https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Кешірімді бол

10 Aug 2017 0 comment Оқылды: 11455 рет

«Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол»

(Ағраф сүресі, 7/199-аят)

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі - кешірімділік. Алланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Кешірім сұрамау мен кешірмеу адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет.Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі. Ислам - қоғамдағы тыныштық пен ынтымақ бірлікті сақтау үшін мейірімді және кешірімді болуды қажет етеді. Кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досыңа айналдыруға да болады. Кешірімділік қатаңдық пен қатыгездіктіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді.

Асыл дініміздің талабы бойынша, араздасқан екі мұсылманның өкпе-реніші үш күннен аспауы керек.Ол үшін сіз  ренішіңізді ұмытып, шын жүректен Алла үшін кешіруіңіз керек.Мұсылмандар бір-бірімен мүміндігінше араздаспағаны абзал.Өйткені мұсылмандар – бір-біріне бауыр.Ақиретте мұсылман бауырларымен араздасқаны үшін де сұралады.

Бір күні Пайғамбарымызға ﴿ Жәбірейл а.с.﴿ келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ақыреттік болатын көркем мінездер әкелдім», - деп мына аятты оқыды:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ надандардан бет бұр.

Сонда Пайғамбарымыз ﴿ одан бұл аяттың мағынасын сұрағанда Жәбірейл а.с.﴿: «Расында Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды», - деген екен.

Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі былай баяндалған:

«Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран сүресі, 3/134-аят).

Ал келесі бір аятта адамдарды бір-бірлеріне қарайласуға, кешіріммен қарауға үндеген:«Іштеріңдегі шарапат, бақ-дәулет дарығандар жақындарына, жоқ-жітіктерге, Алла жолына қоныс аударғандарға (бір нәрсе) бермеуге серт етпесін, оларға кеңшілікпен, кешіріммен қарасын. Алланың өздеріңе кеңшілік етуін қалай ғана қаламайсыңдар? Тегінде, Алла өте кешірімді, өте мейірбан»

(Нұр сүресі, 24/22-аят).

Құран Кәрім кек алуға тиісті адамның өзін кешірімді болуға шақырады. Осылайша ата жаудың өзімен араларын түзетуге үгіттеген. Ал кешірген адамның сыйын Алланың өзі беретіндігі Құран аятында былай келеді:«...Егер кек қайтаруға тиісті болған біреу оны кешірсе, өзара келіссе, оның есесін (сауабын) Алла қайтарады. Шынында Алла залымдық жасайтындарды дос тұтпайды» (Шура сүресі, 42/40-аят).

Барраз және Табараниден жеткен өзге бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: "Сендерге Алла тағала онымен дәрежені көтеретін амалды айтайын ба? Сонда сахабалар әрине дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): "Саған жауластық қылғанға сабыр етуің, зұлымдық қылғанды кешіруің, бермегенге беруің, сенімен қарым-қатынасты үзген адаммен байланыс орнатуың."-деген.

Енді Пайғамбарымыздың ﴿ өмірінен және сәләфус-салихтардың (сахабалар т.б.) кезеңінен кешірімділікпен қалай сипатталғандығы жөнінде мысалдар келтірейік:

Бірде пайғамбарымыз ﴿ жорықтан келе жатып жолда түнейді. Сонда жаудың бір адамы бәрі ұйықтап жатқанда жасырынып келіп, Пайғамбарымыздың ﴿ бас жағында тұрады да қылышын суырып: «Мен сені өлтірем десем кім тоқтата алады»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз﴿: «Алла тағала»-дейді. Сол сәтте әлгі адамның қолынан қылышы түсіп кетеді. Қылышты қолына алған Пайғамбарымыз ﴿: «Ал енді мен сені өлтірем десем мені кім тоқтата алады»-дейді. Әлгі адам: «Шамасы жете тұра зұлымдық істемейтіндердің ең абзалы болыңыз»-дейді. Пайғамбарымыз ﴿: «Алланың жалғыз екеніне және менің Алланың елшісі екендігіме куәлік келтір»,-дейді. Әлгі адам: Енді адам өлтіруге тырыспаймын, сенімен бірге де болмаймын және сенімен соғысатындардың ішінде де болмаймын,- деп сөз береді. Сонда пайғамбарымыз ﴿ әлгі адамды жөніне қоя берді. Әлгі адам өз қауымына келген соң «Мен адамзаттың ішіндегі ең абзалының алдынан келдім», - деген екен.

رَوَيَ الْبُخَارِي وَمُسْلِمٌ عَنْ زَيْدِ بْنِ اْلأَرْقَم قَالَ :سَحَرَ رَسوُلُ اللِه صَليَّ اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ مِنَ اْليَهوُدِ ، فَاشْتَكَي لِذَلِكَ أَيَّامًا فَجَاءَهُ جِبْرِيلُ فَقَالَ : إِنَّ رَجُلاً مِنَ اْليَهوُدِ سَحَرَكَ عَقَدَ لَكَ فِي بِئْرِ كَذاَوَكَذاَ، فَبَعَثَ رَسُولُ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلِيًا فَاسْتَخْرَجَهاَ فَجاَءَ بِهاَ فَحَلَّلَهَا ، فَقَامَ الرَّسُولُ صَليَّ اللهُ عَلَيْه وَسَلَّمَ كَأَنَّمَا نَشَطَ مِنْ عِقَالٍ ، فَمَا ذَكَرَ ذَلِكَ اْلَيهُودِيَّ ، وَلَا رَأَى وَجْهَهُ حَتَّى ماَتَ

Пайғамбарымыздың ﴿ өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһуди кешіріп жібергендігі жайында Бұхари мен Мүсілімде келген риуаятта Зайд ибн Арқам былай дейді: «Пайғамбарды бір яһхуди сиқырлайды, Пайғамбарымыз ﴿ бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейла.с.﴿ келіп: «Сені сиқырлаған еврей бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер барып алып келсін»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﴿ Әлиді р.а.﴿ жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Пайғамбарымыз ﴿ құдды бір байлаудан босағандай бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз ﴿ ол еврейді кешіреді. Оған бұл нәрсені бетіне баспаған, айыптамаған, ренжімеген, ұрыспаған, тіпті бұл дүниеден қайтқанша бетін көрмеген екен. Міне, пайғамбарымыздың кешірімділігі!»

Құрметті бауырлар, кешірімділік сипатымен сипатталған адамға қандай сый дайындап қойғанын айтатын болсақ: Біріншіден дәрежеңнің көтеріліп, күнәларыңның кешірілуі. Тирмизи мен Ибн Мәжәдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﴿: «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді.» Ал қазақы мақал-мәтелдерде «Кешірімділік — анадан, кішіпейілділік — данадан», - деген қазақ халқы асыл қасиеттерді үйретуді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырған. Сондай-ақ, «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», - деген.

Құран Кәрімде “Жазалау” сөзі 117 рет келсе, «кешірімді болу», «кешіру» жайлы 2 есе көп айтылған, яғни 234 рет кездеседі. Бұл көрсеткіш Құран Кәрімнің жазалаудан гөрі кешірімділікті ту ететінін дәлелдей түседі. Құран Кәрімге үңілер болсақ, кешірімділік екі түрлі сипатта көрініс табады. Әуелгісі Алланың адамдарға кешірімділік танытуы. Екіншісі адамдарды өзара кешірімді болуға шақыру.

Алла Тағала баршамызға, осы айтылған аят-хадистермен ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп амал етуімізді нәсіп етсін! Алла Тағала бізді де үлгілі болған құлдарының қатарынан қылып, екі дүниеде де бақыт нәсіп қылған пенделерімен бірге болуға жазсын!

Бүкіл әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағалаға мадақтар және сансыз шүкірлер, пайғамбарымызға ﴿ салауатпен сәлемдер болсын! Әмин!

Көксу аудандық Балпық би мешітінің

 бас имамы Е.ЕРІМБЕТ

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз