https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

АЙТЫСКЕР АҚЫНДАРДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

19 Dec 2017 0 comment Оқылды: 1529 рет

Айтыс – атадан балаға мирас болып келген, халқымыздың рухани  мәдениетінің бірі., сөз барымтасы. Айтыс қай кезде болса да халықтың талап-тілегін, мақсат-мүддесін орындап, ел үдесінен шығып отырған. Басқа өнер түрлерінен ерекшелігі де сол, ол дәл сол сәтте айтылып,  өзінің тыңдарманымен қауышып жатады.   Онда әр алуан тақырыптар қозғалады. Әсіресе, егемендік алған жылдардан кейінгі айтыста тәуелсіздік тақырыбын жырлау, азаттықты ұлықтау, бабалар арманы мен боздақтарымыздың қанымен келген бостандықты дәріптеу сарыны басым болды. Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстардың бұрынғы айтыстардан ерекшелігінің бірі – ақындар халықтың жағдайын, ел мұңын айтып, қордаланған өзекті мәселелерді шешуге ат салыса бастады. Ел мұңы көкірегі ояу, көзі ашық кез келген азаматты ойландыратыны анық. Ал айтыскер ақындар өз кезегінде осы үдеден табылып, шама-шарқы жеткенше қоғамдық мәселелерді көтеруге, олардың жағымды және жағымсыз жақтарын жеріне жеткізе айтуға тырысты.  Тәуелсіздік туралы айтқан кезде елбасының да есімі қатар айтылатыны белгілі. Себебі, тәуелсіздік пен елбасы – егіз ұғым. Содан да болар, айтыс ақындарының тәуелсіздік туралы толғаулары көбінесе елбасы ұғымымен қатар өріледі. Мәселен, Армандап тәуелсіздік арда күнді, Сары алтыннан сайладың балдағыңды. Хан Кене, жүрегіңмен сүйіп өттің, Қалың елің, қазағың ардағыңды. Оң жағыңа ертіп ап қол бастадың, Ағыбай, Наурызбайдай тарланыңды. Шен таққан ақ патшаның өкілдерін, Көрмеуші ең қарқылдаған қарғы құрлы. Өз бауырың қырғызың тор құрғанда, Өкініп шайнап едің бармағыңды. Азаттықты аңсаған, кемеңгерім, Алыстан болжапсың-ау алдағыңды. Бүгін, міне, тәуелсіз қазақ болдық, Нұрағаң орындады арманыңды! – деп жырлаған айтыскер ақын Аманжол Әлтаев Кенесары мен оның қол бастаған батырларын, қырғыздың сатқындығын сөз ете отырып, Кенесарыдай ханның ісін жалғасытырып, елді бастаған Н.Назарбаевты тіліне тиек етеді. Ақын алыстан орағытып, өткен-кеткен қазақтың тарихын айта келіп, елбасымызды «бабалар аманатын орындаушы», «көшбасшы» ретінде танытқан.   Ал ақын Мұхамеджан Тазабек Қуаныш Мақсұтовпен айтысында:             

Данышпан ел мұңайтпас Нұрсұлтаның -             

Көп тірлік тындырды ғой тығын қылар. 

Жаңадан кеп қосылған жолдастан да, 

Ескі дос ертерек сырыңды ұғар. 

«Үйренген хан иленген терідей» деп 

Бекер айтты дейсің бе бұрынғылар? – деп жырлап, елбасының қазақ арасына етене араласып, жағдайын бар жанымен ұғатын жанашырлығын, елжандылығын баса айтады. Мұқият зер салып оқыған адамға бұл жерде айтыстың үгіт-насихаттық жағын аңғару қиын емес. Жеті жылдық мерзімі өтіп, екінші рет сайлауға түскелі отырған Елбасымыздың тындырған, ел үшін жасаған әрекеттерін саралай келіп, тәжірибесі барын айтып, тек Қуаныш ақынды ғана емес, сөз астарымен барша халықты қолдауға шақырып отырғанын көреміз. Ал Бекжан Әшірбаев пен Қуаныш Мақсұтовтың айтысында Қуаныш ақын Елбасының жалғыздығын айтып, оның қызметіне барша ел болып тілектестік білдірудің маңыздылығын айтады. Халықты татулыққа, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар бірлікке үндейді:                      

Халықтың қуанышын ұқпайды ма,                      

Бағасын болашақтың нықтайды ма?                      

Нұрсұлтан жалғыз жүр ғой ел ішінде,      

Бір өзі күллі елді мықтайды ма?                      

Ағайын, бірлік болмай - тірлік болмас,                       

Осыны мына Бекжан ұқпайды ма?   Ал өзінің нәзіктігімен, ойлылығымен ел еркесіне айналып үлгерген Айнұр Тұрсынбаева бір сөзінде: «Тәуелсіз ел» дегеннен асқан қасиетті ұғым жоқ. Оның қадірін әрбір азамат жүрегімен түсініп, қастерлей білуі керек. Бұл – ата-бабадан қалған асыл мұра. Бұл – ұзақ ғасырға созылған білектің күшімен, найзаның ұшымен келген құндылық. Қаншама батырлар мен боздақтар өз өмірлерін құрбандыққа қиып,  бізге бейбіт өмірді жеңіп берді. «Қол жетті міне, аңсаған күнге», - деп жырлағанымыздай, тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың армандап кеткен асқақ арманы екендігін айтудан жалықпаймын. Бүгінде біз берекесі мен ынтымағы жарасқан, жастарға мол мүмкіндік сыйлаған, болашағы жарқын елде өмір сүрудеміз. Осы орайда, Елбасының еңбегі ерен екендігін атап өту парыз.  «Бес арыс», «Үш бәйтерек» және «Алашордашылар», Ұлы Отан соғысында Отан үшін отқа түскен батырларымыз, Желтоқсан құрбандары - осы қантөгістің барлығы біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қасіретті де қасиетті құны», - деп ағынан жарылды. Тәуелсіздіктің қадірін ұғып, оны қызғыштай қоруда елге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүргендердің қатарында Тәуелсіздіктің құрдастары – жас ақындар да жоқ емес. Соның бірі – жас та болса бас болып, талай додада топ жарып жүрген жүйрік ақын – Жандарбек Бұлғақов. Кешегі күні кім едің? Түркіден шыққан ұл едің. Ақындарыңмен жыр едің. Батырларыңмен дүр едің. Қуғын-сүргін жылдары – Құм болып кетті жігерің. Жүн болып кетті жібегің. Қырық бір келіп қысқанда, Елдің жүгін көтерер Нар болса деп тіледің. Аштықтан ажал құшқанда Нан болса деп тіледің. Сексен алтыда сең соғып, Жаратқан Ием жастарға Жар болса деп тіледің. Шекарам мен аймағым, Әнұран мен байрағым – Бар болса деп тіледің. Орысқа отар болғанша Өзімнен туған бір балам Хан болса деп тіледің. Арманға жетіп, мінеки Ақсұңқар құстай түледің. Бейбіт күніңнің қадірін Берекең кетпей біл, елім. Өйткені, сенің, қазағым, Шайқас пен қанды қырғыннан Шайлыққан әбден жүрегің. Бір-біріңмен жұлыспай, Күйген терідей тырыспай, Тыныштық болсын тірегің! Азаттық пен қазақтық – Мәңгілік болсын тілегім! Осылайша алыстан сермеп, тереңнен орағытқан ақын барша халықты өзара татулыққа, бітімге шақырады.  Ақындық - ауыр жүк. Тауып айтсаң – мереке, таппай қалсаң – келеке. Ақындық - арды ту еткен азаматтық ұстаным. Шапалақ пен қолпаштың ақыны - алақаның суығасын ұмытылады. Ақиқатқа тұрып берген ақын Абай мен Мұқағалидай түбінде жұрттың жүрегінде, дәуірлер дидарында қалады.  

Ендеше, тәуелсіздікті жырлар тәуелсіз ақындарымыз аман, азаттығымыз баянды болсын!

www.asylarna.kz

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз