https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

НЕГЕ АДАМДАР ҚИЫНДЫҚ КӨРЕДІ?

02 Jan 2018 0 comment Оқылды: 1905 рет

Қиындықтан қамығып жаны жүдеген, жалғыз қалып, жақсылықтан күдер үзген бауырым! Өмірге деген құлшынысың құлдырып, жабығып жүрсең, мынаны оқы! Құран Кәрімнің «Әнкабут» сүресінде мынадай аят бар: «Адамдар «Иманға келдік» деп айтумен ғана сынаққа алынбай қалдырыламыз деп ойлай ма?»  Тәпсір ғалымы Ибн Кәсир бұл аятты түсіндіріп былай дейді: «Алла Тағала Өзінің мүмін құлын оның иманының деңгейіне қарай сынайды. Иманы күшейе түскен сайын сынақ күрделене береді, ал иманы әлсіз кісі сеніміне қарай сыналады». Бұл аяттың талдауын Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадисімен де түсіндіруге болады: «Адамдар арасында ең қиын сынаққа түсетіні – пайғамбарлар. Содан кейін салих ізгі құлдар, сосын сол секілді адамдар. Кісі өз дініне (иманына) қарай сыналады. Егер діні (иманы) қатты болса, сынағы арта түседі» Сондай-ақ, атақты тәбиғиндердің бірі, ғалым Мужахид: «Бұл аяттың түсу себебі, мүмін пендесін сынау – Алланың дәстүрі, заңы екендігін үйрету және жұбату», - дейді.  Ал сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас (р.а) былай дейді:  Мен бір күні «Уа, Алла Елшісі! Қандай адамға ең қиын сынақ беріледі? - деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді», – деді.  Демек, СЫНАҚТЫҢ МАҚСАТЫ – МҰСЫЛМАНДЫ ШЫҢДАУ, ШЫНАЙЫ СЕНІМ ШЫҢЫНА ШЫҒАРУ. Түрлі тауқіметке төзіп, сабыр ете алған адам ғана нағыз иманның дәмін татады. Ал бұл – ешқандай байлық, ешқандай дүниеге айырбастауға келмейтін бағалы сезім.  Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар ғой. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы, жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен сабырлылықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал бұл оңайлықпен келмейді. Төзімсіз адам бұл шыңды бағындыра алмақ емес.  Ғұлама Уаһб: Мен «Егер сенің жолыңда көлденеңнен қиындық тап болса, көңілің тыныш болсын, себебі, сен Пайғамбарлар мен ізгілердің жолымен жүріп бара жатырсың! Ал егер жүрген жолың жеңіл әрі кедергісіз рахат болса, өзіңе-өзің жыла. Өйткені, жолдан адасқан болуың да мүмкін» деген сөздерді оқыдым», - деген екен. Ендеше, қайғырма! Мұңын шаққан бір қызға ағасы: «Алдыңнан тау шықса, сен неге оны айналып өткің келеді? Керісінше, сол тауды басып өтпейсің бе? Тауға шық. Ой-қырын көр. Зертте. Алла адамға жәрдемші болса, ол адамның алмайтын асуы болмайды», - деген екен. Ендеше, қиындық көрген бауырым! Алла сенімен болса, кімнен қорқасың, ал Алла сені тастап қойса, кімнен үміт күтесің? Барлық жанды-жансыз жаратылыстың Жаратушысы болған Аллаға бет бұр да, ісіңді Оған тапсыр! Сөзсіз, Ол саған жақсылық қалайды! Және әр қиындықтан соң екі бірдей қуаныш, екі бірдей жеңілдік сыйлайды! Мына бір шағын әңгіме менің дүниетанымымның өзгеруіне себепкер болған өте әсерлі дүние болды. Бұған дейін басымнан кешкен кедергілер мен сынақтарға деген қарым-қатынасым қате болып келгенін түсіндім. Сол себепті, қалың көпшілікке өз пайдасын тигізер деген мақсатта осы оқиғадан сіздерді де хабардар еткім келеді:  Атақты тәбиғиндердің бірі Уруа ибн Зубайр (Алла оған разы болсын) аяғы жарақаттанып, жазылмай шіри бастаған соң кескізуге тура келеді. Сол күні жеті баласының ең сүйіктісін жылқы таптап кетіп, дүниеден өтеді. Сонда Уруа: «Раббым, барлық мақтау саған тән! Бәріміз Алланікіміз және Оған қарай қайтушымыз. Ол маған жеті бала беріп, біреуін алды. Төрт бұтақ (екі аяқ пен екі қол) беріп біреуін алды. Сынақ жіберсе, артынша есендік береді, алып қойса қайтып береді. Алған нәрсесін Жәннатта қайтып беруін өтініп, Аллаға дұға етемін!», - дейді.       Арада біраз күндер өткен соң Уруа халифаның мәжілісіне кіреді. Мәжілісте екі көзі су қараңғы, бет терісі жыртылған қария кісіні көреді. Уруа оның хал-жағдайын сұрап, басынан кешкені туралы айтып беруін өтінеді. Сонда әлгі кісі мынадай әңгіме айтқан екен: «Мен бір үлкен сайдың егесі едім. Сол төңіректе менен асқан бай адам жоқ еді. Балаларым да көп еді. Бір күні түн ішінде сайдың ішін сел шайып бүкіл дүние-мүлкім мен бала-шағам тасқын астында қалды. Таң атқанда қарасам, кішкентай ұлым мен бір ғана түйе аман қалыпты. Баланы биіктеу жерге отырғызып, түйені ұстауға ұмтылып едім, ол қаша жөнелді. Артынан тұра қудым. Аз ғана ұзағаным сол-ақ еді, баламның жан ұшыра шырқыраған даусы шықты. Жалт бұрылдым. Сөйтсем, ентелеп келіп аш бөрі ауыз сала бастапты. Жетіп үлгермедім, парша-паршасын шығарды. Қатты күйзелдім. Сосын ұзап кеткен түйенің артынан үміттене қайта қудым. Қол жетер жер қалғанда артқы аяғымен бір теуіп бетімді жыртты. Содан екі көзім су қараңғы болып қалды. Ажал келмесе, адам өлмейді екен. Өлместің күнін көріп жүрген жайым бар...» - деп қария әңгімесін аяқтайды.      Уруа одан: «Осының барлығынан кейін Раббыңызға деген қарым-қатынасыңыз қандай?», - деп сұрайды.      Сонда әлгі қарт: «Мен Раббыма үздіксіз мақтау-мадақ айтамын. Ол маған иманға толы жүрек қалдырды. Шүкірлік етер тіл сыйлады», - деген екен.      Міне, нағыз сабырлық деген - осы! Олар - Алла Тағаланың Өз кітабында мақтап өткен шынайы сабыр етушілер. «Шын мәнінде сабыр етушілерге (Алладан) берілетін сыйлары – есепсіз». (Зүмәр сүресі, 10-аят)      Ал тәбиғиндердің басынан кешкен осы қиындықтарынан кейін өзіміздің жағдайымызға көз жүгіртіп көрейікші. Біздің қайғы-қасіретіміз қай деңгейде?      Олардың қиыншылықтарымен салыстыруға келе ме?      Олар қиындық көрді, сабыр етті. Алла Тағала оларды сүйіншілеп, қуантты. Біз болмайтын нәрсеге ұялмай, қамығып-қапалансақ не берілмек?      Раббымыз! Қай уақытта, қай жерде болмасын сынағыңа сабыр етіп, Саған шүкірлік етуден жаңылдыра көрме!    

www.asylarna.kz

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз