Қарун Мұса пайғамбардың уақытында өмір сүрген Исраил қауымынан шыққан өте бай адамның есімі. Қарун бастапқыда Мұсаның (ғ.с.) пайғамбарлығына сенетін адамша көрініп жүреді. Бірақ Алладан зекет беру әмірі келген уақытта бұйрыққа бойсұнудан бас тартып, Мұса пайғамбарға қарсы шықты.
Дүние-мүлкінің көптігімен мақтанып, Қарун өз қандастарының алдына бар зейнетімен, салтанатты түрде шығатын еді. Осылайша адамдардың қызығушылығын оятатын. Олардың арасында ақірет нығметінен гөрі, дүние шаттығын артық көретін кейбір адамдар Қарунның дүние-мүлкіне қызығып: «Шіркін, Қарунның байлығындай дүние бізге де берілсе ғой. Шынында да ол, зор ырыс иесі» - деп армандады (Қасас, 79-аят).
Дегенмен, парасатты, Мұсаның (ғ.с.) тәлімін көкейге түйген, ақылды тақуа жандар. әлгіндей қиял қуған адамдарға кейіп мынадай ескерту жасайды:
«Сендерге нендей өкініш! Иман келтірген, ізгілік жасаған адамдарға Алла қайтаратын сауап одан артық. Оған тек сабырлы адамдар ғана қол жеткізеді» (Қасас, 80-аят).
Ең соңында мақтаншақ Қарун Алланың қаһарына ұшырайды. Жер қақ айрылып, бар дүние-мүлкімен қоса Қарунды жер жұтады. Кеше ғана «мұндай қазынаға өзімнің мықтылығым, ерекше ақылдылығым себепті қол жеткіздім» деп асқақтап, Мұса пайғамбарға жауыздық қылып, Алланың дініне тосқауыл болғысы келген Қарун бір пәсте түп тамырымен жойылды.
«Ақыры оны да, үйін де жерге жұтқыздық. Алладан өзге оған жәрдем етер бір топ болмады, әрі оған көмек етілмеді». (Қасас сүресі, 81-аят).
Оның бұл күйі ел-елге тарайды. Көп адам Алланың құдіретін мойындап, ойланады. Кеше ғана Қарунның байлығына құмартып, оның жағдайына тамсанған жұрт тәубеге келеді. Құран Кәрімде бұл жағдай былай баян етілген: «Кеше ғана Қарундай болуды көксегендер енді: "Сірә, Алла өзі қалаған адамының ғана ризығын көбейтіп, қалаған адамының ризығын азайтады екен. Егер Алла, бізге рақым етпегенде, әрине бізді де жерге жұтқызар еді. Міне, көрдіңдер ме? Кәпірлер жазадан құтылмайды» (Қасас сүресі, 82-аят).
Ел ішінде «Қарынбай» деген атпен белгілі, әжелеріміздің немересіне айтатын ертегісі боп кеткен, Құран Кәрімде «Қарун» деп баяндалатын байдың қыссасы «Сабғият» кітабында былай баяндалады:
«Қарун, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың қауымынан, әрі оның жақын туысы. Алла Тағала Мұса пайғамбарға Тауратты алтынмен жазып шығуды әмір етті. Мұса (ғ.с.): «Уа Алла! Мен алтынды қайдан табамын?», деді. Алла Тағала оған химия ғылымын үйретті.
Қарун кедей әрі көп балалы болатын. Аллаға көп құлшылық жасайтын. Түнін құлшылықпен, күндізін оразамен өткізетін. Мұса пайғамбар Қарунға жаны ашып, құлшылығына толық көңіл бөлсін, бала-шағасының нәпақасын көрсін деп, оған химия ғылымын үйретеді. Не керек, осыдан кейін Қарунға мал бітеді. Дүниесінің көбейгені соншалық, қазыналар сақталған қоймалардың кілттерінің өзі жүз түйеге жүк болады. Малы көбейген бай, енді нәпіл ғибадаттарды орындауға уақыт таба алмай қалды. Алла Тағала Мұсаға (ғ.с.) одан малының зекетін алуды бұйырды. Қарунның мал-мүлкі есептеліп, зекеті өте көп шықты. Бірақ ол зекетін бергісі келмеді. Қарунның мыңға жуық құлы мен мыңға жуық күңі болды. Ер тоқымдары мен киімдері алтынмен аптаулы, күміспен қаптаулы болды. Қызметшілерінің көтпігі соншалық, бәни исрайыл жұрты екіге бөлінді: Қарунның адамдары және Мұса пайғамбардың адамдары. Мұса пайғамбар одан зекетін сұрағанда ол: «Ертең Мысыр халқын жинап, олармен байлықтың кімге тиесілі болғанын сұрайық. Егер меннен басым түссең, сұраған зекетіңді беремін. Ал жеңілсең онда еш нәрсе бермеймін», деді.
Бәни исрайыл жұртында сұлу, бірақ жеңіл жүрісті әйел бар еді. Қарун оны өзіне шақырып: «Ертең мен бәни исрайыл жұртын жинаймын. Егер сен, «Мұса пасық. Ол менімен зина етті. Мен одан жүкті болдым», десең сені мал-мүлікке қарық қылам», деді. Әйел бұл ұсынысты қабыл етті. Ертеңінде Қарун бәни исрайыл жамағатын сарайына жияды. Мұса пайғамбарды да шақырады. Пайғамбар келген кезде жамағат: «Уа Мұса! Бізге пайдалы насихат айт», десті. Мұса (ғ.с.) уағыз айта бастады: «...Кімде-кім ұрлық жасаса, қолы кесіледі. Кімде-кім зина жасаса, тасборан жасалады... .» Мұны естіген Қарун: «Ей Мұса, айтақандарыңды өзің жасасаң ше, Үкімі қандай болмақ?», дейді. Мұса (ғ.с.): «Егер мен жасасам, онда маған да Алланың әмір еткен үкімі болады», деді.
Ол: «Менің куәгерім бар. Сен мына әйелмен зина жасадың. Ол сеннен жүкті болғанын өзі растайды», деп әлгі әйелді нұсқайды. Әйел орынынан тұрған кезде, Алла Тағала оның жүрегіне қорқыныш салады да, тіліндегі өтірікті шындыққа ауыстырды. Әйел: «Мұса пайғамбар айтылғандарды жасаған жоқ. Қарун мені шақырып алып, көп байлық беремін деп сөз берді. Оны жамандап, жала жабасың деді. Бірақ мен Алладан қорықтым. Пайғамбарға жала жабудан қорықтым», дейді. Мұса (ғ.с.): «Ей жауыз! Не істемек ойың бар?!», деді де ол жерден кетіп қалды. Аллаға сәжде қылып, жалбарынды. Қарунның арам ойын Аллаға шағымданады. Сол кезде Жәбрейіл (ғ.с.) келіп: «Уа Мұса! Алла Тағала жерді сенің әміріңе берді. Енді Қарунның көзін жою үшін жерге не әмір етсең, орындайды», деді. Мұса пайғамбар Қарунның жанына қайтып келді. Ол тақтың үстінде, жібектен жасалған төсенішке сүйеніп отыр еді. Мұса (ғ.с.) таяғымен жерді бір ұрып, оның тағын нұсқады. Сол сәтте жер айырылып, тақ бірақ опырылды да, Қарун орынынан ытқып түсті. Мұса (ғ.с.): «Ей жер! Оны өзіңе тарт», дегенде Қарун тізесіне дейін жерге кіріп кетті. Сонда Қарун Мұса пайғамбарға жалбарынып, жалына бастады. Мұса (ғ.с.) оның сөздеріне назар аудармады. Керісінше: «Ей жер! Оны өзіңе тарт», деді тағы. Қарун мойынына дейін жерге батты. Жалынуын қоймады. Сөйтіп өзін де дүние-салтанатын да жер жұтып кетті.
Бір данышпан, «Алладан бай болуды емес, көп зекет бере алуды сұраңдар», деген екен. Шынымен де кісі бай-дәулетті болуы мүмкін. Бірақ зекет, садақасын беруге қиналса, байлығы өзіне пайда емес, керісінше зиян әкеледі. Ал зекетті, дәулетті һәм иманды адам ғана бере алатындығы белгілі.
Байлық та, кедейлік те тағдыр ісі. Екеуі де Алланың сынағы. Алланың жанында екеуінің де бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімінде: «Алланың жанында ең жақсыларыңыз, ең тақуаларыңыз» деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадис шәрифінде: «Мен сендердің кедей болуларыңнан қорықпаймын. Бірақ сендердің молшылықта болуларың Мені қорқытады»[4], дейді.
Рас, кейде молшылық, дүниенің қызығына беріліп, күнәға кіріп, ахиретті ұмытуға да әкеп соғатыны жасырын емес. Сондықтан кейде жоқтықтың да пайдасы бар екенін еріксіз мойындаймыз. Өйткені сол арқылы біз өзіміздің бір құл екенімізді, жаратушы Жаббар иеміздің алдыңда дәрменсіз екенімізді, оған мұқтаж екенімізді еске алып отырамыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа Алла! Кедейліктен, жоқтық пен қорлықтан, зұлымдық жасаудан және зұлымдық көруден саған сиынамын» дейді. Бұл хадис шәриф арқылы мынаны түсінуге болады: Кедей адам көрген таршылығы себебімен ұрлық жасау, біреуге қысым көрсету сияқты күнәләрға ұрынуы мүмкін. Күндіз-түні нәпақа іздеп, ғибадаттан ұзақ қалуы ықтимал. Сол себепті, құлшылығымызды алаңсыз жасай алуымыз үшін де аз-көп дүниенің керек екендігін ұғамыз.
Сөзімізді қортындылайтын болсақ, бай болудың да, кедей болудың да мақсаты біреу ғана. Ол Алла Тағаланың әмірін орындап, тыйымдарынан тыйылу. Бір адамға Алла Тағаланың дүниені үйіп, төгіп беруі, Алла оны жақсы көреді, ол Алланың сүйікті құлы деген мағынаға келмейді. Ал біреуді кедей етіп жаратса, Алла ол құлын ұнатпайды, ол Алланың күнаһар құлы деген мағынаны да білдірмейді. Байлық та, кедейлік те Алланың сынағы. Қияметте дәулетті адамнан мал-мүлкін қай жаққа жұмсағанын сұраса, кедей адамнан барға қанағат қылып, сабыр етіп, етпегенін сұрайды.
Сүлеймен пайғамбарға (ғ.с.) өзгеге берілмеген ғылым, даналық берілген еді. Алла жан-жануарды оның қызметіне беріп, жындарды бағындырып қойды. Адамның ақылына сыймайтын байлыққа, күш-құдіретке иелік етті. Осыған қарамастан Сүлеймен пайғамбар Аллаға шүкірін азайтпады. Тәкәппарлыққа бой алдырмады. Керісінше Аллаға мінәжатын арттыра түсті: Ендеше, мұсылман кісі қолда бар байлықты Алланың кеңшілігі ретінде қабылдап, сынақ деп біледі. Қандай да болмасын бір жетістікке жеткен болса, менменсіп, тәкәппарланбастан Аллаға шүкір етеді. Алла Тағала шүкірімізді арттырсын, әмин!
Ақсу аудандық мешіті.