Тәкаппарлық, менменшілдік, кесірлік, өр көкіректік, мақтаншақтық
өзін-өзі басқалардан жоғары ұстау, басқалардан артық білем деп, басқаларды менсінбеу, қызғаншақтық.
Тәкәппарлық – араб тіліндегі «кибр» және «тәкәббур» сөздерінен шығады. Ол «үлкен», «ұлы болу» деген мағынаны білдіреді. Көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, мінез.
Алла тағала қасиетті Құранда: «Алла тәкаппарларды (өзін жоғары санағандарды) жақсы көрмейді» Нахыл сүресі 23 аят,
«Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың, таулардан да биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман қылықтар болып саналады» Исра сүресі 37аят.
Тәкаппарлыққа байлығының, тегінің, мансабының, дене бітімінің, көркінің, күш-қуатының, ақыл-ойының артықшылығына, білімінің көптігіне мақтанып, астамсыну сияқты менмендік қасиеттер жатады. Расында Рахманның дәргейінде пенденің пендеден артықшылығы тек тақуалығында ғана.
Ибн Масғұдтан, Алла одан разы болғай; Пайғамбар, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай деген: «Жүрегінде зәренің (атомның) мысқалындай тәкаппарлығы бар жан жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір кісі: «Алайда кейбір адам киімінің, аяқкиімінің әдемі болғанын қалайды ғой», – дегенде ол Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шындығында Алла көркем әрі көркемдікті жақсы көреді. Ал, тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау, адамдарды менсінбеу», – деді. Мүслім риуаят еткен.
Қасына біреудің отыруын қаламау және аурулармен бірге отырмау, үй тірлігін жасамау, үйіне қажет болған нәрселерді өзі сатып алып келмеу және бір киген киімін қайта киюді қаламау, бұлардың барлығы тәкаппарлықтың белгісі. Жұмыста жұмыс киімін кигісі келмеу де осыған жатады. Кедейлер шақырса бармай, байлар шақырса бару да тәкаппарлыққа жатады. Туыстарының және балаларының мұқтаж болған нәрселерін қамтамасыз етпеу және дұрыс сөзді қабыл етпей таласып-тартысу, кемшілігін, айыбын айтқандарға рахмет айтпау, адамдардың жанында болса рия болады. Жалғыз кезде де, адамдардың жанында да істесе, тәкаппарлық болады.
Ақиқатында әрбір мұсылманның ең басты ұстазы – Пайғамбар (с.а.с.). Қарапайымдылық пен көркем мінезде одан асқан жан болмаған. Ол тақыр жерге отыра салатын. Құлдармен, пақырлармен, кедей-кепшікпен тең дәрежеде әңгімелесетін. Үй жұмыстарында әйелдеріне көмектесетін. Сахабаларына да жәрдем беретін. Оның әзіз болмысы одан басқа да сансыз бекзаттық ерекшеліктерге, ізгі қасиеттерге толы болатын.
Сахабалар хазреті Пайғамбарға ﴾с.а.у.﴿: «Саған биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға насихат етіңіз» дегенде, Пайғамбар ﴾с.а.у.﴿: «Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін өкшемнің айналасында жиналатын түрде араларыңда болуымды жалғастырамын» деп, мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты», – деген.
Сүйікті Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ әрбір амалында өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмметтеріне қарапайым болуды әмір етті. «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді деді.
«Олар (сахабалар) үшін Алланың елшісінен (с.а.с.) сүйікті адам болмаса да, олар оны (с.а.с.) көргенде орындарынан тұрмайтын. Өйткені олар оның (с.а.с.) ондай құрметті ұнатпайтындығын білетін». Ахмет, Термези риуаят еткен.
Алланың елшісі (с.а.с.): «Мені насаралардың (христиандардың) Мариямұлы Исаны ұлықтағанындай ұлықтамаңдар. Шынында мен пендемін. Сондықтан да «Алланың құлы әрі елшісі» деңдер», – деп ескертетін. Бұхари риуаят еткен.
Қиямет күні Пайғамбардың (с.а.с.) шапағатына оның сүннетімен жүріп, тәкаппарлық сияқты күнәдан аулақ болған жан ғана лайық болады.
Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні маған ең сүйіктілерің әрі ең жақын отыратындарың – көркем мінез-құлықтыларың. Ал Қиямет күні мен үшін ең жамандарың және менен ең алыс отыратындарың – бәдіктерің (көпсөзділерің), дөрекі сөйлейтіндерің және астамшылдарың». Сахабалар: «Уа, Расулалла! Бәдіктер мен дөрекліерді білдік, ал астамшылдар кімдер?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Тәкаппарлар», – деген». Термези риуаят еткен
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мынадай үш топ адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп осы сөзді үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәрр: «Әй, Алланың елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын адамдар кімдер?» — деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Киімін көкіректеніп жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және затын өткізу үшін өтірік ант-су ішкен адам», — деп жауап берді.
Киімін көкіректеніп жерге сүйретіп жүретіндер — нағыз тәкаппарлар. Мұрнын көкке шүйіріп, ешкімді менсінбей, тең көрмейтіндер. Олар қайтіп сүйкімді болсын?! Пайғамбарымыздың хадисінде: «Жүрегінде тәкаппарлықтың тозаңы бар адам жаннатқа кірмейді», — дейді
Қарапайым өмір сүрудің өзіне тән тәттілігі бар. Соның дәмін сезген адамның шүкіршілігі де көбейеді. Шүкір ету — мұсылмандық міндетіміз. Олай болса әрдайым кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа қарай ұмтылғанымыз жөн.
Талдықорған қалалық
«Нұр» мешітінің бас имамы
Алмас Сағидоллаұлы