https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Керағар топтар

10 Apr 2017 0 comment Оқылды: 1061 рет

 

Бүгінгі қоғамда адамдардың сана-сезімдерін улап, ақыл-парасаттан қасақана айыратын діни ағымдар көп. Олар, әдетте, жасырын әрекет етеді. Біздің елімізде де осындай діни ұйымдар бар.

Солардың бір нешеуіне тоқтала кетейік:

“Ат-такфир уаль-хиджра” халықаралық ұйымын экстремистік деп тану туралы Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімі шықты. Оның қызметіне сот үкіміне сай елімізде тыйым салынды. Осы шешімді шығару кезінде аталған ұйымның экстремистік бағыттағы қызметі жөніндегі қолда бар материалдармен қатар сотпен “Ат-такфир уаль-хиджра” халықаралық ұйымының қызметіне Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, АҚШ-та, Түрік Республикасында және Еуропалық одақта тыйым салынғандығы ескерілді. Сот шешімі заңды күшіне енді, осыған орай “Ат-такфир уаль-хиджра” халықаралық ұйымының қызметіне қандай да бір қатыстылық (қызметіне қатысу, қаржыландыру, идеологиясын насихаттау және т.б.) заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.

“Такфир” деген сөз араб тілінен аударғанда біреуді кәпірге шығару дегенді білдіреді. Олар өздерінен басқа мұсылмандарды кәпір санайды. Зайырлы өмірді қабыл етпеуді, тек қана дін жолына қызмет етуді мақсат тұтады. Дін жолына (жиһад, соғыс) алып бару керек деп есептейді екен.

“Жиһад” – араб тіліндегі “жуһд” түбірінен шыққан “белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу” деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы: ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни, Алла дінін қорғау). Немесе Алла дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, Отанды, мал-мүлікті, т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу.

Мұсылмандар қақтығысқа от салмай, татуластыруы тиіс. Ол жайлы Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадистері бар. Соның бірі: “Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік”, – деген (Муслим риуаяты). Және де: “Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де – тозақ отында”, – деген. Сонда жанындағылары: “О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?” – дегенде, ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): “Ол оны да өлтіргісі келген еді”, – деді. (Бұхари, Муслим риуаяты).

Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен, оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына емес. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып-жойыңдар немесе бейбіт халыққа бас салып, мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқасты ету, жерлерін отарлап, еріктерінен айыру, т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді. Жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында шариғатталған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед үш мәрте былай деп қайталаған: “Шектен тыс кінәмшілдік пен қаталдық танытушылар жазым болады”.

Шектен тыс кінәмшілдік, жанкештілік жақсылыққа апармайды. Кінә таға беру мұсылмандар арасындағы өшпенділікке апарады. Бұған қазіргі таңда мысал жетерлік. “Дінде зорлық жоқ”. Ислам діні мұсылмандарға дінге шақыру және оны тарату жолын белгілеп берген. Бұл жол исламға даналықпен және жұмсақтықпен шақыруды әрі көпқұдайшылармен сөз таластыру барысында көркем түрде айтысуға шақырады: “Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың тура жол тапқандарды да жақсы біледі”.

Жоғарыда аталған ұйымның қоғамға қаупін ескерген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарды. Бұл пәтуада мұсылмандар арасына жік салу үшін арнайы құрылған партия болғандықтан, үгіт-насихаттық әдебиеті (кітапшалар, парақшалар) исламдық ілімге қайшы, кертартпа болуы себепті пайдаланылмасын, барлық мешіттің имамдары еліміз тұрғындары арасында “Ат-такфир уаль-хиджра” ұйымы насихатының мұсылмандар үшін жат екендігі туралы түсінік жұмыстарын үнемі үзбей жүргізсін делінген.

2014 жылы 18 тамызда Астана қаласы прокурорының арызы бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның қызметіне Қазақстан Республикасындағы тыйым салу жөніндегі шешімі шықты

Тағы бір үйым – бұл «Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйым.

«Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.

Ислам дінін зиянды әсерлерден тазалауды алға тарта отырып, бұл қозғалыс өзге діндердің ғана емес, исламның басқа тармақтарының өмір сүруіне қарсы болу арқылы, дінішілік әрі дінаралық қақтығыстардың туындауына себепкер болмақ.

«Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Дегенмен, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы - зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады.

2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы  қызметіне тыйым салынды.

Болат Жұмағалиев

Ескелді ауданының бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз