https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұсылмандық әдеп

10 Mar 2017 0 comment Оқылды: 2530 рет

 

«Әдеп» - қоғамдағы адамдар мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы. Әдеп - Моральдық категория, адамдар қарым - қатынасында ізгілік нормаларын мүлтіксіз орындауды білдіретін ұғым. Белгілі бір халықтың әдет-ғұрпында тұрақтанып қалыптасқан этикалық тәртіп, тәрбие, ізеттілік, сыпайылық, ибалылық. Қоғамдағы адамдар мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптарды білдіреді. Әдептің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтірумен байланысты.Конец формы

Әдеп – тәрбиелілік, көрегенділік, әдептілік деген мағыналарды білдіретін арабтың сөзі. Әдеп – діндегі асыл қағидалардың негізінде адам бойында пайда болатын ізгі қасиет, кеңірек түсіндіргенде, рухтың дінмен астаса отырып, берік болуы. Діндердің барлығы бірдей кісіге әдептілікті сіңіре қояды деу қиын, ал Ислам діні адамды шынайы әдептілікке баулиды.

Әдеп ихсан мәртебесіне жету дегенді де білдіреді. Яғни, әрбір іс‑әрекетіміз бен бізге жүктелген міндеттерді Жаратушы Ие көріп тұрғандай қапысыз түйсініп, қалтқысыз орындау. Жаратушыны көзбен көріп тұрғандай күйде болу. Әдептіліктегі ихсан түсінігі осы. Сонымен қатар, әдеп – парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бүкіл іс‑әрекетін үлгі етуді де қамтиды. Ежелден ата-бабаларымыз әдептілікке қатысты сөз маржандарын мирас етіп қалдырған:
«Әдептілік – кісінің киімі. 
Әдепсіз адам – жалаңаш жанмен тең!»

Яғни, тәрбие немесе әдептілікті, тәнді сырт көзден қорғайтын киімге теңесек, әдепсіз жан, киімнен жұрдай, өзі тырдай жалаңаш адам іспеттес болмақ.
Демек, пәле‑жаладан аман болғың келсе, ұдайы әдептен аттамауға тырыс.
«Әдепті жан ілімсіз болмайды. 
Қанша ілім қуса да, әдепсізден ғалым шықпайды».
Сонымен, әдептілік бар жерге ілім ұялайды. Жер бетіндегі барлық кітапты оқып тауысса да, әдептіліктен жұрдай жан ғалым болып жарытпайды. Жүніс Әмренің сөзіне жүгінсек:
«Ілім-білім дегенің,
Ол – өзіңді тануың! 
Сен өзіңді танымасаң,
Не пайда оқып, жарығым?!».
Егер адам өз-өзін танып, өзінің кім екендігін білмесе, онда оқып үйренген ілімінің айтарлықтай пайдасы болмайды.

Әдептіліктің сұлтаны – Аллаһ тағаланың елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) еді. Тәрбие тұрғысынан да, көркем сөз тұрғысынан да Пайғамбарымыз әдептіліктің ең озық үлгісін көрсетіп кеткен. Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулуллаһ! Сізді мұншалықты әдепке баулыған кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мені Раббым әдепті етті әрі мінсіз етіп тәрбиеледі!» – деп жауап береді. Бірде сахабалар Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы, Пайғамбарымыздың жан-жары, барша мүміндердің қияметке дейінгі анасы Айшадан (р.а.): «Аллаһ елшісінің ахлақы қандай еді?», – деп сұрайды. Сонда ол: «Сіздер Құран оқымаушы ма едіңіздер?», – дейді, әлгілер: «Әрине, оқимыз», – дегенде, Айша анамыз: «Оның мінезі – тұнып тұрған Құран болатын», – деп жауап берген еді.

Міне, қасиетті Құранның асыл құндылықтарымен тәрбиеленген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әрдайым адамдықтың асқар биігінде! Ендеше, шынайы әдептілікті үйренгісі келетіндер осыған назар аударсын, Пайғамбарымыздың әдебін ақиқаттың айнасына балап, соған сай бой түзесін.

Хақ тағала әз елшіні барша адамзатқа әдептіліктің үлгісі етіп жаратты. Бұлай болмаған жағдайда пайғамбарлық секілді ұлық міндетті алып жүру едәуір қиындық туғызар еді. Егер ол біз секілді қателіктерге бой алдыратын болса, зияны өзімен ғана шектелмей, ізінен ерген миллиондаған адамның тағдырына кері әсер етер еді. Сондықтан да Хақ тағала оны өзгеше тәрбиелеп, біздерге үлгі-өнеге еткен.

Иә, бүкіл саналы ғұмырын Хақ жолына арнаған ол қашанда ізгі істердің басы‑қасынан табылды. Әлі пайғамбарлық келмеген кез еді. Қағбаны қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан. Немере ағасы Аббас (р.а.) тас қажамас үшін үстіндегі ұзын киімінің бір етегін түріп иығына төсеген-ді. Аллаһ елшісінің де (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) иығы тас тасудан қанталап кетіп еді. Хазірет Аббас (р.а.) оған өзі секілді істеуге кеңес береді. Алайда, бұлай етсе киімінің етегі тізеден жоғары көтеріліп, балтыры көрініп қалатын болды. Сөйтсе де Аббастың (р.а.) кеңесіне құлақ асып, киімінің етегін енді көтере бергені сол еді, кенет көзіне періште шалынды. Ардақты Пайғамбарымыз қатты қорыққанынан жерге отыра кетті. Осы оқиғадан кейін әурет жерлерін ешқашан ашқан емес. Бұл – оның әуел бастан Жаратушының ерекше бақылауында болғандығының бірден‑бір дәлелі.

Бірде Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Өмірімде екі рет тойға баруға ниеттендім. Екеуінде де кенеттен ұйқы басып, көзім ілініп кетті. Екеуінде де оянған кезімде той тарқап кетіпті» – дегені бар.
Бұл жайттардың барлығы да пайғамбарлыққа дейін болған оқиғалар. Өмірінің барлық кезеңдерінде Хақ тағала оған зәредей де күнә жасатпады. Бұл Аллаһ елшісіне ғана тән бөлекше құбылыс еді. 

Әдеп  – әрбір адамға қажет қасиет әрі ол мәдениеттілік белгісі. Әдептілік жайлы  Пайғамбарымыз ()  хадистеріне тоқтасақ, мұсылман қауымын әдептілікке үндеген әрі үндеп қана қоймай, өзі осы мәселеде өнеге болған. Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) айтады:
«Алла Елшісі (
) ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсiздiк iстемейтiн әрі ол: «Сендердiң жақсыларың мiнез-құлқы көркем болғандарың»,-деп айтатын».


Әдепті болудың пайдасы


1. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.
Расулуллаһ (саляллоху алейхи уа саллям) былай:

«Көршімен жақсы қарым-қатынас жасасып, көркем мінезге ие болу елді-мекенді көркейтеді де ғұмыр-жасты ұзартады», -деген.( Кәнз әл-Ғуммәл 5408) 
2. Әдептілік – Қиямет күні таразының оң жағын салмақты етеді.
Нәби (
) айтады: «Қиямет күнi таразыға қойылатын нәрселердің iшiнде көркем мiнезден ауыр салмақ басатыны болмайды». (Тухфат әл-Ахуаз 2011)
3. Әдептілік – кәміл иманның белгісі.
Расулуллаһ (саляллоху алейхи уа саллям) айтады: 
«Расында, мүміндердің ішінде иманы ең кәмілі – меніз-құлқы жақсы әрі отбасына мейірім-ді болғаны», -дейді. (Сунан ат-Тирмизи 6212)
4. Әдептілік пендені Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне жетелейді.
Пайғамбарымыз(саляллоху алейхи уа саллям) айтады:
«Пенделердің ішінде Хақ Тағала үшін ең сүйіктісі – мінез-құлқы ең көркем болғаны». (Кәшф әл-Хафа 131.)

5.Әдептілік пендені жәннатқа жетелейді.

Пайғамбарымыз( ) айтады: «Мен, ақиқатта екендігіне сенiмдi бола тұра талас-тартыстан бас тартқан адамға жәннат-тың маңайынан, әзiлдеп болса да өтiрiк айтпаған адамға жұмақтың ортасынан және көркем мiнез-құлық иесiне жәннаттың ең төрінен үй нәсiп болатындығына кепілдік беремін». (Тәһзиб сунан Әбу Дәуд 4792.). Пайғамбарымыз (саляллоху алейхи уа саллям) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Аллаһумма ахсин хулуқи кәма ахсанта халқи» «Аллаһым, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет»,-деп үнемі Алла тағаладан жалбарына сұраған екен.

Талдықорған қаласы Еркін мешітінің

 бас имамы Медетбеков Аман

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз