Дініміде ықылас, шынайылыққа ерекше мән беріп, рияшылдық «ширк» боп есептеледі. Рия - ықыласқа қарама-қарсы теріс ұғым. Ол бүкіл амалдары мен діннің бұйырған ізгі істерінде Алланың разылығын емес, дүниелік мақсат үшін адамдардың ризашылығын мұрат етуді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у) рияшылдыққа байланысты былай дейді:
Қиямет күнінде алғаш шақырылатындар: Құранды жаттаған қари, дін жолында өлген адам және көп дүние-мүлікке ие болған кісі. Алла тағала әуелі Құран жаттағаннан: - Мен саған пайғамбарыма түсірілген Құранды үйретпедім бе? - деп сұрайды. Ол: - Иә, Раббым, - деп жауап береді. Алла тағала: - Білгендеріңмен қалай амал еттің? - деп қайта сұрайды. Әлгі адам: - Мен оны күндіз-түні оқыдым, - дейді. Алла оған: - Жалған айттың, - дегенде, періштелер де қостап «өтірік айтасың» дейді. Алла тағала оған: - Керісінше «пәленше Құран оқиды» деп айтсын деген ниетпен оқыдың және ол ниетіңе іс жүзінде қол жеткіздің де, - дейді. Содан кейін дүние-мүлкі көп адам әкелінеді. Алла: - Мен саған көп дәулет бермедім бе? - деп сұрайды. - Тіпті көп бергенім соншалық ешкімге күнің түсіп көрген емес, - дейді. Бай адам: - Иә, солай Раббым, - дейді. - Берілген мүмкіндіктермен қалай амал еттің? - деп сұрайды Алла тағала. Әлгі бай сонда: - Туыстық қарым-қатынасымды үзбедім, садақа бердім, - дегенде, Алла: - Жоқ, сен «пәленше жомарт» екен деп айту үшін бердің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін дін жолында өлтірілген адам сұраққа тартылады. Алла одан да: - Кім үшін өлтірілдің? - деп сұрайды. Ол: - Сенің жолыңда жиһадқа бұйырылдым. Мен қасық қаным қалғанша, кеудемнен жаным шыққанша аянбай соғыстым, - дейді. Хақ тағала оған: - Өтірік айтасың, - дейді. Періштелер де «өтірік айтасың» деп қосылады. Алла тағала оған қайтадан: - «Пәленше батыр екен десін» деп іштей мақтау-марапат күттің және дегеніңе жеттің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін Расулалла (с.а.у) Әбу Һурәйраның (р.а) тізесінен соғып: - Ей, Әбу Һурәйра! Осы үш адам - қиямет күнінде жаһаннам отын алаулататын Алланың мақұлығы, - деді.
Имам Ғазали рияшылдықты төртке бөледі:
1. Ең ауыр түрі. Рияшылдықтың бұл түрімен жасаған құлшылықтың ешбір сауабы жоқ. Мысалы, ел көзінше дәретсіз болса да намаз оқып, оңаша қалған кезде ешбір намаз оқымаған адамның іс-әрекеті. Бұл намаз – тек қана елге көрсетілу үшін оқылған намаз. Бұнда жақсылықтың қылаудай нышаны жоқ. Барып тұрған көзбояушылық.
2. Құлшылықты көрсету үшін жасайды. Солай бола тұра Алла Тағаланың ризалығына да ниет етеді. Бұл елге атын шығарып мешіт, медресе салған адамдардың әрекеті тәрізді. Әрине, оларда да Алланың ризалығын алу ниеті болмайды емес, болады. Бірақ ол өте әлсіз ниет. Себебі, мешіт салу «абырой» саналмағанда бұл амалды жасамайтын еді.
3. Рияшылдық пен сауап жақтары тең болу. Ондай жандар егер рияшылдықтың жанында сауап болмаса яки сауаптың жанында рияшылдық ниеті болмаса ондай амалды жасамайды. Екеуі тең болғандықтан ғана амалды жасайды. Мұндай амалдың ақыретте зияны тимейді. Бірақ, ешбір пайда да келтірмейді.
4. Терең жасап жүрген құлшылығын ел естіп-білгенмен, бұрынғыдан да қайраттанып тақуалығын арттыруы. Мұндай адам жасап жүрген амалдарын жұрт естімесе де жасайды. Сондықтан да рияшылдықпен ғана жасамағандықтан құлшылығынан сауап таба алады.
Шәддад ибн Әус: «Пайғамбарымыз «Үмбетім үшін ең қорыққан нәрсем - Аллаға серік қосу. Бұл үмбетімнің қайтадан күнге, айға немесе пұттарға табынады деген сөз емес. Алайда, менің қорқатыным олар амалдарында рияшылдық жасайды»[13], - деп айтты деген. Пайғамбарымыз үмбетіне риядан сақ болуды ескерткен.
Істің қаншалықты шын ықыласпен жасалғанын, не болмаса рия екенін білудің кейбір белгілері бар. Мысалы, кейбіреу жай кезде сөзімен, ақылымен, мінезімен кішіпейіл көрініп, өзінен дәрежесі төмен біреумен тілдесе қалса, ісініп, кебініп, көкірегін ұрып, шынайы бет пердесін көрсетіп алады. Демек, ол шын мәнінде кішіпейіл емес. Өзінен жоғары адамдардың алдында ғана иіліп, бүгіліп жақсы көріну ниетіндегі пенделіктен аса алмаған адам. Ықылас - жүректің Алламен байланысы. Сондай-ақ жұрттың алдында қандай ықыласпен ғибадат етсеңіз, ешкім көрмейтін жалғыз қалған кезде де дәл сол құлшылығыңыздан бір мысқал да таймауыңыз. Әйтпесе, жұртпен бірге намаз оқығанда қырағатын әдемілеп, намаздарын ұзатып оқып, жалғыз қалғанда шала-шарпы, үстірт орындаса, бұл нағыз рияшылдыққа жатады.
Әсіресе, қазіргі кезде рияшылдықтың етек алып кеткені соншалық, адамдар рияның не екенін ажырата алмай қалып жатады.
Рияшылдықтан арылып, ықыласқа қол жеткізудің ең негізгі жолы - үнемі өлімді еске алу. Адам өзін бұл дүниеге уақытша келген қонақ сияқты сезініп, соған сай өмір сүрсе рияшылдықтан құтыла алады. Қонақта өзіңізді қалай ұстайсыз? Әрине, барынша әдепті, сабырлы болуға әрекеттенесіз. Өйткені, қонақ болу - уақытша ғана сәт. Сол сияқты мына өткінші ғұмырда да өзінің қонақ екенін сезіне білген адам әрбір адымын аңдап басады.
Рияшылдықтан құтылудың тағы бір жолы - ихсан тұғырын иелену. Яғни, Алла тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Біз Алланы көре алмағанымызбен, сәт сайын мүлтіксіз Алланың назарында тұрғанымызды естен шығармауымыз керек. Сол кезде ғана рияшылдықтың шырмауынан құтыламыз.
Жүрегі ықыласқа толы адам ешкімнен мақтау, марапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды. Ол үшін ең бастысы - істеген амалдарын Алланың қабыл алуы. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірі - үлгі. Меккеде пайғамбарлық кезеңі басталған тұста қандай шынайы, кішіпейіл болса, Мәдинаға қоныс аударғанда да, алғашқы ислам мемлекетінің басшысы ретінде Меккені азат еткен кезде де сол кішіпейілділігінен танбады. Шынайы дін жолында жүрген адам да өз өмірінің осындай иләһи бақытқа бастар бағыттан ауытқымауын әркез таразылап отырғаны абзал.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ақырзаманда дінмен дүние іздеген адамдар шығады. Бұлар адамдарды алдап соғу үшін өте мүләйімсіп көрінеді. Мүләйімдігі сонша – оның қасында қой терісінің өзі қатты көрінеді. Тілдері балдан да шырын келеді. Ал, жүректері қасқырдың жүректерінен қатты. Алла Тағала (олар үшін) былай дейді: «Мені алдамақ ойларың бар ма, әлде Маған қарсы батырлық көрсеткілерің келе ме? Өз атыммен ант етейін! Бұларға өз ішінен шығатын бүлік-фитнә жіберемін. Сонда олардың арасындағы момын адам да не істерін білмей сасады».
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кімнің бұл дүниеде екі жүзі болса, қиямет күні оттан екі тілі болады» дейді[4]. Бұл да – рияшылдықтың бір түрі.
МәшҺүр Жүсіп бабамыз:
«Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,
Міне қалса жортқызып, желгізбей бақ.
Өзін-өзі бағуға көп әл керек,
Көш соңында көңілді жүргізбей бақ!»,-дегенде осы нәпсіні еркіне жібермей, амалды Алла ризалығы үшін ғана істеу керектігін баса айтқандай. Осы орайда, Иса (ғ.с.)-нің: «Ораза уақытында өзіңді жігерлі ұста, себебі адамдар сенің ораза екеніңді аңғарып қалмасын»,-деген сөзі, рияшылдықтан аулақ болу үшін айтылған болса керек.
Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды. Сондықтан бұл өмірде тек қана Алла бізді ықыласты құлдары қатарынан қылсын!
Алматы облысы, Ақсу аудандық мешіті.