https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Неге Ашура күні ораза ұстаймыз?

27 Sep 2017 0 comment Оқылды: 1176 рет

Құран – адамзатқа арналған заңдар жүйесін немесе жаратылыс құпиясы туралы деректерді ғана емес, тарихи оқиғалар туралы баяндамаларды да қамтиды. Ерекшелігі – бұл оқиғаларды әлемдердің Раббысы баяндайды.«Олар (пайғамбарлар) жайлы хабарларда ақыл иелері үшін ғибрат бар. Бұл (Құран) ойдан шығарылған әңгіме емес, ол – өзінен алдыңғыны растаушы, барлық нәрсенің анық түсіндірмесі әрі иманға келген адам үшін (тура жолды ұстануға) басшылық және мейірім».(«Йусуф» сүресі, 111-аят). Құрандағы Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен перғауын туралы қисса – бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыр. Ашура күнінің тарихы Орасан зор билігі мен күш-қуаты арқылы аты шыққан перғауын Алла Тағала жіберген Мұса пайғамбардың үндеуіне құлақ аспайды. Керісінше, халықты жинап: «Мен – сендердің Құдайларыңмын!» деп мәлімдейді. Тіпті, Мұсаны сиқыршы деп атап, оның мұғжизаларын дуаға балады. Ақыр соңында, өз сөзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін патшалықтағы сиқыршыларды жинайды. Белгіленген күні патша сиқыршылары өнерлерін көрсетеді, ал Мұса Алланың берген мұғжизасын (аса таяғын) тастайды. «Сол кезде олардың жасаған жалған (елес етіп көрсеткен) нәрселерін жұта бастады. Сонда сиқыршылар сәждеге жығылды. Олар: «Біз әлемдердің Раббысына сендік – Мұса мен Һарұнның Раббысына» деді». («Шуъара» сүресі, 45-48 аяттар). Осыдан кейін перғауын күш көрсету, қорқыту әдістеріне көшті. Ол иман келтіргендерді жазасымен қорқытты. Алла Мұса мен иман келтіргендерге Мысыр жерін тастап, басқа мекенге кетуді бұйырады. Мұны білген перғауын алып әскерін жинап, бірін қалдырмай қыру үшін Исраил ұрпақтарының соңына түсті. Перғауын әскері жетуге шақ қалғанда, Мұса мен қауымы теңіз жағасына тірелген болатын. Бойларын үрей билеген халық не істерін білмеді. Алдарында – түпсіз теңіз, арттарында – қаһарлы әскер. «Екі топ бірін-бірі көрген кезде, Мұсаның жанындағылар: «Анығында, бізге қуып жететін болды» деді. Мұса: «Жоқ, олай емес! Ақиқатында, Раббым менімен. Ол маған жол көрсетеді» деді». («Шуъара» сүресі, 61-62 аяттар). Осы кезде Алла Тағала Мұсаға аса таяғымен теңізді ұруды әмір етеді. Сол кезде теңіз екіге жарылып, әр бөлігі үлкен таудай болады. Мұса мен оның халқы ешбір қорқынышсыз теңізден өтеді. Әскер де олардың соңынан жүреді. Соңғы қашқын құрғаққа аяғын басқанда, Алла қалауымен теңіз қайта қосылып, перғауын әскері теңіз түбіне батырылады. Осылайша әділдік зұлымдықты жеңді. Ашура сөзінің мағынасы Бұл ұлы оқиға Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында орын алған болатын. Сол себепті, күнге «Ашура» деген атау берілді. «Ашура» – «ашара», яғни, «он» деген сөзден шыққан.  Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) бұл күні Алла Тағалаға шүкірлік, алғыс ретінде ораза ұстайтын болған екен. Сондай-ақ, Ашура күні Мұхаммед Пайғамбар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған және сахабаларына да бұйыратын. Не себепті Ашура күні ораза ұстаймыз? Бұхари мен Муслимнің жинақтарында Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) жеткізген мынадай хадис бар: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза тұтып жүргенін көреді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?»  деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз» деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз» деді. Сөйтіп Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы күні ораза тұтып, мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырады. Ашура оразасының сауабы Муслимнің "Сахих" жинағында Ашура күні ораза тұту бір жылдық қателіктерді жуады деп айтылса, ал қажылық кезінде Арафат күнгі ораза екі жылдық күнәға кәффарат болады делінген. Білім иелерінің түсіндіруінше, Ашура оразасы Мұса Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) қатысты, ал Арафат күнгі ораза Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты. Сондықтан, әр құлшылықтың өзіндік орны болғанымен, Арафат күнінде ораза тұту Ашура оразасынан гөрі абзал деп танылған. Ибн Хажар есімді ғалым Ашура күнінің артықшылығына тоқталып: «Рамазаннан өзге күндері ораза тұтқысы келген кісі үшін Мұхаррам айындағы Ашура оразасы ең сауапты құлшылық болады» деп айтқан. Ашура оразасын қалай ұстаған дұрыс? Мұхаррамның 10-шы күні ғана ораза тұтпаған дұрыс. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашура күні ораза ұстаңдар және яһудилерге еліктемеңдер; Ашурадан бір күн кейін немесе бір күн алдын ораза ұстаңдар» деген. (Ахмад). Тағы да бір сахих хадисті келтіре кетейік. Бірде мұсылмандар Ибн Аббасқа (оған Алла разы болсын) келіп, одан Ашура оразасы жайлы айтып беруін өтінеді. Ол: «Қашан Мұхаррам айы туғанын көрсеңдер, есептеп, тоғызыншы күні таңертең ораза ұстаңдар» дейді. Олар: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)дәл осылай тұтатын ба еді?» деп сұрайды. Сонда ол: «Иә» деп жауап береді. Сондықтан, оразаны 9-шы және 10-шы күндері қатар тұтқан жөн. Ал 11-ші күнді қосып тұту «ықтият оразасы» деп аталады. Қатарынан үш күн бойы ораза тұту да сауапты іске жатады. Рубәйиғ есімді сахаба әйелден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаррамның оныншы, яғни Ашура күні таңертең ансарлардың ауылдарына шабарман жіберіп: «Таңертең кім ораза тұтпаған болса, күннің қалған бөлігінде ораза ұстап, аяғына дейін жеткізсін, ал кім таңертең ораза ұстаған болса, ары қарай тұта берсін» деп хабар таратады. Міне, содан бері мұсылмандар үшін Ашура күні ораза тұту сауабы мол мұстахаб амалы болып есептеледі.

Айта кетейік, биылғы жылы Ашура күні 30-қыркүйекке түсіп отыр. 

 

asylarna.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз