Барлық мадақ күллі Әлемнің жаратушысы Алла Тағалаға тән!
«Тағдырымда не жазылған?», «Келешекте не болар екен?», «Мені алда не күтіп тұр?» деген секілді сұрақтар адамзат баласымен бірге сонау алғашқы дәуірлерден бері жалғасып келе жатқанын айтуға болады. Өйткені, адам жаратылысында алдағы күндерде не болатынын білуге деген ерекше құмарлық бар.
Осы себепті, адамдағы осы бір қажеттілікке сай болашақты болжағыштар мен көріпкел, балгерлер де әрдайым табылып отырған. Бұндай түрлі сенімнің исламға дейін де болғаны сондықтан.Көріпкелдіктің жұлдызға қарап болжау, құмалақ салу, тас тарту, карта ашу, жауырынға қарап болжау сияқты толып жатқан әдістері бар. Қазақ ондай кәсіп иелерін көбіне балгер деп атайды.
Дінімізде балгерлік, көріпкелдік, құмалақ ашу күпірлікке апаратын жолдар. Ібілістің әскеріне болысып, балгер, құмалақшы, көріпкелге сену сенімге селкеу түсіреді. Қасиетті Құран Кәрімде: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі»,- делінген («Шұғара» сүресі, 221-222 аяттар). «Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, серік қосушылардан боласыңдар»,- делінген («Әнғам» сүресі, 121-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жамағатты балгер, көріпкел, құмалақ ашатын және сол сияқтыларға барудан қайтарған. Кімде-кім ондай адамдарға барып, олардың ісін дұрыс десе, діннен шығып, кәпір болады. Сенбегеннің өзінде барғаны үшін қырық күндік ғибадаты қабыл болмайды. «Шайтан адамдардың арасына от салуды қалайды»,- деген («Мәида» сүресі, 91-аят).
Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Алла тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі білген болсам, әрине, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» де»,–деп беймәлім өткеннің мен бұлыңғыр болашақтың ақиқаты айтылған.
Фиқһ ғалымдары пікірінше, балгерлікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген.
Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Адамдар көріпкелдік жайлы сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз»,– деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады»,–дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол бір шындық сөзді жын естіп, серігінің (көріпкелдің) құлағына сыбырлайды, ал ол оған жүз жалған сөзді араластырып айтады»,–деген.
Барлық көріпкел, балгерлердің жындармен қатысы бар ма, жоқ па, ол өз алдына жеке мәселе. Алайда көріпкелдік пен балгерлік исламға қайшы болғандықтан әрі пайғамбарымыз оған нақты тыйым салғандықтан, мәселеге шайтанның араласатыны күмән тудырмайды. Шайтан да жын болғанына қарағанда, болашақты болжап, алдын ала хабар айтатын көріпкелдер шайтанға ермек боп жүрген жоқпыз ба деп қорқуы тиіс. Сондықтан көріпкелдік жасаушы өзін де, өзіне имандай сенушіні де иман тұрғысынан қауіпке итермелеп отырғанын білуі тиіс.
Ақиқатында мұсылман адам Алла тағаланың құдіретіне иланып, бар ісінде тек Аллаға ғана тәуекел етуі тиіс. Қиындық кездессе сабыр етіп, әр қиындықтың артынан келетін жеңілдігі мен жақсылығын күте білуі тиіс. Дұғаларында «Адасудың түр-түрінен сақтай гөр!» деп тілеп жүргені дұрыс.
Тақырыпқа қатысты тағы бір хадистерде көріпкелдерге сенген жанның Мұхаммедке (с.а.у.) түскен кітапқа сенбеген болып табылатыны қатаң ескертілген (Ибн Мажә, Тахарат, 122).
Хазретті Әли (р.а) сарбаздарымен жорыққа шыққалы тұрғанда, Ибн Ауф атты көріпкел халифаға: «Тап қазір жолға шықпа, үш сағаттан соң шық. Сонда жеңіспен ораласың, ал қазір шықсаң жеңіліп қайтасың», - дейді. Сонда Хазіретті Әли (р.а): «Біз көріпкелдерге жүгінбейміз, біз Аллаға ғана тәуекел етеміз! Құранда кімде-кім көріпкелдің сөзіне сенсе, Алланың сөзіне сенбегені, кәпір болғаны делінген. Сондықтан біз тап қазір сәтсіздік жорылып тұрған кезде шығамыз», - дейді. Сосын адамдарға қарап: «Уа, мұсылмандар! Көріпкелдердің айтқандарына сенбеңдер! Себебі көріпкелдер – сиқыршылардың бір түрі. Ал сиқыршылар құдайсыздардың бір түрі. Құдайсыздардың барлығы да тозаққа тасталатынын сендер білесіздер!» - деп, сол сағатта жорыққа аттанады. Алланың қалауымен бұл сапардан жеңіспен сәтті оралады. Елге оралған соң ибн Ауфқа және адамдарға егер көріпкел айтқан сағатта сапарға шыққанымызда мына көріпкел «мен айтқан соң ғана жеңіске жеттіңдер» деп дандайситын еді. Бірақ біз көріпкелдің шықпа деген сағатында шығып, жеңіспен оралдық. Барлық нәрсе Алланың қолында. Сондықтан мұсылмандар, бір Аллаға ғана тәуекел етіңіздер, көріпкелдерге сенбеңіздер, себебі біздің сүйенеріміз құдыреті күшті Алла!» - деді.
Міне, жоғарыда келтірген аят, хадистерді ескерер болсақ, шығатын қорытынды бір – болашақты болжайтын бақсы, балгерлердің сөзі мен әрекеттері емес. Емшілердің шариғатымызға қайшы емдері асыл дінімізде рұқсат етілмеген істер. Шипа беруші, шипа алушы да – бір Алла. Қасиетті Құран Кәрімде: «Құраннан мүміндерге шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі», - деп, мүминдердің басқа біреуге емес, тек Өзіне, түсірген сөзіне ғана сенім артып, бас июлерін бұйырады. Осыны есте сақтап, адасудан сақ, дінімізге берік болайық, бауырлар!
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы Е.Ерімбет