https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ТОЙ ТӘЛІМДІ БОЛУ ҮШІН ТАМАДА ТАҒЫЛЫМДЫ БОЛУЫ ШАРТ

03 Aug 2017 0 comment Оқылды: 8725 рет

Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, әлде жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бас­тау қиын емес – соңыңнанерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген екен. Тойдың көңілді әрі мазмұнды өтуі асабаға байланысты дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл.Тойдағы дастарқанның сәні де, мәні де асабаның шеберлігіне байланысты екені рас.Ұш­қыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме қонақтарды жа­лықтырмайтыны белгілі. Бүкіл ғұмырын, тарихын сөзбен жасаған, жауын да, дауын да сөзбен тоқтатқан, халықтың ұрпағы үшін сөз мәніне ерекше ден қою заңдылық.     ТОЙ ТІЗГІНІН ҰСТАУШЫ АСАБАЛАРҒА ҚОЙЛАТЫН ТАЛАПТАР ҚАНДАЙ?   Қай халықтың да ең қадірлі тойла­рының бірі – үйлену тойы. Ата-ана барын шашып, ағайын-жекжат пен дос-жаранның басын қосып, дүркіретіп той жасайды. Тойдың шаруасы әркімнің жеке ісі екені даусыз. Дегенмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің заман өзгерісіне сай озығын алға шығарып, тозығын толықтырып, өзімізге тиімді тұстарын бірлесіп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жетілдірсек, тәрбиелік мазмұнын мұ­қият­тасақ қалыпқа түсіп, қажеті­мізге жарайтыны белгілі. Соңғы кезде той басқаратын аса­балар­дың көбі әзіл-қалжың айтуға бейім. Бірақ күлкінің де реті бар. Күлдіре отырып білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын,мағынасы терең астарлы күлкі де бар. Өңкей әзіл айта беру де отырыстың дәмін кетіріп, қонақтарды мезі ететінін көріп жүрміз. Керек жерінде қысқа да нұсқа айтылған әңгіменің қандай орында да бағасы басым.   АСАБАЛАР НАЗАРЫНА   1)    Сөзге шеберлік, суырыпса­лмалық, ұтқыр­лық – асабаға жарасымды қасиет­тер. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып жарасымды үйлес­тіріп отыру асабаның шеберлігіне тән. Асабаның мимикасы, тұрысы, қимыл қозғалысы, ишаралы сөзі тойдағы қауымымен байланысына үлкен әсер етеді. Әсіресе, сөз қолдың алуан ишарат қимылмен (жест) үйлескенде өте тартымды шығады. 2)    Тойдың тізгіні қолға тиген бойда бірден сөйлеп кетпей, сәл үзіліс жасаған тиімді. Жұрт бұл уақытта асабаның сыртқы келбетімен, дидарымен, киімімен көз жүгірте  танысып алғашқы деректер алады. Сондықтан, той жүргізушінің сыртқы бейнесінен қашанда жинақылық сезіліп тұрғаны жақсы. 3)    Тойға жиналған қауымның көтеріңкі көңіл-күйі асабаның сөзінен заңды жалғасын тауып жатса, ол тек тойдың сәнін кіргізе түседі. Асабалық міндет жүктелген соң қанша жүйрік болса да, азды көпті дәрежеде сөйлеу техникасынан хабары болған дұрыс.   4)    Бүгінгі тойларымызға қазақы өзгеріс керек сияқты. Оны өзіміз жасамасақ, ешкім жасап бермейтіні белгілі. Асабалардың сөздері мағыналы әрі сөздік қоры мол болуы үшін көркем әдебиетті көбірек оқығаны абзал. Тойды жүргізу барысында әзілдеп қана қоймай, ұмыт болып бара жатқан мақал-мәтелдер мен ата-бабаларымыздан қалған қанатты сөздерді шешендікпен тілге тиек ете отырса тойдағы қауымның жадында қалуына да себепші бола алады.  Асабалардың қалтасын­дағы қалжыңдары, қоржынындағы ойындары бірсарынды өрбіп, тойға жиналғандарды жалықтырып жібе­ретін тұстары да аз емес. Шыны керек, соңғы кездері қазақы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ұмыт қалып, қазақтың тойы өзіндік мәнін де, мағынасын да жоғалтып бара жатыр деушілер аз емес.Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз халқымыздың талай жылғы тәрбиелік тәжіри­бесінен тұрмысқа енген. Озығын алып, тозығын тастап, ұлт дәстүрлерінің өркениетке икемделген тұстарын жетілдіре пайдалансақ, сонда ғана тойдан өзіндік өнеге алып қайтамыз. Қосыла салып айырылысып жатқан бүгінгі жаста­рымыздың санасына ұлттық дәс­түріміздің ұлағатты үрдістерін үйлену тойының үстінде де үлгі ете білсек, аз да болса пайда берері анық.

www.asylarna.kz

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз