https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Исрафил (ғ.с.) періште.

22 Jun 2017 0 comment Оқылды: 3058 рет

 

Алла Тағала жанды-жансыз барық мақұлықтарды жаратты. Солардың ішінде Аллаға әрдайым бағынушы,  бұйрықтарын екі етпей орындаушы Періштелерді жаратып,  оларға әртүрлі міндеттер жүктеген. Алла Тағаланың оларға міндет жүктеуі – олардың көмегіне мұқтаждығынан емес, керісінше, олар өз міндеттерін орындаулары арқылы Ұлы Жаратушыларының құдіретін, ұлылығын және шексіздігін күллі әлемдерге паш етіп, теңдессіз патшалығының сән-салтанатын жалпы жаратылысқа жар салып, куәлік беруі. Алла Тағала ешнәрсеге, ешкімге мұқтаж емес. Періштелер өздеріне жүктелген міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушының рақымына бөленеді.

Періште түрлері

  1. Жебірейіл періште.Алла тағаланың барлық пайғамбарларына уахи жеткізуші періште.
  2. Микайл періште.Жаратылыстағы оқиғалардың, жалпы әлемдегі жан иелерінің рызықтары мен жел, бұлт, жаңбыр секілді себептерін қадағалайтын періште.
  3. Исрафил періште.Бұл періште қиямет күні Алла Тағаланың бұйрығымен сүр (сырнай) үрлейтін періште.
  4. Өлім періштесі (әзірейіл).Барлық ажалы жеткен адамдардың рухын алумен міндеттелген періште.
  5. Құрсақтағы сәбиге жан үрлейтін және ырзығын, ажалын, дүниеде істейтін амалдарын, бақытты яки бақытсыз болатынын жазумен міндеттелген періштелердің бар екенін хадистерден аңғарамыз.
  6. Кираман-Катибин.Құлдарының жақсы-жаман амалдары мен істерін жазумен міндеттелген періштелер.
  7. Мүнкәр-Нәкир періштелері.Қабірдегі адамдарға «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген сияқты сұрақтарды қоятын әрі адамдардың осы сұрақтарға берген жауаптарына қарай қарым-қатынас жасайтын періштелер.
  8. Зәбания періштелері.Ақыретте тозаққа барғандарды азаптау ісі міндеттелген періштелер.
  9. Ридуан періштелері.Жәннатқа кіру бақытына кенелгендерге қараушы періштелер.

Басқа да періштелер бар екені хадистерде айтылған. Бұл уағызымызда сол періштелердің бірі Исрафил (а.с) жайлы баяндаймыз.  Исрафил (ғ.с.) – хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті – қиямет қайым басталатын кезде Алланың әмірімен сұр үрлеу. Әрине, бұл Исрафил (ғ.с.) періште мұнан басқа ешнәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп, адам бейнесінде келген періштенің, Алла Тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің орын алғандығы айтылады. Сонымен қатар, бәлкім біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Исрафил (ғ.с.) періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірәйіл (с.ғ.) періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отбасы және өзінің біраз күннен бері нәр татпағанын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметтің болуына әмір келді ме?» – деді. Жәбірәйіл (ғ.с.): «Сенің әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің (ғ.с.) осы жерге келуі әмір етілді» – деді. Осы уақытта Исрафил (ғ.с.) періште Алланың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің айтқандарыңды Алла Тағала естіді. Сенен: Сүлеймен (ғ.с.) сияқты патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр» – деп сауал тастайды. Жәбірәйіл ( ғ.с.) періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын» – деп Исрафилге ( ғ.с.) жауап қайтарған еді.


Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Алланың әмірімен екі рет сұр үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жағына шошына қарап қалады», – деген.

Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс естиді. Бұл – олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафил (ғ.с.) үрлеген сұрдың дыбысы.


Мына хадисте сұр жайында былай делінеді: Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Сұр деген не?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үрленетін сырнай» (біз үшін беймәлім яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал) – деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рахымы (с.ғ.с.): «Исрафил (ғ.с.) сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр», – дейді.


Исрафил (ғ.с.) періштені Алланың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақирет басталады.


Исрафил (ғ.с.) періштенің сұрды екі рет үрлеуінің арасы қанша уақыт болатыны белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді: Әбу Һурайраның (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ): «Сұрды екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар», – деген. Ол қырық уақыт дегені күн бе, ай мa, не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаға аян.

Әрбір адам баласы жаны кеудесінде тұрғанда тәубе етіп, Алла бұйрықтарын жасап  үлгеруі керек. Сүр үрленген күні барлығы кеш болып, қайта мүмкіндік берілмейтіні анық.

Алла алдына иманмен, исламмен, жарық жүзбен баруды баршамызға нәсіп етсін.

                                                                                                              

 Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз