https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЗИНАҚОРЛЫҚ

04 Oct 2017 0 comment Оқылды: 1055 рет

 


         Зина – ауыр қылмыс, апатқа апарып соқтырушы үлкен күнә, ар-ождан мен абыройға қарсы жасалынған дұшпандық. Таза ақыл да оны құп көрмейді, шариғат та оған рұқсат бермейді және оны дін де қабыл алмайды. Бұл істің тыйым салынған харам амал екендігіне Алла Тағаланың Кітабынан да және Оның елшісінің (с.а.с.) сүннетінен де дәлелдер жеткілікті.
        Зинақорлықтың зардабының зор екендігі сондай оған мүлде жақындауға болмайды. Яғни, некесіз төсек қатынасына алып баратын кез келген әрекеттен аулақ болу керек. Бір-бірімен ешқандай туыстық, жұбайлық байланыстары жоқ әйел мен ердің, әсіресе, жастардың махаббаттың атын жамылып бір-бірімен шектен тыс көп аралас-құралас болуы сондай әрекеттерге жатады. Шариғат бойынша бөтен әйелге көп қарауға да тыйым салынған. Бұл көз зинасына жатады. Қазіргі қоғамымызда қала көшелерінде бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп тұратын жастарды көп кездестіруге болады. Бұл азғындықтың ең бір анайы түрі. Тіпті, ондай жастар бір-бірімен үйленген жұбайлар болса да бұл нағыз имансыздыққа, рухани жүгенсіздікке жатады.
        Алла Тағала зинаның кез келген түріне, және зинақорлыққа апарытн кез келген әрекетке, қадамға қатаң тыйым салған. Бұл тұрғыда аяттардағы тыйым «зинақорлық, азғындық жасамаңдар» деген түрде емес, «зинаға, азғындыққа оған апаратын кез келген іс-әрекетке, ойға мүлде жоламаңдар, аулақ болыңдар» деген мағынада келген. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً﴾ 
«Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол» (Исра, 32);
﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ﴾
«Азғындық істердің жариясына да жасырынына да мүлде жоламаңдар» (Әнғам, 151).
Зинақорлықтың қауіптілігінің деңгейі осындай. Өйткені бір-бірімен жұбайлық, туыстық байланысы болмаған ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілікке ыңғай таныту, шектен тыс көп жақын болу некесіз қатынасқа апарып соқтырады. Ал мұның арты талай шаңырақтың шайқалуына, адамдардың тағдырларының күйреуіне, дау-жанжалға, бейкүнә сәбидің дүниеге некесіз келуіне, ақырында бүтіндей қоғамның бұзылуына әкеледі. Қазіргі қоғамымыз тастанды балалар трагедиясына куә болып отырмыз. Аят-хадистегі тыйымдар да һәм сол тыйымдардан өрбіген «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» деген ұлттық тұжырым-қағида да аяқ асты болды. Арын сақтамау, азғындыққа бой үйрету абыройға айналды, арлы болу, иманды ту ету ақымақтық қасиет болып санала бастады. Бұл нағыз қасірет..  Расында Құран Кәрімдегі келтірілген мұсылмандардың сипаттары мүлде басқаша. Олар Құдайға серік қоспайды, адамды нанақтан өлтірмейді, азғындықтың ең бір лас түрі зинақорлыққа қарай бір қадам ба баспайды. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ يَلْقَ أَثَاماً * يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَاناً * إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلاً صَالِحاً فَأُوْلَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَّحِيماً﴾ 
«Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды. Ал кім соларды істесе ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады. Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды» (Фұрқан, 68-70).
        Зинақорлық, осы ең бір жиіркенішті азғындық Аллаға серік қосу, кісі өлтіру күнәларымен қатар аталып, жәһәннам отында мәңгі-бақи қалу жазасына лайықты болынды. Алла Тағала сақтасын. Сондай жазаға лайықты болуының сыры осы күнәда болатын бекзаттықты жою, ең лас күнәні тарату, ар-ождан мен абыройды бүлдіру, тектік пен шежірені жоғалту сияқты салдарларға байланысты.
        Дұрыс талғамның, тура тектіліктің, ұнамды қызғаныштың кез келген иесі, ол мейлі, ер болсын, әйел болсын, табиғи жаратылысы жағынан болсын, талғам тұрғысынан не діни тұрғыдан болсын азғындықтың бұл түріне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Ал оған азғындыққа ұшыраған ер мен әйел ғана құлшынып, разылық білдіреді. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз осындайда айтылса керек-ті. Алла Тағала адамзаттың асыл негізіне балта шабатын осы ауыр азғындыққа барғандарды бір-бірлерімен қосуға бұйырған.
﴿الزَّانِي لَا يَنكِحُ إلَّا زَانِيَةً أَوْ مُشْرِكَةً وَالزَّانِيَةُ لَا يَنكِحُهَا إِلَّا زَانٍ أَوْ مُشْرِكٌ وَحُرِّمَ ذَلِكَ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ﴾ 
«Зинақор ер тек зинақор әйелге не мүшрік әйелге ғана үйленеді. Әрі зинақор әйелге тек зинақор ер не мүшрік ер ғана үйленеді. Ал бұл иман келтіргендерге харам етілді» (Нұр, 3).
    Ақиқат пен жалғандық, иман мен күнә бір уақытта, бір жерде, бір жүректе болуы мүмкін емес нәрсе. Әрбір күнәні істеуші сол күнәні істегенде, сол күнәға иманын айырбастап, албасты Ібілістің азғыруына ілесіп, соның тобында кеткен болып саналады. Бұл жайында мынадай хадистер бар.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ«. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен. Нәсәидің риуаятында: «Осы күнәларды істесе ол мұсылман мойнынан Ислам дінінің жібін алып тастағандай болады. Егер күнәға қайтпайтындай болып шынай тәубе жасаса ғана Алла оны кешіреді» деген қосымша бар.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »إذَا زَنَى الرَّجُلُ أُخْرِجَ مِنْهُ الْإِيمَانُ وَكَانَ عَلَيْهِ كَالظُّلَّةِ فَإِذَا أَقْلَعَ رَجَعَ إلَيْهِ الْإِيمَانُ«.رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді». Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен.
Бұл күнә кез келген адам үшін шектен шыққан сорақы, үлкен күнә. Ал үлкен кісілерден, жігіт ағасынан, жасы ұлғайған кісіден шықса, тіптен сорақылық. Ондай адамдарға Құдай Тағала назарын да салмайды.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »ثَلَاثَةٌ لَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا يُزَكِّيهِمْ وَلَا يَنْظُرُ إلَيْهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ: شَيْخٌ زَانٍ، وَمَلِكٌ كَذَّابٌ، وَعَائِلٌ - أَيْ فَقِيرٌ - مُسْتَكْبِرٌ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَحْمَدُ وَالنَّسَائِيُّ.
      Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні Алла үш адаммен сөйлеспейді әрі оларды ақтамайды және оларға назарын да салмайды һәм оларға күйзелтуші азап болады. Олар: зинақор шал, өтірікші патша, кедейді тәкаппар-кердеңі». Мүслім риуаят еткен хадис.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »أَرْبَعَةٌ يُبْغِضُهُمْ اللَّهُ: الْبَيَّاعُ الْحَلَّافُ، وَالْفَقِيرُ الْمُخْتَالُ، وَالشَّيْخُ الزَّانِي، وَالْإِمَامُ الْجَائِرُ«. رَوَاهُ النَّسَائِيُّ وَابْنُ حِبَّانَ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен басқа хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Алла төрт адамды жек көреді, олар: ант ішкіш саудагер, айламен пайда табуға тырысатын пақыр, зинақор шал және қатыгез әмірші». Нәсәи риуаят еткен.
 Зинақор шалдың осыншалықты төмен дәрежеге, әлемдердің Иесінің ашуы мен қаһарына душар болуының себебі оның өзінің жасына лайықсыз, қалыптасқан әдетке тосын күнәға баруы. Мұның өзі оның ішкі дүниесінің азғындауға ұшырап, ниетінің бұзылғандығын және нәпсісінің соншалықты төменгі деңгейге жеткендігін көрсетеді.
عَنْ عَبْدِ اللهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: »سَأَلْتُ أَوْ سُئِلَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الذَّنْبُ عِنْدَ اللهِ أَكْبَرُ؟ قَالَ: أَنْ تَجْعَلَ لِلَّهِ نِدًّا وَهُوَ خَلَقَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: ثُمَّ أَنْ تَقْتُلَ وَلَدَكَ خَشْيَةَ أَنْ يَطْعُمَ مَعَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: أَنْ تُزَانِي بِحَلِيلَةِ جَارِكَ، قَالَ: وَنُزِلَتْ هَذِهِ الآيَةُ تَصْدِيقًا لِقَوْلِ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ﴾«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ. 
Абдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісінен (с.а.с.): «Ең үлкен күнә қайсы?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Өзіңді жаратқан Аллаға ортақ қосуың», – деген. «Сосын қайсы?» – деп сұрақ қойғанда, ол (с.а.с.): «Асыңа ортақтасады деп балаңды өлтіруің», – деген. Тағы да: «Сосын қайсы?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Көршіңнің әйелімен зина жасауың», – деген. Сосын Алланың елшісінің (с.а.с.) сөзін растайтын мына аят түскен: «Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды» (Фұрқан, 68). Бұхари риуаят еткен.
Ақиқатында шынайы мұсылмандардың сипаттары аятта айтылғандай. Ал күнәлі іс істеуге шақырып, талап еткенде одан бас тарта білу Алланың арнайы рахымына ие болуға себепкер болады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» سَبْعَةٌ يَظِلُّهُمُ اللهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لاَ ظِلَّ إِلاَّ ظِلَّهُ: الإِمَامُ الْعَادِلُ وَشَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ رَبِّهِ، وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ فِي الْمَسَاجِدِ، وَرَجُلاَنِ تَحَابَّا فِي اللهِ اجْتَمَعَا عَلَيْهِ وَتَفَرَّقَا عَلَيْهِ، وَرَجُلٌ طَلَبَتْهُ امْرَأَةٌ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَجَمَالٍ فَقَالَ إِنِّي أَخَافُ اللهَ، وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ أََخْفَى حَتَّى لاَ تَعْلَمُ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ، وَرَجُلٌ ذَكَرَ اللهَ خَالِياً فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ«. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ فِي كِتَابِ الْجَمَاعَةِ وَالإِمَامَةِ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Өзінен басқа ешқандай көлеңке болмаған күні (Қиямет күні) Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді. Олар: әділ имам (басшы да жатады), ғибадатпен есейген жас жігіт, жүрегі мешітке байланған кісі, Алла жолында бір-бірін жақсы көріп, бауырласып, Алла үшін жиналып, Алла үшін тарқасқан екі жолдас, атақты һәм сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «мен Алла Тағаладан қорқамын» деп бас тартқан ер, жасырын түрде садақаны көп бергені сонша, оның санын білмейтін бай, оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам». Бұхари риуаят еткен.

Талдықорған қаласы

 «Нұр» мешітінің бас имамы  Данағұлов А.С

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз