Адам баласының бүкіл өмірі – Алла Тағалаға ғибадат жасаудан, әртүрлі қиын сынақтардан тұрады. Ғибадаттарымызды толық орындап, сынақтарға сабырлық танытып, шайтан мен нәпсінің азғыруына ермей, хақ жолымен жүрсек, екі дүниенің де бақытына бөленеміз. Бұл туралы Құранда: «Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, шынында, ұлы табысқа жетеді» («Ахзаб» сүресі, 71-аят); «Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, ол анық адасқан болады» («Ахзаб» сүресі, 36-аят); «Адамдар «иман келтірдік», – десек болды, сыналмаймыз» деп ойлай ма екен? Шындығында біз олардан бұрынғыларды да сынаған едік» («Анкабут», 2, 3-аяттар), – делінген.
Ислам дінінің ғұламалары күнә (араб тілінде «маъсия» немесе ««харам» – тыйым салынған») деп, пенде істесе жазаға тартылатын істі айтады. Алланың хақ жолынан адасу күнәлі іс істеуден басталады. Адамның ақыл-ойын шайтани және нәпсілік сипаттар құр-сауғалайды да, күнә жасауға итермелейді. Күнә тек дене мүшелерімен ғана емес, жаман оймен де жасалады. Күпірлік, екіжүзділік сияқты сипаттар жүрегіне орнығады. Адам баласының әpбip ісінің eceбi бар. Ендеше біліп-білмей icтеген күнә-қателіктердің де, егер дер кезінде тәубе жасап отырмаса, жауапқа тартылатыны анық. Күнәлар адамның ақыл-ойына, жеке ұстанымы мен рухани құндылықтарына, мінез-құлқына, өмір сүру жүйесіне тікелей әсер етіп қана қоймай, сонымен бірге, оның қоршаған ортасына, отбасына, қоғамға кесірін тигізеді.
Күнә жасаудың денеге тигізетін зиянындай зарар береді. Оның зарары аз-көптігіне байланысты. Бұл дүниеде, не ақыретте себебін біздерге тигізетіні анық. Бұл туралы Имам Ахмадтың Муснад кітабында Умму Сәләмадан мынадай хадис жеткізілді: Расулалла (с.ғ.с.) былай деген: «Үмметімде күнә-қателіктер жайылғанда Алла Тағала азабын олардың барлығына бірдей жібереді». Сәубаннан жеткізілген хадисте Расулалла (с.ғ.с.) былай деген: «Пенде өзінің істеген күнәсінің кесірінен келіп тұрған ризығынан да құр қалады», – деген. Бұхаридың Сахихында Әнес ибн Мәліктен мынадай риуаят жеткізген: «Сендер кейбір істерді істейсіндер. Сендердің ойларыңша олар қылшықтан да жеңіл, түкке тұрғысыз істер. Бірақ біз оларды Пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында апатқа апаратын күнәлардың қатарына қосушы едік!».
Құран Кәрім мен хадистерде күнәлар екі түрлі болып бөлінеді. Үлкен және кіші күнәлар. Зияны үлкен болған күнәләр – үлкен күнә деп аталады. Ибн Аббас :«Ей, күнәның иесі! Күнәның жаман зардабынан аман қалмайсың. Күнәның артынан келетін зардабы мен зарары күнәның өзінен де үлкен. Оңы мен солыңда отырған періштелерден ұялмауың істеген күнәңнан да үлкен. Күнә істеген соң, Алланың алдына барғанда жағдайың калай болатындығына ойланбай, шат-шадыман күліп жүруің күнәңнан да үлкен. Күнәны жасағаныңа мәз болып қуануың күнәңнан да үлкен.
Өткен күнәңа еш өкініш білдірмеуің сол күнәннан да зор. Күнә жасап жатқаныңда жүрегің діріл қағып, Алланың назарынан қорқудың орнына есіктің сықырынан қорқуың күнәңнан да зор», – деген.
«Үлкен күнә» деп аталатын күнәларға мыналар жатады: Алла Тағалаға ортақ қосу, Алла Тағалаға басқа затты теңеу, Алла Тағаладан басқаға (Алла Тағалаға сенім артқандай) сенім арту. Сиқыр жасау және жасату, кісі өлтіру, өсім жеу, жетімнің хақын жеу, соғыс майданынан қашу, намысты, абыройлы әйелге жала жабу, жалған айғақ болу немесе жалғанға айғақ болу, әке-шешеге қарсы келу, зина қылу, ұрлық істеу, арақ ішу, ғайбат айту, пара жеу, өтірік айту, екі кісіні шағыстыру, құмар ойнау, кісі хақын жеу. Бұл туралы Құранның «Ниса» сүресінің 31-аятында: «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкендерінен сақтансаңдар, сендерді жамандықтарыңды кетіріп, құрметті орынға кіргіземіз», – деп үлкен күнәлардан сақтанса, кішігірім күнәларды Алла Тағала кешіретіндігін ескертеді.
«Олар күнәлардың үлкенінен және арсыздықтан сақтанады» («Нәжім» сүресі, 32-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күнделікті бес намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейінгі, Рамазан оразасы келесі Рамазанға дейінгі (аралығындағы кіші) күнәларды, егер үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген. Және де «Азапқа душар қылатын жеті нәрседен сақтаныңдар!», – дегенде, сахабалар: «Я, Расулалла олар не нәрселер?», – деп сұрайды. Сонда хазіреті пайғамбар (с.ғ.с): «Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр жасау, жазықсыз кісі өлтіру, өсім жеу, жетімнің хақын жеу, соғыс майданынан қашу, абыройлы мүмін әйелге жала жапсыру», – деп жауап берген. Басқа бір хадисінде: «Ең зор күнә – Аллаға ортақ ұйғару, кісі өлтіру, әке-шешені ренжіту және жалған айғақ болу», – деген екен.
Ислам ғұламасы Әбу Талиб Әл-Мәккий былай дейді: «Сахабалардың сөздеріне қарап, үлкен күнәларды былайша топтастырдым. Олардың жүрекпен жасалатыны төртеу: Аллаға серік қосу, күнәға құлшыну, Алланың рахымынан күдер үзу және өзін Алланың айла-амалынан аман-саумын деп есептеу. Тілмен жасалатыны да төртеу: өтірік куәлік беру, таза мұсылман әйелдерге жала жабу, жалған ант беру және сиқыр сөздері. Үшеуі іште болады: арақ ішу, жетімнің ақысын жеу, өсімқорлықтан түскен пайда жеу. Екеуі жыныс мүшесімен жасалады: зинақорлық және біржыныстық әуейілік. Екеуі қолмен жасалады: кісі өлтіру және ұрлық. Біреуі аяқпен жасалады, ол – майдан даласында артқа қарай қашу. Біреуі бүкіл денеге бірдей қатысты күнә, ол – ата-ананы құрметтемеу».
Кісі хақынан басқасын, істегеніне өкіне тәубе етіп, екінші қайтара істемесе, Алла Тағала кешеді. Тәубенің қабыл болуының екі шарты бар. Бірі – бұл қылмысты істегеніне шынайы өкіну, екіншісі – соны қайталап істемеу. Алла баршамызды үлкен кіші күнәлардан сақтап екі дүние бақытын беріп, жәннәтқа кіруді нәсіп етсін Әмин.
Аман Медетбеков
Талдықорған қаласы "Еркін" мешітінің бас имамы.