларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар. Және адамдарды тамақтандырыңдар. Туысқандарыңмен болған қарым-қатынасты жақсартыңдар. Және адамдар ұйқыда болған сәтте намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа амандықпен, сәлеметпен кіресіңдер», – деп сауап істердің қатарынан сәлемдесуді бірінші атаған. Бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Әссәләму алейкум (Сіздерге Алланың сәлемі болсын)», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Он», – деді. Кейін екінші адам келіп: «Әссәләму алейкум уа рахматуллаһ (Сіздерге Алланың сәлемі мен рақымы болсын)», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған да жауап бергеннен соң: «Жиырма», – деді. Үшінші адам келіп: «Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ (Сіздерге Алланың сәлемі, рақымы мен берекеті болсын)», – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған да жауап бергеннен соң: «Отыз», – деді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның мәнісін сұрағандарға бірінші келген адамның: «әссәләму алейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, екінші келген адамның: «әссәләму алейкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, үшінші келген адамның: «әссәләмуалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алғандығын айтып түсіндірген.
Адамзаттың асыл тәжі, соңғы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы хұтпасында: «Мен сендерге екі асыл нәрсе тастап кетіп бара жатырмын, бірі - Құран, екіншісі - сүннет», - деген. «Сүннет» - екі жаһан сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың істеген ғазиз амалдары. Кездескен кісіге ең бірінші болып амандасатын және Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кісімен жолығып, онымен қол алысып сәлемдескен кезде, қашан сәлем беруші кісі өз қолын тартып алмайынша және жүзін бұрмайынша, Ол (с.ғ.с.) қолын тартпайтын, одан жүзін тайдырмайтын. Міне, бұл - сәлем берудің ең әдемі әдебі. Біз де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай амал етіп, кездескенде алғашқы болып сәлем беруге асығатын үмметтерінің қатарында болайық.
Көксу аудандық Балпық би мешітінің
бас имамы Е.ЕРІМБЕТ