Амал дәптерінің не екенін түсіну үшін өмірде еш нәрсенің мақсатсыз жаратылмағанын, адамның да жаратылыс мақсаты барын, әрбір іс-әрекетінің жауапкершілігі, сұрауы болатынын білудің мәні зор. Иә, адам баласы бекерден бекер жаратылған жоқ. Бұл өмір оған тек сынақ үшін берілген. Осында не ексе, ақыретте соны ормақ. Пенденің бұл өмірдегі барлық жақсылық-жаманды істерінің барлығы да тізімделіп, мұқият жазылу үстінде. Амал дәптері – міне осы әр адамның жеке өзіне ғана тән, періштелері жазып отыратын дәптері. Бұл дәптердің ерекшелігі сонда, оны әркім тек ақыретте ғана көрмек. Оған қандай қаламмен, жазу қалай жазылатыны, дәптерлердің көлемі қандай болатыны да бізге беймәлім. Бірақ, ол дәптер бүкіл адамзат тірілтіліп жиналған мақшар алаңында, Ұлы Жаратушының құзырында, бүкіл періштелер қатысқан жиында берілмек. Өйткені Есеп күні кімнің жақсы я жаман екені, өмірін қандай істермен өткізіп келгені сол дәптер негізінде анықталмақ. Әркімнің жасаған істерін жазып отыратын періштелерді Құран былай деп білдіреді: «Анығында әрбіріңді бақылаушы періштелер бар, абыройлы жазғыштар. Не істесеңдер де біліп тұрады» (әл-Инфитар:10-12). Балиғат жасына толғаннан бастап, ғұмыр бойы үзбей осы амал дәптерлері (Құранда кітап деп те келген) жазылумен болады. Ақыретте бұл дәптерлердің адамның оң жақ тұсынан, я сол жақ тұсынан әкелінуі үлкен шешуші маңызға ие. Оңнан берілгендер өздерінің жұмақтық екенін сезіп, қатты қуанса, солдан берілгендер, тозаққа түсетінін, одан кейінгі есептерінің ауыр соғатынын біліп, қатты уайымға салынады. Құран ол туралы былай дейді: «Міне, сол кезде кітабы (амал дәптері) оң қолына берілгендер (масайрап) былай дейді: «Келіп, менің кітабымды оқыңдар. Өйткені, мен есеп беретінімді ескерген болатынмын». Ол жайлы өмірде, жоғарғы жұмақта» (әл-Хаққа:19-22). «Кітабы сол қолына берілгендер болса, былай дейді: «Қап, кітабым маған берілмегенде ғой... Есебімнің де қандай екенін білмей-ақ қойғанымда болар еді». Оны ұстаңдар да тозаққа тастаңдар» (әл-Хаққа: 25-27, 30-31). Өзінің амал дәптерін көргенде, әркімнің онда жазылғандарды оқып қатты таңғалатыны айтылады. Өйткені, өмірінде жасаған әрбір ісінің бүге- шігесіне дейін түк қалдырмай тіркелгенін көреді. Құран олардың таңғалып былай дейтіндерін айтады: «Мәссаған, мынау не деген дәптер десеңші, ірі-ұсақ демей бәрін жинапты» (әл-Кәһф: 18/49). Анығында ол дәптердің қалай толтырылатыны адамның өзіне байланысты. Бұл тұрғыда әр күнімізді ақ парақ деп елестетсек, бір күнге есеп беру арқылы сол парақта қандай сауапты, я күнәлі істер жазылатынын шамалауға болатындай. Бір ғалым бұл тұрғыда сараңдардан үлгі алу керектігін мысал етіпті. Өйткені, сараңдар ақшасын ұсақ тиындарына дейін қайта-қайта санап, күнделікті есебін жаңылмай жүргізіп отырады. Сол сияқты әркім де істеген ісінің жақсы-жаманын үнемі таразылап, нашар қылықтарына өкіне кешірім сұрап, игі істерді көбірек атқарып, құлшылықтарын толық орындаса, амал дәптерінің сауап жағы толыға түсері белгілі.
Махшар алаңына жиылған адамдарға осы дүниеде жасаған амалдарын тіркеген, жазған амал дәптерлері таратылады. Адамдар осы дәптер арқылы Аллаға есеп береді. Амал дәптердің қандай болатындығы бізге беймәлім. Яғни, ол біз білетін дәптер ұғымын бермейді. Пенденің жақсылы‑жаманды барлық амал‑әрекеттері екі иығындағы ардақты екі періште оның амал дәптеріне жазады. Құранда мұны былай деп келтіреді: «Әр адамның қылығын мойнына саламыз. Сондай-ақ, қиямет күні оның кітабын шығарамыз. Оған ашылған түрде кездеседі. Кітабыңды оқы, есеп көру тұрғысынан өз-өзіңе жетесің (делінеді)» (Исра 13-14 аят).
«Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәһарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: Ойпырмай! Бізге нендей өкініш! Мына Кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай түгендепті, - дейді. Сондай-ақ, олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік етпейді» (Каһф-49) .
Амал дәптері жәннәттықтарға оң жағынан, тозақтықтарға сол жағынан беріледі. Амал дәптері оңынан берілгендерге Құранда «асхабы ямин», сол жағынан берілгендерге – «асхабы шимал» делінеді.
Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Пайғамбарымыз бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын айтады:
- Өмірін қайда өткізгендігі
- Жастық шағын қалай өткізгендігі
- Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы
- Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы
- Білгендерімен амал етіп-етпегендігі[12]
Пенде Алла құзырында есеп беру кезінде жасаған қылмысын мойындамай жалтарғанда, амал дәптері ұсынылады да бүкіл ісі әшкере етіледі. Пенде сонда да мойындаудан жалтарған сәтте оның он екі мүшесіне тіл бітіп, Алланың құзырында жасаған қылмыстарын тізбектеп айта жөнеледі. Аятта осындай сәттің хақтығын былай түсіндіреді: «Сол күні Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады. Ақыр оларға барған кезде оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» – дейді. (терілері): «Бізді не нәрсені де сөйлеткен Алла сөйлетті. Сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар», – деп жауап береді. Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті, Алла істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» . (Фуссилат 19-23аят) Адам мүшелерінің айғақ болулары аздай, қара жер де өзін таптап, жаншып, үстінде неше түрлі пәлені жасаған пенденің әрекеттері үшін қияметтегі ұлы есеп кезінде куәлік етеді. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ол күні жер хабарын айтады» мағынасындағы «Зілзәл» сүресінің 4-аятын оқып:
– Жердің қалай хабар беретіндігін білесіңдер ме? – деп сахабаларынан сұрайды. Сахабалар:
– Алла мен Оның Елшісі ең дұрысын біледі, – деп жауап қатады. Сонда Алла Елшісі:
– Жердің еркек пен әйел, яғни әрбір пенденің жер бетінде жасаған амалы жайында пәленше мына күні мына сағатта ана жерде мынаны істеді деп хабар береді, – деді».
Ақыретте Алланың кеңшілігімен жәннәтқа кіретіндер, балиғатқа толмаған сәбилер және балиғатқа жетпестен ақыл-есінен ауысып өлген пенделер есеп бермейді. Есеп беру кезінде әділетсіздік атаулыға жол жоқ. Кімнің біреуде ақысы болса, Алла оның ақысын әпереді. Ол кезде ақысы өткен кісі өзіне жәбір көрсеткен кісіні кешірмей, керісінше оның ақысына сай сауабын сұрайды. Ал, егер оның сауабы жоқ болса, өзінің күнәсін соның мойнына артуды талап етеді. Бір хадисте бұл жайт былайша баяндалады: «Пайғамбарымыз: «Муфлистің кім екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Сахабалар: «Муфлис – ақшасы мен малынан түгел айрылған кісі», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз сөзін былай деп жалғастырады: «Үмметімнен ақыретте тақырға отырушы кісілер, қиямет күні оған тіл тигізген, жала жапқан, оның малын жеген, оның қанын төккен күйде намаз, ораза және зекетімен келетін кісі. Оның сауабы анаған беріледі, жақсылықтары мынаған беріледі. Мойнындағы қарызы толық бітпестен жақсылығы бітіп қалса, олардың күнәлары алынып, оның мойнына атылады. Содан соң ол адам тозаққа тасталады» (Муслим, Тирмизи риуаяты).
Адам жақсылы-жаманда амалдарымен Алла Тағаланың құзырына барады. Міне, сол жерде пенденің амалын өлшейтін таразы болады. Әр адамның амалы осы таразыда (мизанда) өлшеніп, сауабы ауыр тартқандар жәннәтқа кіреді де, күнәсі ауыр тартқандар тозаққа тасталады. Егер тозаққа тасталушы иман еткен кісі болса, күнәсінің мөлшеріне қарай тозақта жазасын өтейді де, сонан соң тозақтан шығарылып, жәннәтқа кіреді. Әрине, бұл таразы Иләһи әділет өлшемі болғандықтан, біздің ұғымдағы таразыдай емес. Оның шынайы болмыс‑бітімі бір Аллаға аян. Қиямет қайымдағы әділет таразысы жайында аяттарда төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір дән түйірінің салмағындай болса, оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз». (Әнбия 47-аят)
«Ал, сол күні кімнің таразысы ауыр тартса, міне, солар – құтылушылар. Ал, кімнің таразысы жеңіл тартса, міне олар – өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мәңгі қалады». (Мүминун 102-103аят)
Пенденің қай амалы таразыда ауыр тартатындығы белгісіз. Мәселен, үлкен бір қайырлы амалыңыз титтей сауапқа баланып, керісінше өзіңіз «бұл титтей ғана амалым ғой» деп жүрген әрекетіңіздің сауабы ұшан‑теңіз болуы мүмкін. Кейде Алланы бір сәт зікір етудің өзі ұлы құлшылық екенін біле бермейміз. Асылында, Алланы зікір ету тілге жеңіл болғанымен – таразыда сауабы өте ауыр болады. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Тілге жеңіл, таразыда ауыр Рахманның жақсы көретін екі сөзі бар: «Субханаллаһи уа бихамдиһи, субханаллаһил азим».
Талдықорған қаласы «Нұр» мешітінің
бас имамы Данағұлов Алмас