Жиырма төртінші жыл қатарынан тәуелсіздік таңын қарсы алғалы отырған Қазақстан бүгінде оң-солын таныды, ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Бүгініміз – шүкірлікке, болашағымыз – үмітке толы. Ал өткеніміз ше? Кеше кім едік? Біз – 300 жыл отарлықтың қамытын киіп, 70 жыл құдайсыздық пен атеистік негізде құрылған кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің езгісін көрген, екі рет болған ашаршылықтан тең жартысы қырылып, бір жартысы шетел ауған, репрессия жылдары бас көтерер азаматы, ақыл айтар ағасы атылып кеткен,Ұлы Отан соғысының қиындығын бастан өткерген, одан қалса «тың жерді игеру» секілді жымысқы шаралардың себебінен өз жерінде азшылыққа ұшырап, тілі мен дінінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан айырылып қала жаздаған халықтың перзентеріміз... Солай бола тұра, ата-баба аңсаған тәуелсіздіктің ауасын жұтып, бостандық самалын өпкен бақытты ұрпақпыз. Алайда, бұл бақыт – бізді есіртпеу керек, керісінше, жауапкершілікті арттыра түспек. «Тәуелсіздікті қалай баянды етеміз?» Бұл сұрақтың жауабы – Алланың құзырында. Дегенмен, тәуекел ете білу үшін материалдық және рухани әрекеттер атқарылу керек емес пе? Ендеше, қазақтай елдің ұрпақтарынан талап етілетін қасиеттерді, қағидаларды өз парқымызша бағамдап көрейік. 1. Бірлік пен ынтымақ «Іштен шыққан жау жаман», «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген елдік дәрежесінде айтылған сөз әрбіріміздің көкейімізде жатталса игі. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенді Абай жасы жетіп, қартайғандығынан айтқан жоқ. Абайды қартайтқан да, сойылға жыққан да, Шәкәрімді құдыққа тастаған, Біржанды кісендеп байлаған, Иманжүсіпті арбаға теріс таңып, айдаған, Құрманғазыны абақтыға жапқан да – қазақтың өзі. Бір ұлттың беріктігі, сол ұлттың ішіндегі бірлік пен татулықтың беріктігіне байланысты. Қазақ ұлтымызды теңізге баласақ, оның тамшысы – сіз бен біз. Ал, сол сіз бен біздің дұшпанды сескендірер сиқымыз қандай? Бір қазақ екінші бір қазақты жұлып жеп, интернет ішінде екі қазақ бір-бірінің итін шығарып, өзгелерге өз-өзінің артын ашып, өз бауырын ғайбаттап, өз ұлының етін жеп, «бірін-бірі қатын» деп, бірі шыққан биікті екіншісі көре алмай, күндеп жатса, бір-бірімізге болыспай, керісінше өзімізді-өзіміз түтіп жатсақ, онда бұл қазаққа өзге жаудан келер қауіпті уайымдаудың қажеті шамалы. Қазаққа – қазақ жау болмасын деп тілейік! 2. Сабыр мен шүкірлік Кез келген нығмет сабырмен келеді. Біз үнемі ұтып, өзгеден талап ететіндей алпауыт империямыз дей алмаймыз. Алла Тағала тәуелсіздікті күтпеген жерден берді. Ал осы күнге жету үшін ата-бабаларымызға қаншама ғасыр бойы сабыр қажет болды десеңізші?! Алла қаласа, біздің де сабырымыздың сыйы беріледі. Мына оқиғаға ой жүгіртіп көрейік: «Бір бала медреседе атақты ғалымдардан тәлім алып жүреді, алайда қатарынан қалып, үлгерімі нашар қалпында қалғанына өкінген бала, ауылға барып, қара жұмыспен айналысуға бел буып, жолға шығады. Ауылға барар жолда шаршап, бір үңгірдің ішіне аялдайды. Жантайып жатып үңгірдің төбесінен тамшылап тұрған суға көзі түседі. Тамшы тамып тұрған тасты байқағанда, оның ойылғанын көреді. Ойланып отырып: «Су жылдар бойы үзбей тамшылау арқылы қара тастың өзін тесіпті, демек, егер мен де сабырлық пен табандылық танытсам басыма дәріс қонар. Басым мына қара тастан қатты емес шығар» деп ғибрат түйген күйі, медрессеге оралады. Сабақтарына зейін қойып, көп өтпей-ақ жолдастарын басып озып, ғылым қуып, ғылымдық жолға түседі. Кейін исламға танымал ғалым болған». Тәуелсіздік – сөзсіз Алланың берген нығметі, ұлы тартуы. Әйтпесе, көгілдір экранды қоса қалсаң, атысқан-шабысқан адамдарды, зарлаған ана мен жылаған баланы көресің... Ал бейбіт елдің ұландары бомбаның да дауысын естіп көрмеді. Ислам ғұламалары кез келген нығметті сақтап қалудың басты жолы – дер кезінде шүкір ете білу деген. Алла Тағаланың уәдесі – шүкір еткенге арттыра беру. Бақ бағалағанның басында ғана тұратынын ұмытпасақ екен. Ендеше, сәждемізде – шүкірлігіміз, дұғамызда – ел, халық тыныштығы болсыншы... 3. Басшыға еру Күлтегін: «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» деген екен. Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін халқымызда мынадай тамаша сөз бар: «Бас-басына би болсаң, Мана тауға сыймассың. Бір данаға жол берсең, Жанған отқа күймессің...». Қалай тауып айтылған ә? Барлық адамнан ақиқатты артығырақ білетін Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басшыға мойынсұнуды бұйыруындағы даналық – ауызбіршілікті сақтап, бөлінуге жол бермеуде жатыр. Бұл қазақ бірін бірі тыңдамауынан, бірінің сөзін бірі ұққысы келемегендігінен талай рет таяқ жеді. «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын» деп Абайдың қабырғасының қайысуы тағы бар. Сол дана да, дара Абай «Отыз тоғызыншы қара сөзінде» былай дейді: «... Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қалса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басына би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен...». Бұл сатыға қайта оралу үшін қоғамның әрбір мүшесі, әрбір жеке тұлға өзін түзеуден бастауы керек секілді. Себебі, қоғам да, билік те – халықтан құралады. 4. Ұрпақ тәрбиесін жақсарту Бүгінгі оқырман – жүз жылдан кейін баба болады. Біз қазір салиқалы бабаларымызбен мақтанамыз, үлгі тұтамыз, ал ұрпағымыз бізбен мақтана ала ма? Немесе ел тұтқасын ұстар, тіл, діл, дін деген аманатты арқалаушы азаматтарды дұрыс тәрбиелеп жатырмыз ба? Осы сұрақтарға тұщымды жауап керек. Жедел. Себебі, саналы ұрпақ – тәуелсіздік кепілі. Біздің алдымызда – әкелері жетпеген биікке жететін, әкелері жасай алмағанды жасайтын ер азаматтарды тәрбиелеу мақсаты күтіп тұр. Бекболат Тілеуханов ағамыз бір сөзінде: «Бір халықты бағындырудың екі жолы бар, бірі – қыру арқылы жер бетінен жойып жіберу. Екіншісі – ұлттың тарихи санасын өшіру. Бізді қырып көрді, Құдайға шүкір, жойылып кеткен жоқпыз, содан соң тарихи санамызды өшіруді қолға алды. Сол сананы табиғи қалпына келтірмей ұлт бірлігі көтерілмейді» деген екен. Алып қосарымыз жоқ. Жас ұрпақтың бойына тарихи сананы деңдеп сіңдіру арқылы отарсыздану үдерісін жүргізу міндеті алдымызда «мен мұңдалап» тұр. Яғни, ішкі имунитетті жоғалтпастан сапаға емес, санға басымдылық таныту маңыздырақ болып отыр. «Анығында, адамдар өздеріндегіні өзгертпейінше, Алла олардағыны өзгертпейді». («Раъд» сүресі, 11-аят). 5. Құдаймен қарым-қатынас Атам қазақ: «Жаратқаннан жарлық келмейінше, жаратылғаннан қорлық келмейді» деп нақылдайды. Ілгері буынның тақуалары: «Кімде-кім өзі мен Алла арасындағы қатынасын түзесе, Алла оны мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Кімде-кім ақыретінің қамын ойласа, Алла оның дүниесін және ақыретін реттеп қояды» деген екен. Яғни, Алламен қарым-қатынасын түземеген елдің іргесі бекімейді. Жұтылатын ел ойламаған жерден ойран болып, қырылатын ел кенеттен қырық пышақ болысып жатыр. Дұшпанның қауқиған құр сырты болмаса, ішіндегі іріп-шірулері өз бастарына жетерлік. Бір қауым екінші бір қауымға Алла қаламайынша, тырнағының ұшын да батыра алмайды. Алла тағала: «Адамдар өз қолдарымен жасағандарының /күнә, қылмыстарының/ себебінен құрлықта және теңізде бүліншілік (апаттар: зілзәлә, су басу т.б., аштық, аурулар, эпидемиялар, тағы басқа да жамандықтар. А.Саъди) пайда болды. /Бұл/ олардың істеген күнәларының кейбірінің жазасын тартуы үшін әрі олардың /күнәлардан/ қайтулары үшін» деп ескерткен. («Рұм» сүресі, 41-аят). Әрі осы аятты тәпсірлеген Абдурахман Саъди: «Жердегі түрлі бақытсыздықтар және қиыншылықтар ‒ адамдардың жаман істеріне берілген жаза. Бұл бақытсыздықтар жазаның дүниедегі бір бөлігі ғана. Сөйтіп, осы арқылы олар күнәдан Аллаға бойсұнуға қайтып, тура жолға түсулері үшін. Бұл ‒ барлық кемшіліктен пәк Алланың құлдарына деген мейірімі» деп түсіндіреді. Ислам ғұламасы Хасан әл-Басри: «Олар (күнәһарлар) Алланың алдында құрметсіздікке ұшырады, сол үшін оған күнә жасалды. Егер олар Алланың алдында құрметке ие болса, Алла оларды күнәлардан қорғайтын еді. Егер пенде Алланың алдында қор болса, оны ешкім құрметтемейді», – деп айтыпты. 6. Имандылық Қазақтың тағы бір қажеттілігі – Алланы тани түсу, Аллаға деген қорқынышты арттыру. Бұл – қазақты құтқаратын нәрсе. Адамның жүрегіне махаббат керек. Қамқорлық пен мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық жүрегінде махаббаты бар адамнан шықпай ма? Мемлекетті жасаушы – халық. Ал халықтың жүрегі тыныштық таппайынша, көзі де, көңілі де тоймайды. Жүрек тыныштығы – Алланы еске алумен. Яғни, айналып келгенде тоқтарымыз –ислам мен иман болып отыр. Елді елдікке бастайтын, қасіреттен құтқаратын жолы – иман. Мұны білген отарлаушы елдің барлығы дерлік ең алдымен дінімізбен алысқан болатын. Асылында, исламдағы құлшылықтың барлығының түпкі мақсаты – бейбітшілікке әкелу. Тіпті, «ислам» сөзінің мағынасы «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Алла Тағала құранда иман келтіріп, Өзіне ғана құлшылық еткен адамдарға бейбітшілік жіберетіндігін айтпай ма? Және иман келтірген қауымның алдарынан да арттарынан да, астарынан да, үстерінен де береке есігін ашатындығына уәде береді. Иман жүрекке толық орнаса, маскүнемдік, қарттар үйінің көбеюі, жылаған жетімдер мәселесі, аборт, ұрлық, парақорлық сынды қиындықтың барлығы да шешімін таппақ. Себебі, ислам – өзінің жаратылысын бәрінен де жақсы білетін Алла Тағаланың бақытқа жеткізетін ұлы жолы. Сондықтан, қоғамда мұсылманшылық көбейсе еліміз көркейіп, дүиемізге береке біте бастады деп түсінейік.
www.asylarna.kz